Ел жадынан өшпейтін тұлға

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым-ұстаз Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяевтің туғанына 80 жыл толуына арналған еске алу кеші болып өтті.

Айтулы шараға Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері, Ж.Мусин атындағы қазақ жоғары педагогикалық колледжінің студенттері және ғалымның жұбайы Майра Биданқызы, балалары қатысты.
Кештің модераторы қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиев алдымен, осы шараның өтуіне үлес қосқан «Алтын арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы туралы мәлімет берді. Орталық өткен жылы танымдық тұрғыда тәлімі мол жеті шара өткізген болса, биылғы кезекті шараны «Ұлы есімдер – ұрпақ жадында» сериясымен О.Сұлтаньяевқа арнады. Оның барысында «Киелі тілдің білгірі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Ғалым, педагог, тұлға» деген тақырыппен Оғаз Арыстанғалиұлына арналған электрондық басылымның тұсауы кесілді.
О.Сұлтаньяев Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде 1962 жылдан қызмет істеген. 1969 жылы Ресейдің Томск мемлекеттік университетінде «Көкшетау облысының топонимикасы» тақырыбында кандидаттық, ал, 1994 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде «Шоқан Уәлиханов шығармаларының орыс және қазақ лексикасы мен фразеологиясы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған.
Профессор Сұлтаньяевтың монографияларын Қазақстанның ғалымдары мен мұғалімдері әлі күнге дейін күнделікті жұмыстарында пайдаланады. Онда отандық ономастика, екі тілдік мәселелер, қазақ және орыс тілдерін оқыту әдістемесі және сөйлеу мәдениеті кеңінен қамтылған. Әсіресе, Оғаз Арыстанғалиұлының ғылыми-зерттеу жұмыстарында қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф Ш.Уәлихановтың мұрасы ерекше орын алған.
Шарада сөз алған педагогика ғылымдарының докторы Тұрсынбек Мәліков: «Мені ғылым жолына жетелеген Оғаз аға. Мен оған шексіз ризамын. Ол адамгершілік қасиеттері мол, екі тілді терең меңгерген аудармашы, жер-су аттарын жаңғыртуға сүбелі үлес қосқан айтулы филолог» десе, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Ыдырысұлы: «1978 жылдан жақын танысып, филология кафедрасына келдім, Оғаз ағаның арқасында 1982 жылы қазақ кафедрасы ашылды. Оның мейірімге толы жүзі, толқынды шашы, сөйлегенде жаныңды рахатқа бөлейтін жүрекжарды сөздері бәрі-бәрі күні бүгінгідей есімде жатталып қалған. Ол кісі менен бес жас үлкен болса да құрдасындай сыйласатын, ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы айналасына нұрын шашқандай әсер ететін. Мәселен, жер-су аттарын қазақшалауда, ол атаулардың мәнін ашуда көп еңбек сіңіргені баршаға аян», деп тебіренді.
– Бүгінгі Оғаз ағаға жасалған құрмет жан жары Майра Биданқызы, Сізге де жасалған құрмет деп түсінемін. Менің ол кісімен таныстығым 1962 жылдан басталды. Әскерден кейін институтқа түстім. Оғаз Арыстанғалиұлы 1966 жылдан бастап ғылыми жұмыспен айналысты. «Көкшетауын аспандатқан Оғаз болса, Оғазды тұлға еткен де Көкшетау!», – деді үзеңгілес жолдасы Сайлаубай Ыбыраев.
Одан әрі кеште жыршы-сазгер Иран Тасқара, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ғалымның шәкірті Бақыт Смағұл, университеттің орыс филологиясы және кітапханалық жұмыс кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Фаткиева өз естеліктерімен бөліссе, Астанада тұратын ұлы Мәрлен Оғазұлы кешті ұйымдастырған кітапхана ұжымына ризашылығын білдіріп, өзі де 1969-1979 жылдары осы қаладағы №2 орта мектептен білім алып, осы кітапхананың тұрақты оқырманы болғанын сағынышпен еске алды.
Жалпы, Ақмола топырағы Оғаз Арыстанғалиұлы сынды айшықты тұлғаларға толы. Қаншама жас мамандар оның алдынан дәріс алды. Баспа жүзін көрген өзге ғылыми еңбектеріне қоса, 1998 жылы 2-сыныпқа, 1999 жылы 3-сыныпқа арналған мектеп оқулықтары өзінің туған жері Астрахан облысында жарық көріп, сондағы мектептерде әлі күнге дейін оқытылуда.
Кеш барысында барлық еңбектерін сырлы суреттерімен қоса, жолдастарының естеліктерін қамтыған электрондық басылым отбасына табыс етілді. Тағы бір айтарымыз, кештің ойдағыдай өтуіне кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімінің жетекшісі Махаббат Ивахинаның да қосқан үлесі мол екендігі сезіліп тұрды.
Иә, ұзақ жылдар ғылым мен білім жолында қажырлы еңбек етіп, қоғам өміріне етене араласқан Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяевтің қайраткерлік тұлғасы ұрпақтар жадында мәңгі сақталары хақ.

Асылай Қадырқызы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *