Елім деп соққан жүрекпен

Бүгінде сексеннің сеңгіріне қадам басқан ел ағасы Амангелді ақсақал өткен өмір жолдарын көңіл таразысымен безбендер болса, салмақты тұсы аз емес екен. Алдымен ойға оралатыны кіндік қаны тамған қасиетті өңір. 1936 жылдың қыркүйек айының 18-інде Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Сергеевка ауданындағы Шал ақын ауылында дүние есігін ашыпты.

 

Туған жер деген ғажап қой, шіркін. Есіліп аққан ерке Есіл табалдырықтан таяқ тастам жерден сыңғырлай күліп, сыбдырлай сыбырлап, мың сан майда толқындарымен көңіліңді қытықтап ағып өтіп жатар еді. Құтты адам ғұмыры тәрізді. Өзеннің Көктерекпен қапталдасатын иірім-қолаттарында ит тұмсығы өтпестей қалың тоғай. Көктемде ерке Есіл сәл-пәл мінез танытып, жағалаудан асып жайылар еді. Онда да көп емес, қой өрісіндей, әйтпесе, тай шаптырым. Қара қарғаның миы қайнайтын шіліңгір шілде айы жеткенде су тартылып, өзек қақалып өскен мың сан түрлі шөпке тұнып қалатын. Құтты қырмызы кілем тәрізді. Туған жердің осы бір көркем де келісті суреті Амангелді ақсақалдың көкірегіне көшіріліп, әлі күнге дейін қанық бояуы өшпей келе жатыр.
Ауыл іргесіндегі бұрынғы Тереңсай, кейін Ленин атындағы елді мекенде мектеп бітірген соң Петропавл қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын аяқтады. Міне, осы сәттен бастап еңбекке араласты. Әуелі еңбек жолын өз ауданындағы Мариевка авто тасымалдау мекемесінде бастады. Ол кезде қысы-жазы бұл мекеменің жұмысы қара қазанда қайнаған сорпадай бұрқ-сарқ етіп, екі иығынан демалып, ентелеп, екпіндей алға ұмтылып жататын. Алғашқы бетте-ақ жұмысқа деген ынтасы мол, ықыласы зор жас маман тындырымдылығымен көзге түсті. Сол кездегі талап па екен, жоқ әлде Алла тағаланың бойына дарытқан қасиеті ме, әйтеуір өз ісіне тындырымды болды. Бәлкім содан да шығар, 1959 жылы Николаевка авто тасымалдау мекемесіне бас есепшілік қызметке шақырылды. Ендігі арада ауыл шаруашылығы техникумының білімі аздық ететін болды. Алдағы қызмет баспалдақтарынан үмітті, болашақтан дәмесі зор жас маман Қорған қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының экономика және бухгалтер мамандықтары факультетін сырттай оқып, бітіріп алды. Міне, содан соң 1966 жылы Преснов аудандық автокөлік мекемесінің бас есепшісі болып ауысты. Осы жерде тура отыз жыл, жеті ай қызмет етті. Өткен өмірін ойша шолғанда, әңгімеге тиянақ, сөзге дерек ретінде шола айтқан шұғылалы жылдардың қасаңдау болары да анық. Бірақ, ол күндер еңбекпен өткен күндер еді.
1959 жылы шаңырақ көтерген. Жан жолдасы Ермек апай мамандығы бойынша экономист. Ұзақ жылдар автокөлік мекемесінің еңбекақы бөлімін басқарды. Ұл-қыздарын өсіріп, үлгілі отбасы атанды.
– Ол кезде көлік кәсіпорындарында жергілікті ұлт өкілдері некен-саяқ болатын,–дейді Амангелді Нұғыманов,–тіпті, саусақпен санарлық қана. Бірақ, ұлтқа бөліну болған емес. Біз адамдарды істеген еңбегіне, қоғамға сіңірген қызметіне қарай бағалаушы едік қой. Енді бір айта кететін дүние, еңбек адамын бағалау туралы. Аға буын өкілдері жақсы біледі. Ол кезде социалистік жарыс дейтұғын болатын. Әрбір жүргізушінің жүк тасымалдау көлемі белгіленіп, көтеріңкі міндеттеме алатын. Сосын кәсіпорын жүргізушілері бір-бірімен еңбек бәсекесіне түсіп, бәйгенің алдын бермеу үшін күндіз-түні дерлік жол үстінде болатын. Басшылық тарапынан уақытпен санаспай еңбек еткен қажырлы жүргізушілердің еңбектері лайықты бағаланып, жарыс қорытындысына орай мақтау мен марапатқа ие болып жататын. Олардың суреттері еңбек озаттары ретінде кәсіпорынның өзінде, ауданда, ретіне қарай облыс орталығындағы Құрмет тақталарында ілулі тұратын. Қазіргі күні осының бәрі ұмытылды. Жас толқынның жұмыстан қашқақтап тұратыны содан ба екен деп ойлаймын.
Амангелді ақсақалдың айтуына қарағанда, өзі де білек сыбана еңбек еткен кезінде құрметті аз көрмепті. Министрлік тарапынан ұйымдастырылатын социалистік жарыста бірінші, екінші орындарды алып жүрген. Ал, облыстағы басқарма бойынша ұдайы бірінші орында. Жоғарыда өзі айтқандай Құрмет тақтасынан суреті түспеген. Міне, өткеннен қалған бір белгі.
Ақсақалдың жан жары Ермек апамыз қазақы ұғыммен орай айтқанда, иманжүзді жан еді. Сан мәрте дәмін татып ек. Әрдайым адал жүріп, нық басқан Әбекең мен Ермек апамызды көкшетаулықтардың қалай құрметтейтіндігіне де куә болғанымыз бар. Тек Ермек апайдың өмірден ерте кетіп қалуы жалғыз Әбекеңді ғана емес, тілеулес тілекші қауым үшін орны толмас өкініш.
– Әбекең нағыз жібек мінезді адам,–дейді Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Көшімбаев, – елінен көшіп келгелі біздің ортамызда. Әрдайым жас толқынға ақылшы, өткен еңбегі қапысыз үлгі-өнеге. Атам қазақ, жібектей есілген жайдары жанды қыз мінезді деп жатады ғой. Ондағысы мінезінің сынықтығын, ешкімнің адал жібін аттамайтын адалдығын айтқаны болуы керек. Міне, осындай кісілік қалыпқа бұл кісінің бойындағы бар қасиеті сыйып тұр.
Жақсылар қапталдаса қатар жүрген, үзеңгі қағыстырған замандастары жайлы бір ауыз жылы лебізін арнап жатса ол да өзгеше бір әдемі дүние. Өйткені, өзі қадірлі кісі өзгенің қадірін біледі.

Байқад БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар