Ел бірлігі үшін жасалар жаңа қадам

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну жөніндегі  бұл жолғы шешімі де елдің бірлігін, елдің бүгіні мен келешегін, қазақ елінің Мәңгілік ел болуын тереңінен ойлағандығы деп таныдық.

 

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты

 

Жаратылысымыздан жылқы мінезді халықпыз ғой! Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тәуелсіздік ала салысымен қуанғандығымыз да бар шығар, жер тарпып, тізгінімізді босатып, еркін бір көсіле шапқымыз келіп,  ауыздығымызбен алысқан кезеңдерімізді де ұмыта қойған жоқпыз. Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағының уысынан босағаннан кейін империялық саясаттан көрген қорлығымызды, коммунистік жүйенің ұлттық сана мен ұлттық болмысты, ұлттық тарихты ескермеген өктемдігі жайлы өкпемізді айтып, шулағанымыз, тіпті, ғасырлар бойы қордаланып қалған халқымыздың жоқ-жітігінің орнын бір күнде, болмаса бір жылда толтыратындай өрекпіген кездеріміз де болмай қалған жоқ. Мұны да халқымыздың тәуелсіздікті шынайы ниеттерімен қабылдап, сол тәуелсіздікке аңсап, сағынып, тіпті, зарығып жеткен көңілдің күйі деп те бағалармыз бәлкім.
Сол кезде өздерін басып жаншыған империялық саясатқа бірден төтеп береміз, бірден тосқауыл қоямыз, тіпті, жіберген есеміз бен кегімізді де қайтарып аламыз деген оймен әлдебір ұстамсыз қызбалыққа салынған респуб-ликалар да болды. Кавказдағы Грузия мен Әзірбайжан, одан қалды Прибалтика мемлекеттерінде болған оқиғаларды еске алсаң, жан түршігеді. Алаңдар мен көшеге шыққандарды қарулы әскер аяусыз жазалады, оқ атты. Сол қызбалықтың салдары бұған дейін бір елде, тіпті бір көшенің бойында ғұмыр бойы тату-тәтті өмір сүріп, бірге тұрып келген түрлі ұлттардың өзара жанжалдарына әкеп соқты. Жазықсыз жандар қырылды, сау қалғандары босып кетті. Осы бір жағдай Таулы Қарабах мәселесіне ұласты. Енді бұл келіп әлі күнге дейін Қап тауындағы екі мемлекеттің арасындағы бітіспестей жараға айналып, анда-санда болса да зеңбіректің дүмпуіне ұласып тұратыны да бар.
Кешегі «мызғымас одақтың бір туған» дейтін мемлекеттерінде болып жатқан алаңдар мен көшелердегі қақтығыстар мен дау-жанжалдар біздің де қанымызды қыздырғаны болды. Ананы-мынаны айтып та, жазып та халықты желпіндірген «шешендер» мен «көсемдердің» де қарасыны күн сайын көбейіп бара жатты. Түрлі қозғалыстар мен түрлі партиялар да қаптады. Әрине, бәрінің де айтары қазақ елінің жағдайы, қайтсек бодандықтан тез құтыламыз, қайтсек арманы жоқ, мұңы жоқ ел боламыз дегенге саяды. Бәлкім мұның да оқастығы жоқ болар?! Бәрі де қазақ елі жағдайының болашағын ойлады ғой әйтеуір.
Алайда, қазақ елі тәуелсіздігінің бүгінгі ширек ғасырлық тарихының  әр кезеңін тереңінен талдай сөйлеп  және де соларды жүйелеп айтсақ, біздің де арандалып қалар тұсымыз аз болған жоқ. Міне, сол аптығып, булыққан халықтың ашуын сабасына түсіріп, сабырға шақырған бір адам болды. Ол – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді!
– Бізге уақыт керек ағайындар! Асықпайық, аптықпайық, бәрі де өзінің жөнімен болады. «Сабыр түбі сары алтын» деген, сабыр сақтайық! Екі тізгін, бір шылбырды маған сеніп тапсырған екенсіздер, сеніңіздер маған! Мен үшін өз халқымды бақытты етуден басқа арман да, мүдде де жоқ, мен өз басымды бәйгеге тіккен адаммын!, – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кезде осы айтқан аталы сөзі аптыққандарды басып, желіккендерді жөнге келтіргендей болған-ды.    
Зерек көңілді Нұрсұлтан Назарбаев әлі де болса тәуелсіз мемлекет құруды жариялағаннан басқа еш нәрсе тындыруды қолға да алмай жатқан тұста ел бірлігінің іргесін шайқайтын жағдайлардың бізде де бастан артылар тұстарын бірден аңдады да, қаншама қарсылықтар мен пікірлер мен көзқарастардың алуандығына қарамастан күшті Президенттік басқару жүйесін орнықтырып, сол билікті өз қолына алды. Өйткені, сол тоқсаныншы жылдары қазынасында көк тиыны жоқ еліміздегі барлық дүкен сөрелері қаңырап бос қалып, завод-фабрикалар жабылып, жаппай жұмыссыздық жайлағандығын, ауыл шаруашылығының құрдымға кетіп бара жатқанын,  тиісті еңбекақылары мен жәрдемақы, зейнетақыларын айлап емес, жылдап ала алмағанымызды, «бұлар енді өз беттерімен ел болып, бізсіз күндерін көре алмайды» деген іштегі бір пиғылдарымен қолына түскенін қолтығына қыстырып ата жұрттарына қопарыла көше бастағандарды көріп, өзіміздің де «не ел болармыз, не күл болармыз» деген пәс болған сол кездегі көңіл-күйімізді, сол кездегі Қазақстанның жағдайын бүгінгі күні ойласаң жаның түршігеді, тұла бойыңның мұздап сала беретіні бар. Өйткені, бұл жағдайлардың бәрі де Қазақстанның да ауласына өрт салудың қызып тұрған таптырмас оттығы болатын.
Ұлы уақыт Елбасының көрегендігі мен Елбасының осы тұстағы «әуелі экономика, сонан соң саясат» деген ұстанымының да терең маңызына және осы бір қағиданың дұрыс байлам болғандығына көз жеткізді.

Сол тәуелсіздікті алғашқы күнінен бас-тап, елдің бірлігі мен Қазақстанды «тағдыр жазды, мен көндім» деген жансақтау үшін зорлықпен қоныстанған түрлі ұлыстардың өкілдерінің арасындағы ынтымақты ұстап тұру Тәуелсіздік саясатының ең бастысы да, ең маңыздысы да екендігін Елбасы бірден ұғынған болатын. Егер де сол кездегі «бас басына би болған» (Абай) көптеген партиялар мен олардың жетекшілері мен топтарының айтқанына көніп, болмаса дегендерін істейтін болғанымызда бүгінгі тәуелсіздігіміз, бүгінгі жетістігіміз, бүгінгі тіршілігіміз, бүгінгі бейбіт күніміз бен бақуатты күйіміз, бүгінгі әлем алдындағы абыройымыз бен бүгінгі салтанатымыз көзімізден бұл-бұл ұшатын еді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылдың 25-ші қаңтар күнгі «Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі» арнайы Үндеуінде  «Алдағы реформа біздің дамуымыздың қисыны мен тұтастай қазіргі заманғы даму қисынына арқа сүйейді. Негізгі мәні – Президент өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке береді. Күшті президенттік вертикаль бізге мемлекет қалыптастырудағы орасан қиындықтарды еңсеру барысында қажет болды. Бұл уақытында өзін ақтады», – деген сөзін алға тарта отырып, Елбасы 1991-ші жылдың  16-шы желтоқсаны күні тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін, келесі күннің ертесінде барлық Үкімет мүшелерін жинап алып: «Кәне, қайсың мемлекет құрып  көріп едіңдер? Мен де мемлекет құрып көрген жоқпын! Мемлекетті енді құрамыз»,– деп көңіліндегі алаң жайларды да, жан толғанысын да сездіргісі келмей айтқан осы бір ауыз тарихи сөзі ел ішінде әлі де айтыларының ойға оралатыны бар.
Ұлы уақыт сол мемлекетті құру үшін Қазақстандағы Президенттік биліктің дер уағында орнықтырылғандығын және де халқымыздың Нұрсұлтан Назарбаевқа ел билігін сеніп тапсырғанын, ол ұстанымдарын 1995-ші жылы 30-шы тамыз күні Конституциямызға енгізілген  толықтырулар мен өзгерістер арқылы жалпыхалықтық референдум арқылы бірауыздан бекітіп беруі елдің де, Елбасының да көрегенділігін айғақтайтын дара да дана шешім болатын. Президенттік бақсару билігін өз қолында ұстаған Президентіміздің әр қадамы, әр Жарлығы, әр айтқаны мен әр сөзі өзінің туған елі мен туған халқының арман мүддесінен, жалпы қазақстандықтардың мақсаттарынан туындап жатты.
Елбасы өз елінің көкейіндегісін жазбай тани білді, танып та келе жатыр әрдайым! Елбасы халқын адастырған жоқ, керісінше халқын да, елін де әлем алдында асқақтатты, әлем алдындағы айбынымызды асырды, бәрімізді тәрбиелеп, өсірді, өндірді, қамқорлығын әлі де аяп қалып жатқан жоқ. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев XXI-ші ғасырдың жаңа әлеміне жаңа көзқарас, тың ойлар мен тың бастамалар ала келді. Әлем дүниенің жаңа мыңжылдығының жаңа тарихында дөңгеленген Жер шарын және оның үстінде өмір сүріп отырған барша Адамзаттың өзін де, оның бүгінгі тіршілігі мен сан ғасырлық өркениетін де сақтап қалудың және сол үшін ядролық қарусыз әлем құрудың амалын айтып, жобасын сызып, жолын көрсетіп беріп, соған бастамашыл болып отырған жалғыз-ақ Президентті біледі! Ол – Нұрсұлтан
Назарбаев!  
Және де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұтаса біткен әлемнің бір-біріне сеніммен қарау көзқарасын ала келген, дүние мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастың ендігі арқауы өзара сенім мен өзара құрметтеушілік қана бола алады деген және соған үлгі тұтарлықтай тың да батыл қадам жасай білген әлемдегі бірден-бір Президент, бірден-бір саясаткер бола білді! Назарбаевтың тікелей батыл шешім қабылдай отырып,  Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы және Семей атом полигонын Семей полигонын жабудағы тарихи шешімі және де Адамзаттың осы заманғы басты қатерлері – лаңкестік, жаппай қырып-жою қаруының таралуына, трансшекаралық қылмыстың өсуіне,  адам баласының рухани жан дүниесіне де зардапты қатер төндірер адамзаттың мың жылдықтар бойы қалыптасқан рухани дәстүрлерден қол үзушілігіне жол бермеу, әлемдік дәстүрлі діндерді құрметтеу мен сақтау жолындағы адами қадамдары дүниенің бүгінгі тарихына алтын әріптермен жазылған және өзінің мәнін мәңгі жоймайтын парасаттылық деп танимыз. Президентіміздің әлемдік дау мен жанжалдарды, қарулы қақтығыстарды бітімгершілік, арағайыншылықпен шешу жолындағы  саяси  ерік-жігері мен айқын ұстанымы да қаны қызып тұрған дүниенің ыстығын басып, жарастырудың жаңа бір тынысын ашты. Күні кешегі Сирия мәселелеріне арналған екі күндік жер жаһанның назарын аударған «Астана процесі» осының айғағы!
 Әңгімеміздің осы тұсында: «Туа бітті киелі бір қасиетімен қазақ топырағында дүниеге келіп және де өз дәуірі өзіне лайықтап туғызған Адамзаттың ерекше, бөлек жаратылысының бір перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер көкірегіне жаратқанның өзі түсірген әуелгі әрі алғашқы нұрымен де, сәулесімен де оның бойына қазыналы ақыл, түпсіз терең ой, сарқылмайтын сабыр, тозбайтын төзім, жүйрік қиял, ешнәрсемен пар келмес парасат, қайырымы мол көңіл, кең жүрек, шешіле сөйлер шешен тіл мен ән төгер көмей, көз жетіп көре де алмайтынды да, құлақ түріп ести де алмасты да тап басып тани алар сезім құйып берген еді.  Сол қасиетті де киелі жаратылыс өзінің киелі ұлын мың пәледен қорғай жүрсін, әрі айбыны, әрі пірі болсын деп қызыл жолбарысты иығына бірге қондырған-ды», – деп Елбасының асыл қасиеттерін танымақтағы осы бір ауыз пікірді 2012-ші жылы жарық көрген «Әлемді жүрегіне сыйғызған» деректі хикаятымнан алып, бүгінгі күннің үндес оқиғасымен орайластыра сөйлеуді де жөн санадық.
Өйткені, өзінің Президенттік билігін ұлтаралық қарама-қайшылықтар мен түрлі көзқарастарды ортақ бір мүддеге – татулық пен бірлік мүддесіне тоғыстыра білген Назарбаев саясатын бұл күндері әлем мо-йындап отырса, мұны да қазақ елінің басына қонған бақтың бірі деп ұғынғанымыз абзал.
Елбасы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесіне арнап өткізген жұмыс тобының бір отырысында: – Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тұрақтылықтың арқасында орнықты дамуға жол ашылды. Елімізді осы бағытынан ажыратпай, ілгері бастыра беру үшін бес институттық реформа арқылы елді демократияландыру қажет, – деп осы  ойын ортаға сала отырып,  Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізудің батыл әрі қажетті ұсыныстары жасалды. Әсіресе, Үкімет пен Парламенттің мемлекетті басқарудағы рөлі мен жауапкершілігін күшейтуге үлкен мән беріліп отыр. Конституциялық өзгерістерде Парламент Палаталарының Үкімет мүшелерінің қызметін бақылау өкілеттігін күшейту арқылы  және де Үкіметтің Палаталар алдында жауапты болады деп белгіленуі де  еліміздің әлеуметтік-экономикалық, өзге де бағдарламалардың орындалу барысын қадағалап, істі тиянақтап отыруға да негіз болары сөзсіз. Сондай-ақ, өзгерістердің бір парасы сот жүйесі мен прокуратураның  конституциялық негіздерін нақтылауды қамтитын болады. Бұл адам құқын қорғаудағы және заңдылықты қамтамасыз етудегі жаңа бір демократиялық қадам ретінде қарастырылып отыр.
Қандай жағдай болмасын Елбасына сенген және әлі де сеніп келе жатқан қазақстандық қоғам Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы Үндеуін де, бұл жолғы айтқандарын да зор қанағат сезіммен қабылдады. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық кезеңінде халқымыз Елбасының үлгі өнегесімен саясатта сабырлы болуды үйренді. Елбасының ұстанымы негізінде елдің бірлігі мен ынтымағын бәрінен де жоғары қоюдың қаншалықты бағалы да құнды екендігіне көзіміз айқын жетіп отыр. Ендігі арада қоғамда жүргізілетін кез-келген реформа, кез-келген өзгерістер болсын, солардың бәрі де елдің бірлігі мен ынтымағын ұйыстыруды одан әрі тереңдетуді көздегенде ғана табысты боларына ешбір күмән-күдік болмауы керек. Бұған Елбасының өмірлік ұстанымы, жүргізіп келе жатқан саясаты мен реформалары айқын дәлел бола алады.
Бұл сөзіміздің бір желісін бұрындары айтылған мына бір пікіріміздегі: «Елдің тыныштығы тәуелсіздігіміздің тұрақтылығының кепілі. Ел тыныштығы ең әуелі біздің өзіміздің алаңдамай өмір сүріп, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыру арқылы мына дүбірлі дүние дүрмегінің шаңын қауып қалмас үшін керек. Ел болып қалу үшін, егемендікті ұстап тұру үшін керек! Бізге керегі де сол – ел мен егемендік! Қалғанының бәрі де өткінші! Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді! Біз тәуелсіз ел болғанымызды айдай әлемге батыл жариялағаннан кейін, енді айдай әлемге батыл үн қатып, батыл қадам да жасауымыз керек еді. Соны жасай білдік! Соны жасата білді Елбасымыз!» – деген осы бір ойымызды қайра бір жаңғырта отырып,  конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну жөніндегі Елбасының бұл жолғы шешімі де елдің бірлігін, елдің бүгіні мен келешегін, қазақ елінің Мәңгілік ел болуын тереңінен ойлағандығы деп таныдық. Сол үшін де Елбасыға ризамыз!

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар