Электрондық қызмет – жылдам әрі жеңіл

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар мен алушылар үшін көрсететін қызметтерінің жартысынан астамын электрондық форматқа ауыстырды.

Қазір электрондық қызметтердің үлес салмағы қордың жалпы қызметтерінің 52 пайызын құрап отыр. Осылайша отандастарымыз өздеріне қажетті негізгі қызметтерді үйден шықпай алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл оларға уақытты үнемдеуге жол ашты. Ал, электрондық қызметтерді пайдалану бар болғаны бірер минутты ғана алады. Осы ретте қорда электрондық қызметтердің үлес салмағын 2021 жылға дейін 55 пайызға жеткізу жоспарланғанын айта кеткен жөн.
Еске сала кетсек, зейнетақы қоры салымшылар мен алушыларға ыңғайлы да сапалы және заманауи қызмет көрсету мақсатында 2017 жылдың маусым айында қордың enpf.kz сайты арқылы бірқатар маңызды электрондық қызметтерді іске қосқан еді. Содан бері 2018 жылдың 1 сәуіріне қарай бұл қызметтерді 20 мыңға жуық адам пайдаланып үлгерді.
Атап айтқанда, 2298 салымшы қор сайтының «Жеке кабинет» бөлімі арқылы (логин және құпия сөз (пароль) немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы беретін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен) онлайн тәртібінде жеке зейнетақы шотын ашса, 987 алушы (зейнет жасына толған азаматтар мен 1-ші және 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар) зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш берген. Ал, 11 754 адам жеке деректемелеріне өзгерістер енгізсе, 4155 салымшы зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет байланысы арқылы алуға ауыстырған.
Зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты жылына бір рет конверт арқылы алатындар саны біртіндеп азайып келеді. Оның орнына электрондық тәсілмен алатындар саны артуда. Өйткені, өте ыңғайлы: шотқа зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстың қалай түсіп жатқандығын қалаған уақытта, кез келген жерде қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Осылайша 2018 жылдың 1 қаңтарына қарай зейнетақы шотының жай-күйін электрондық жолмен біліп отыратындар саны 4 миллион 700 адамға жетті. Олардың ішінде шамамен 800 мың адамға шоттан үзінді-көшірме электрондық поштасына келсе, 3 миллион 900 мың адам ақпаратты қалта телефондарына жүктеген «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алады.
Логин мен құпия сөзді қолданар кезде логиннің орнына жеке куәліктегі жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) енгізіледі. Ал, құпия сөзді өзіңіз ойластырасыз. Сонымен қатар, отандастарымызға кез-келген уақытта қор сайтындағы «Жеке кабинет» арқылы зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді-көшірме мен зейнетақы шотының бар-жоғы туралы анықтама алу мүмкіндігі берілген.
Деректемелерге жеке басты куәландыратын құжаттың деректері (түрі, нөмірі, күні мен осы құжатты берген орган), пошталық немесе электрондық мекен-жай, телефон нөмірлері жатады.
Қор сайты арқылы өтініш жолдағандардың қалта телефондарына сол өтініштің орындалу барысы жөнінде СМС хабарлама жіберіліп тұрады.
2017 жылдың соңында қордың барлық 18 филиалында өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылды. Енді салымшылар мен алушылар осы заманауи технология арқылы зейнетақы шотын ашудан бастап, зейнетақы төлемдерін тағайындауға дейінгі барлық дерлік электрондық қызметтерді пайдаланып, қор маманына кезек күтіп отырмайды.
2018 жылдың 28 ақпанынан бастап, қор сайтында кезекті жаңа электрондық сервис іске қосылды. Ол: «ЖЗШ ашу жөніндегі өтінішті/зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жаңа редакцияда алу» (немесе «Көшірме нұсқалар») деп аталады. Бұл қызмет қазіргі кезде қор салымшылары арасында ерекше танымалдылыққа ие. Мысалы, 2016 және 2017 жылдары БЖЗҚ бөлімшелерінде келушілердің сұрауы бойынша оларға шарттардың 2,9 миллионнан астам көшірме нұсқасы берілді.
2018 жылдың алғашқы жартысында қор сайтында ЭЦҚ арқылы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы (өз пайдасына) шарт жасасу қызметін іске қосу көзделуде.
Әрине, зейнетақы қоры сайтты жаңарту және цифрлық қызметтерді дамытумен шектеліп қалмайды. Бүгінде ұялы байланыс операторларымен тығыз байланыс орнатылып жатыр. Ондағы мақсат – абоненттерге «ENPF» ұялы қосымшасын трафикті есепке алмай пайдалануға мүмкіндік беру. Қазірдің өзінде Tele2 және Altel бірлескен компаниясының абоненттері өздерінің шоттарында теңгерімнің бар-жоғына қарамастан қордың ұялы қосымшасын пайдалана алады. БЖЗҚ жақын болашақта басқа да операторлармен осындай келісім жасасуды көздеп отыр. Сонымен қатар, зейнетақы қоры тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, оның ішінде әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлініп жатқандығын айта кеткен жөн. Мысалы, 2017 жылы қордың «Мобильдік агент» жобасы аясында 2016 жылға қарағанда 6,5 есе көп операция орындалды. Яғни, қор мамандары өткен жылы тұтынушылардың үйлеріне барып қызмет көрсету бойынша 7,1 мың көшпелі шара өткізіп, 189,5 мың операция жасады. Салыстырып қарасақ, 2016 жылы 1,1 мың ғана көшпелі шара өткізіліп, 29 мың операция жүзеге асырылған.
БЖЗҚ салымшылары мен алушыларын зейнетақы шотындағы жинақтардың құнсызданып кетуі мазалайтыны сөзсіз. Бұл тұрғыда 2017 жыл табысты жыл болды. Салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 550,6 миллиард теңгені құрап, қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайызға жетті. Бұл кезеңде инфляция деңгейінің 7,1 пайыз болғанын еске саламыз.
2018 жылдың алғашқы үш айы ішінде таза инвестициялық табыс 66 миллиард теңгені құрады. қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2017 жылдың наурызы мен 2018 жылдың наурызы аралығында 7,99 пайызға жетті.
Ал, бұл кезеңде инфляция деңгейі 6,6 пайызға жетіп, табыс инфляция деңгейінен жоғары болды.
Сондай-ақ, қорда зейнетақы активтерінен алынатын комиссиялық сыйақының шамасы 2018 жылға айына 33 пайызға азайтылып, 0,015 пайызды құрады. Бұған дейін ол 0,0225 пайыз болатын.
Биыл наурыз айында TÜV Thüringen e.V (ТЮФ Тюринген, Германия) халықаралық компаниясының аудиторлары қордың Сапа Менеджменті Жүйесіне сертификациялық аудит жүргізді. Мақсат – оның халықаралық ISO 9001:2015 стандартына сәйкестігін растау. Сертификациялық аудит сәтті өтіп, қор ТЮФ Тюринген компаниясынан халықаралық сертификат алды. Бұл қор тарапынан көрсетілетін қызметтердің жоғары сапаға ие екендігін білдіреді.
2018 жылдың 8 сәуіріне қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8 триллион теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәуір айынан бері 1,1 триллион теңгеге көбейді. Яғни, бір жыл ішіндегі өсім – 16,6 пайызды құрады.
Ал, шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 2018 жылдың
1 сәуіріне қарай 10 миллионнан асты. Нақтысы:
10 114 904 шот. Бұл өткен жылдың сәйкес кезе-ңімен салыстырғанда 70 979 бірлікке артық. Яғни, өсім – 0,7 пайызды құрады.
Осылайша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатынасқан бүкіл кезеңі – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап, зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған онлайн тәртібінде қызмет көрсетуге дайын екенін дәлелдеді.

Айбота ЖАППАБЕРГЕН.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *