Елді мекендеріміз келбетті ме?

Облыстық мемлекеттік сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Владимир Фелбелт өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, Ақмола облысын дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың барысы туралы баяндап берді.

Брифинг барысында басқарма басшысы өңірдегі қала құрылысы жағдайын сипаттады, сонымен қатар, облысымыздың сәулет және қала құрылысы органдары тарапынан көрсетiлетiн мемлекеттiк қызмет туралы баяндап бердi. Владимир Фелбелттің сөзінше, осы күні облыста 622 елді мекен бар болса, оның 473-і немесе 76 пайызы бас жоспармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 17 аудан орталығы мен аудандық маңыздағы 8 шағын қаланың жаңа бас жоспары жасалған.
– Елді мекендер сәулетімен келбетті болуы тиіс. Сондықтан, бүгінгі таңда басқарма тарапынан облыстағы елді мекендердің бас жоспарын жасау, қолданыстағыларына өзгертулер мен түзетулер енгізу тәрізді жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда, Астана, Көкшетау және Степногорск қалалары төңірегіндегі, Щучинск-Бурабай курортты аймағындағы елді мекендерге зор көңіл бөлінуде. Осы күні Астананың маңындағы 80 елді мекеннің 62-сінің бас жоспары жасалған. Оған қоса, Целиноград ауданындағы Новоишимка, Родина, Отаутүскен, Жалғызқұдық, Тасты, Красноярка, Оразақ, Приречный, Семеновка және Аршалы ауданындағы Анар елді мекендерін дамыту және қосымша құрылыс нысандарын салу үшін жұмыстар жүргізілуде. Елді мекендердің бас жоспарын бекіту, түзету шаралары өзге аудандарда да ойдағыдай қолға алынған, – деді Владимир Фелбелт.
Сонымен қатар, басқарма басшысы Көкшетау қаласы мен Щучинск-Бурабай курортты аймағындағы елді мекендерді дамыту бойынша алдағы жоспарлармен бөлісті. Мәселен, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы жалпы аумағы 216 мың шаршы метр немесе 1411 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 160 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама бойынша мердігерлерді тарту арқылы тұрғын үйлерді бірыңғай эскизді жоба бойынша салу қарастырылған. Ипотекалық несиелеу екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады.
1 шаршы метр тұрғын үй алаңының құны 120 мың теңге. Оған қоса, брифингте сәулет және қала құрылысы органдарымен көрсетілетін мемлекеттiк қызмет түрлері де сөз болды. Оның ішінде ел аумағында жылжымайтын мүліктің мекен-жайын анықтау бойынша 19 мыңнан астам анықтама беріліп, сәулет-жоспарлау бойынша 3 мыңға жуық, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды қалпына келтіру бойынша 1 мыңнан астам және эскиздік жобаны келісу бойынша 2 мыңнан астам қызмет түрлері көрсетілген.
Брифингте журналистер облыс орталығының келбетін жақсарту жөнінен атқарылатын жұмыстар, құрылыс саласында жүзеге асырылатын инновациялық жобалар туралы сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар