Еліміздегі ең іргелі ұйым

 

Осыдан отыз жыл бұрын, 1987 жылдың 21 наурызында, Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында мемлекет деңгейінде тарихи конференция  өткен еді. Ол конференцияда республикалық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымын құру туралы шешім қабылданған болатын. Міне, содан бергі өткен отыз жылдың ішінде республикалық ардагерлер ұйымы еліміздегі ең ірі қоғамдық бірлестікке айналды.

 

Отыз жыл бұрын құрылған ардагерлер ұйымының барлық тарихы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Осыдан бес жыл бұрын ардагерлер ұйымының 25 жылдығымен құттықтау хатында Мемлекет басшысы былай деген  еді: «…Ең алдымен барлық ардагерлерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Аға ұрпақтың еңбегін толықтай бағалау қиын. Сіздердің көпшілігіңіздің жастық шақтарыңыз Ұлы Отан соғысының сұрапылына тап келгендіктен, майдан далаларында ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсете жүріп шайқасып, Ұлы Жеңісті жақындаттыңыздар. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары да оңай болған жоқ. Сіздер ол міндетті де үлкен абыроймен орындап шықтыңыздар». Бұл сөздер бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ.
Ардагерлер қозғалысы өз мерейтойын еліміздің қалыптасуына, халықтар арасындағы достықты нығайтуға  қосқан елеулі үлесімен қарсы алып отыр. Өткен жылы ғана еліміз өзінің тәуелсіздігінің 25 жылдығын салтанатпен атап өткен еді. Осы кезең ішінде қол жеткен жетістіктерде бүгінгі ардагерлеріміздің қосқан қомақты үлестері бар екенін мақтанышпен айтуға тиіспіз. Екі ғасыр куәсі болып, екі дәуірде өмір сүрген және кездескен ауыртпалықтар мен қиындықтарды қайыспай көтеріп, бар саналы өмірлерін қоғам, ел игілігіне арнаған ардагерлеріміздің еңбегін қалай мадақтасақ та жарасады.
Өкінішке орай, еңбегімен ел-жұртқа танылып, халық құрметіне бөленген ардагерлеріміздің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Осының алдындағы 25  жылдық мерейтойда 459 Ұлы Отан соғысының ардагері бар болса, бүгінде олардың қатары 115, ал, тыл ардагерлерінің саны  12027-ден   6439-ға дейін азайды. Сөйтіп, екі мерейтой аралығында ардагерлеріміздің саны 5932-ге кеміпті. Әрине, өмірдің өз заңы бар. Қарияларымыздың орнын жастар басып, қоғам тоқтаусыз үнемі алға жылжиды. Десе де, бүгінгі ұрпақ осындай қоғамды өз қолдарымен орнатып, тәуелсіз еліміздің қалыптасып, дамуына ерен еңбектерімен үлестерін қосқан аға ұрпақты ешқашан естерінен шығармауы керек.
Еліміздегі ең үлкен қоғамдық бірлестік болып табылатын ардагерлер ұйымының облыстық филиалы бүгінгі күні 110 мыңнан астам зейнеткерді біріктіреді, 17 аудандық және 2 қалалық филиал жұмыс істейді, олардың 887 бастауыш ұйымы бар. Егер ардагерлер ұйымының өткеніне ой жүгіртетін болсақ, оны құру, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында болған азаматтарды да ұмытпауымыз керек. Бұрынғы Көкшетау облыстық ардагерлер ұйымы алғаш құрылған 1987 жылы оның басында Социалистік Еңбек Ері Николай Нижников болған еді. Ал, Целиноград облыстық ардагерлер кеңесінің алғашқы төрағасы Мұзафар Жұмағожин болды. Оларға ардагерлер ұйымын құрып, оның жұмысын жолға қою сияқты аса күрделі де жа-уапты міндеттер жүктелді және ол кісілер сол міндетті абыроймен атқарды.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесін одан кейін біраз жылдар Иван Шендрик басқарса, ол қайтыс болған соң Мағауия Исмағамбетова жетекшілік жасады. 2001-2016 жылдар аралығында облыстық ардагерлер ұйымын Чапай Әбутәліпов басқарды. Ардагерлер ұйымы осы жылдар ішінде өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, облыстағы түрлі маңызды шараларға белсене қатысатын беделді ұйымға айналды.
Зейнет демалысына шықтық деп қол қусырып отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, түрлі мерекелік шараларға қатысып, жастарға отансүйгіштік тәрбие беру сияқты маңызды істен шет қалмайтын ардагерлеріміз аз емес. Солардың арасында Амангелді Ақынов, Мейрам Ғибадилов, Дуанбай Ыбырай, Бексұлтан Баймұтов, Күлән Сейдахметова, Бекболат Кішкентаев, Бақытжамал Сейітжанова, Болат Темірбаев, Төкен Қизаева, Фарида Есжанова, Бабаназар Мұқашев, Қабдрахман Калин, Серғали Үсіпов және басқаларды атап өтуге болады. Олардың көбі аудандық және бастауыш ардагерлер ұйымдарын көп жылдардан бері басқарып келеді.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында және «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында әлемнің озық отыз мемлекетінің санатына қосылу міндетін алға қойды. Осындай маңызды міндетті жүзеге асырудан ардагерлеріміз де сырт қалмайды. Елбасы атап өткендей, дамудың басты негізі – татулық пен бірлік болса, көп ұлтты, көп конфессиялы Қазақстанда ұлтаралық, дінаралық татулық пен бірліктің сақталуына ардагерлеріміздің қосар үлесі аз болмайтыны анық. Бұл бағытта ардагерлер белсенді жұмыстар атқарып келеді және атқара береді.
Ардагерлер ұйымының басты мақсаты аға ұрпақ өкілдерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, оларды өмір жолында жиған білімдері мен тәжірибесінің пайдасын  ескеріп, жастарға адамгершілік және патриоттық тәрбие беруде кәдеге асыру болып табылады.  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев  өскелең жобаларды жүзеге асыруда  ел ардагерлері үнемі сүйеніш болып, олар тарапынан қолдау көріп отырғанын айтып жүреді. Біз әрқашан  Елбасымыздың сенімді сүйеніші болып қала береміз.  
Тек өткен бір жылдың ішінде ғана ардагерлер ұйымы 1558 түрлі көпшілік шара өткізіп, оған барлығы  24334 адам тартылыпты. Ардагерлер кеңесі 29 пленум, 127 мәжіліс және ардагерлер ұйымы белсенділерінің қатысуымен  45 семинар өткізді.  Елімізде 30 жылдық тарихы бар Ардагерлер ұйымы өзінің өміршеңдігін іс жүзінде осылайша нақты дәлелдеп келеді.  

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар