Ел игілігі еңбекпен келеді

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, бірқатар әлеуметтік  және өндірістік ұйымдардың жұмысымен танысты.

  Өңір басшысы алдымен жауапкершілігі шектеулі «Есіл-Агро» серіктестігінің егіс алқаптарын аралап көріп, топырақтың ылғалдылығы мен егіннің шығымдылығына назар аударды. Серіктестік ағымдағы жылы  16224 гектар жерге бидай, 4339 гектар алқапқа арпа сеуіпті. Өткен жылы гектар берекесі 16,3 центнерден айналған. Кәсіпорынның басшысы Сансызбай Хамзиннің айтуынша, шаруашылық егін егу мен оруға дейінгі аралықтағы іске қажетті арнайы техникамен толық  жарақталған. Шөп науқаны ойдағыдай аяқталып, егін орағына қажетті техникалар жөндеуден өткізілуде. Жоспар бойынша егінді жинау тамыздың 20-25-і кезінде басталады. Ауа райының қолайлығы егіннің он күнге ерте пісуіне септігін тигізген. Осы ретте, диқандар биыл мол өнім алатынына сенімді. Облыс әкімі өз сөзінде егіннің шығымдылығын атап өтіп, қамбаға жақсы өнімнің түсетініне үлкен үміт артты.
Осыдан кейін Сергей Кулагин  Зеленый Бор елді мекеніндегі №2 жылу қазандығында болды. Бүгінде мұнда бір жылу қазандығы орнатылуда. Жалпы алғанда жылу жүйесінің ұзындығы 13,8 шақырымды құрайды. Әрі ол 49,4 мың шаршы метр аумақты жылытып, 933 тұтынушыға қызмет көрсетіледі. Сергей Кулагин жол-жөнекей «Жұлдыз» санаторлық типтегі облыстық орта мектеп-интернатына кіріп,  жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда жылу жүйесі тартылып, шатыры жөнделген. Енді спортзалдарды жөндеу көзделуде. Өңір басшысы алдағы жылдары бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлінетінін айтты.
Ал, аудан орталығындағы, іргесі  1998 жылы қаланған Экология және орман шаруашылығы колледжі студенттерді екі тілде оқытады. Жобалық қуаты 600 орын болса-дағы, мұнда жеті жүзден астам бала білім алуда. Оларға қажетті жатақхана, екі спортзал, көлік жүргізуді үйренетін алаң  да бар. Ағымдағы жылы 121 түлек оқуын тәмамдаса, оның тоқсан пайызға жуығы тұрақты жұмыс орнымен қамтылыпты. Оқу ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық бюджеттен 44,5 миллион теңге бөлініп, қаржы терезе мен есіктерді ауыстыру, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізу мен шатырды жөндеуге бағытталуда. Бүгінгі таңда қаржының  сексен үш пайызы игерілген. Жұмысты мердігер, жауапкершілігі шектеулі «СК Алатауинжстрой» серіктестігі қолға алып, жөндеу шараларының бір бөлігін аяқтапты. Алайда, ғимараттың ішін аралаған облыс əкімі ішкі жөндеу жұмыстарының жүргізілмегенін сынады. Ол қаржыны ұтымды пайдаланып, қол қусырып отырмай, ілкімді жұмыстарды атқару қажеттігіне тоқталды. Əрі колледж ұжымымен кездесіп, колледждің жылу қазандығының жұмысын бақылады. Бұл нысан тек оқу орнын ғана емес, жеке үйлерді де жылытуға қауқары бар.
Аудан тұрғындарының бір қуанышы Магнитный және Школьный көшелерінде салынып жатқан 75 пәтерлі тұрғын үй. Бас мердігер жауапкершілігі шектеулі «Номад Строй ЭК» серіктестігімен 794 миллион 176 мың теңге сомасына келісім-шартқа қол қойыпты. Құрылыс алаңында елу бес адам жұмыс істейді. Тұрғын үйдің біреуі  жас отбасыларға арналса, екіншісі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ипотекалық несие алу негізінде беріледі. Қазіргі уақытта су және электр желісі жүз пайыз тартылған. Алайда, серіктестіктің басшысы Махаббат Әділованың сөзіне жүгінсек, қосалқы мердігерге қарыздың болу себебінен жарық беруді үйлестіретін арнайы құрылғылары жоқ болып шықты. Қырық екі пәтердің іші сыланып, едені төселген. Сонымен бірге, жертөле құмға толтырылып, баспалдақтары орнатылыпты. Ипотекалық несие алу негізінде берілетін тұрғын үйде ішкі қабырғалары қаланып жатыр. Ғимарат ағымдағы жылдың мамыр айында тапсырылуы тиіс болатын. Мердігерлердің салғырттығынан тұрғын үйдің берілу мерзімі қараша айына шегерілді. Облыс əкімі баспана дер кезінде қолданылуға берілмесе, шара қолданатынын қадап айтты. Аталмыш тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ететін №18 жылу қазандығына 293 тұтынушы қосылған. Оның қуаттылығын арттыру мақсатында тағы да екі қазандық қойылуда.
Аудан орталығындағы «Агроремарш» мәдениет үйі  1998 жылдан бастап қаңырап, бос тұр. Ғимараты жартылай қиратылған. Нысанның әбден тозығы жеткені сонша, тек қабырғалары мен шатыры ғана қалыпты. Сол себепті, өнерлі жастардың өрісін кеңейтуге түрткі болар ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Мұнда үйірмелерге арналған бөлмелер, концерттік залдар қарастырылған.
– Бөлмелердің кеңдігін олардың қажеттілігіне қарай қайта есептеу қажет. Сондықтан, жобалық-сметалық құжаттаманы тағы да мұқият ойластырып, ертеңгі күні келеңсіздіктердің орын алмауы үшін тындырымды жұмыс істейік, – деді облыс əкімі Сергей Кулагин.

 

Ырысгүл АШУОВА

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар