Ел мерейін өсірген азамат ұмтылысы

Заман ағымына бейімделген, кәсібін сәтімен өрістеткен  талапты да іскер жігіт ағасымен Новомарковка ауылында таныстық. Қарапайым, елгезек азамат бірден әңгімеге араласты. Кейіпкеріміз Төлеухан Ромбай 2007 жылы бір кезде төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз атамекенге ат басын бұрған кезде ұлы көшке ілесіп, Моңғолиядан отбасымен қоныс аударыпты.

 

Бастапқыда көзі үйреніп, қолы қаныққан ата кәсіпке ден қоя жүріп, мал шаруашылығына ықылас танытқан. Ауылда алғашқы қасапханасын, шағын жылқы фермасын ашқан соң, қымыз баптауды да қолға алды. Бұл іске зайыбы Мақтагүл Жапар, сауыншылар Алмагүл Қуанған, Қуаныш Айдынбек қызығушылықпен үн қосты. Содан бері бес жыл өтті. Күбілерге құйылған саумал сүттен өз бабымен қымыз ашытылады. Қымыз бабын жақсы білетін олар қасиетті тағамды бірлесіп әзірлейді. Да-йын өнімді отағасы Астанаға жеткізеді. Елордадағы қоғамдық тамақтандыру орындары аптаның белгілі күндерінде көтерме бағамен Төлеуханның қымызын сатып алып отырады. Оның үстіне сәтіне орай жергілікті тұрғындардан да тапсырыс түсіп жатады.
Бұл орайдағы жұмысы оңға басып тұрғанымен, кәсіпкер өзге салада да қарымын сынап көруді көптеп ойлас-тырып жүрген. Өйткені, бизнес әлемі бір кәсіппен шектелмейтіні, қосымша табыс көзін іздеуге тура келетіндігі әмбеге аян. Жаңа өріс іздеген кәсіпкер ауылда жекеменшік тойхана салуды жөн көрді. Олай болатындығы, ел іші болған соң той-томалағы, отбасылық қызық-қуанышы, айтып келмейтін қазасы алма-кезек астасып жататындығы  белгілі. Ауыл ішіндегі ыңғайлы бос жерді тиісті органдар арқылы заңдастырып, құжаттарын ресімдеп алды. 2016 жылы ақсақалдардың батасын алып іске кірісті. Ауылдастар құрылыс ісіне қолғабысын тигізсе, ішкі бөлмелерді әрлеуге, заманауи дизайн үлгісінде көркемдеуге шеберлер көмек көрсетті.
Көркі көз тартарлық ғимарат бізді де қызықтырды. Аралап көрдік. Ішкі жұмыс ыңғайымен таныстық. Халыққа қызмет көрсету сапасы айта қаларлықтай. Екі қолға бір күрек тауып, жаңа жұмыс орны ашылғанына жұмысшылары дән разы. Атқарған шаруасына орай еңбекақылары да уақытылы төленіп тұрады екен.  
Кәсіпкердің таудай талабына, ауылдық жерде ынтымақ-бірлікпен ауқымды да игілікті іс тындырып жатқанына іштей сүйсіндік. Көзбен көріп, көкейге түйгеніміз көп болды. Әншейінде шалғайдағы шағын ауылдарда шаруаның ыңғайын табу қиын дегенімізбен, талаптанса, талпынса табыстың оралатынына кәміл сендік. Осындай азаматтар барда ел мерейі өсе түспек. Соған сүйсіндік. Біздегі тілек те ауылдың ажарын кіргізетін азаматтардың амандығы.   

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар