Еліне қорған болған Асат ата

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» тарауының бір бөлігі «Туған жер» деп аталатыны белгілі.

Мемлекет басшысы осы мәселеге қатысты берген түсінігінде: «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу –шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықтың әншейін біріге салған қауымы емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі», – деп атап өткен болатын.
Елбасы жүктеген міндетті орындау мақсатында өңірімізде шаралар жоспары қабылданып, арнайы комиссия жұмыс істеуде. Осы игі істің орындалуына атсалысу барлық аудан тұрғындарының қасиетті міндеті деген ойдамын. Ауданымызда есімдері ел тарихынан өз орындарын алған тұлғалар жетерлік. Солардың бірі – Жәрмеңке-Барақ руына жататын Асат Алпысұлы. Көне деректер негізінде ол 1827 жылы өлкеміздегі Қарашілік ауылына жататын, жоғарыда аталған ру мекендеген қазіргі Кішітүкті орман шаруашылығы орналасқан жерде дүниеге келіпті.
Ауылға басшы болып, осы күні де ағып жатқан жергілікті бұлақтың көзін ашыпты. Бүгінде «Асат ата бұлағы» деп аталатын осы шағын су ағыны елді мекенге ерекше бір сән беріп тұрғандай. Одан әріректе болжам бойынша тарихи тұлға жерленген жер қоршалып, басына мазар орнатылған. Осы игі шараны атқаруға «Кішітүкті» орман шаруашылығының бұрынғы директоры Қадырбай Мұратұлы көп еңбек сіңірді. Жәрмеңке-Барақ руына жататын туысқандар да айтарлықтай көмек қолын созды.
Асат Алпысұлы туралы көптеген тарихи деректер бар. Олардың арасынан қазақ жеріне Ресейдің қоныс аударушылары келе бастаған кездегі мына оқиғаны айтуға болады. Болашақ казак станицаларына жер іздеген Омбының генерал-губернаторы аталған елді мекенге келеді. Бөтен ұлт көрмеген жергілікті тұрғындар жан-жаққа қашады. Тек Асат ата ғана еш қаймықпастан оларға қарсы шығады. Лектің алдында келе жатқан әскерилердің біреуіне оның батылдығы ұнамай қамшымен тартып өтпекші болады. Атамыз оның қамшысын жұлып алады. Басқалары күш көрсете бастағанда генерал-губернатор қолын көтеріп, тоқтатып, тілмәш арқылы кім екенін сұрайды. Жағдайды, алдында кімнің тұрғанын, Асат атаның тегін кісі еместігін түсінген ол, бұл жерге станица салудан бас тартады. Есімдері аталған осы екі тұлғаның арасында кейіннен достық қарым-қатынас пайда болып, ол ел тыныштығын сақтауға үлкен әсер етсе керек. Асат Алпысұлы 1875 жылы өмірден озған. Келешекте осы айтулы тұлға туралы деректер топтастырылып, аудан тарихынан өз орнын алады деген ойдамын.

Мұрат ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

Зеренді ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *