Ел мұратын көздеген шешім

Болат ЖАНӘДІЛОВ, Көкшетау қаласының құрметті азаматы:
– Еліміздің саяси өміріне үлкен өзгеріс, оң сипаттағы жаңғыру енгізілгелі отыр. Таяуда ғана Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелерін қамтыған Үндеуі жарияланды. Шынын айту керек, біз бұл Үндеуді мұқият зерделеп, ой елегінен өткіздік. Ой елегі ғана емес, жүрек тебіренісі, келешек күндерге деген жауапкершіліктің биік жотасынан бағамдау деп айтсақ та болар.
Иә, заман дидары өзгеруге тиіс. Сонымен бірге, мемлекеттік басқару жүйесін де түбегейлі жаңғыртатын кездің келгені деп түйсінуге тиіспіз. Мұның өзі ең алдымен жалпақ жұрттың мүддесі, зымыран заманның айқын талабы, сонымен бірге, айналып келгенде келер ұрпақтың келешегін ойлау деп айтуға әбден болады. Меніңше осы реформа аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі барынша күшейеді. Тиісінше Министрлер кабинеті өз жауапкершілігін арттыра түседі. Қарапайым тілмен айтқанда биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. Осы екі бағыттың да жауапкершілігі мен кәсібилігін арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігі нығаяды.
Әр мәселені бүге-шігесіне дейін жіті ойлап барып, нық шешім қабылдайтын Елбасымыз дұрыс шешім қабылдап отыр деп есептеймін.
Бүгін әлем ұлы өзгерістер үдерісінде. Сондықтан да жаңаша шешім, соны жүйе қажет-ақ. Мемлекет басшысы ендігі арада сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғанысын нығайтуға күш-жігерін жұмылдырады. Осы орайда, Үкімет пен Парламенттің рөлі нығая түседі.
Халық қалаулылары өздеріне жүктеліп отырған жауапкершілікті айқын сезініп, ел ішінде көбірек болса екен деген бір пікірімді де айта кеткім келеді. Елдегі нақты жағдайды көзбен көріп шешім қабылдаған әлдеқайда тиімді әрі ақиқатқа біртабан жақын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар