Еншімізде салмақты істер көп

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеген болатын.

Елбасы Мәдениет және спорт министрлігі мен барлық деңгейдегі әкімдерге елімізде бұқаралық спорт пен дене шынықтыру саласын дамытуға бағытталған ортақ шараларды белгілеу туралы нақты тапсырма берді.  Елімізде бұқаралық спортпен айналысушылар қатарын 30 пайызға жеткізу жөніндегі жүктелген міндетке сәйкес Ақмола облысында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 

 Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Солардың арасында ақмолалық спортшылардың  да үлесі зор.  Бүгінгі таңда дене шынықтыру мен спорт заманауи өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру басты мемлекеттік міндеттеріміздің бірі болып табылады.
Облысымызда жылдан-жылға бұқаралық спорт қозғалысы дамып, оған мыңдаған адам тартылды, жоғары деңгейдегі спорттық форумдарда ақмолалық спортшылардың есімдері аталып жүр. Осы орайда, атқарылған және атқарылады деп жоспарланған жұмыс аз емес. Мәселен, облысымыздағы дене шынықтыру және спорт ұйымдары үш негізгі бағыт бойынша жұмыс атқарып келеді. Атап айтсақ, спорттық инфрақұрылымдарды дамыту, спортшыларды даярлау сапасын арттыру және бұқаралық спортты өрістету бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру. Бұл шаралардың барлығы Қазақстан спортының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және дамытуға бағытталуда.        
Қазіргі таңда облысымызда тұрғындардың арасында дене шынықтырумен үзбей айналысатындардың қатары жалпы халықтың 26,2 пайызына жетіп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,4 пайызға өсті. Жыл соңына дейін 27 пайызға жетеді деген болжам бар.  Өңірімізде балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулитын 28 спорт мектебі жұмыс істейді. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, жергілікті жердегі бұқаралық спортты өркендетуге түрлі клубтардың тигізетін ықпалы зор. Бүгінгі күні облысымызда 5 жасөспірімдер, 4 балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубы, 47 дене шынықтыру және сауықтыру клубы жұмыс істейді. Осы клубтарда барлығы 22631 адам дене шынықтырумен, спортпен айналысуда. Бүгінгі таңда облыс аумағында 1165 дене шынықтыру және спорт ұжымдары бар және онда 7044 спорт секциялары жұмыс істейді. Сол спорт секцияларында 184525 адам спорттың әр түрімен шұғылданады.
Іс тетігін білікті мамандар шешеді десек, дене шынықтыру және сауықтыру жұмыстарын жүзеге асыратын облысымызда 2015  спорт маманы жұмыс істесе, олардың 1088-і ауылдық жерлерде еңбек етеді. Тарқатып айтар болсақ, 1071 мұғалім жалпы білім беретін орта мектептерде, 144-і орта кәсіптік және жоғары оқу орындарында, 354 оқытушы-бапкер бұқаралық спорттың дамуына барынша зор көңіл бөлуде.
Әрине, спортта үлкен нәтижеге жету үшін материалдық-техникалық жағдай үлкен рөл атқарады. Бұл бағытта облыс көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыс баршылық. Мәселен, Шортанды  ауданында ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында жүзу бассейні іске қосылса, Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында жабық жүзу бассейнінің құрылысы аяқталуға жақын. Осындай спорт кешені Сандықтау ауданында да салынып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Ал, Жарқайың ауданында стадион қайта жаңғыртудан өтіп, футбол алаңына жасанды жамылғы төселіп, жеңіл атлеттерге арналған жүгіру жолдары жасалуда. Облыс орталығы Көкшетау қаласында ойын және жаттығу залдары бар 150 адамға лайықталған жабық спорт кешенінің құрылысы басталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда облыс аумағында дене шынықтыру және спортпен айналысуға мүмкіндік беретін жыл басынан бері 10 спорт алаңы жабдықталып, жыл аяғына дейін тағы да 25 спорт алаңы іске қосылады. Кәсіпкерлер мен серіктестіктердің басшыларының қолдауымен бірқатар спорттық нысандар  уақыт талабына сай жарақталуда. Мәселен,   Егіндікөл ауданының  Алакөл селосында «Сарымсақты» серіктестігінің қаржылай қолдауымен     мәдени-демалыс орталығы мен стадион салынып, жеңіл атлеттерге арналған жүгіру жолдары қайта жаңғыртылды. Спорт алаңдары мен стадиондарды, басқа да спорт жайларды салуға инвесторлардың қаржысын тартуға да жете назар аударылады.
Мүгедектер спортына да жете көңіл бөлінуде. 2014 жылдың қазан айынан бастап облыс орталығында  мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Мерген» спорттық клубы ашылып, қазіргі таңда бұл жерде 210 адам спортпен шұғылдануда. Аталмыш клубтың бөлімшелері  Жарқайың, Бурабай, Атбасар аудандары мен Степногорск қаласында жұмыс істейді.
Жыл басынан бері 129738 адамды қамтыған 1967 түрлі дәрежедегі спорт шаралары өткізілді. Сонымен қатар, 1569 спорттық шара ауылдық жерлерде ұйымдастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Облысымызда дәстүрлі қысқы спорт ойындарына арналған «Хрустальный колос» және жазғы ойындарға арналған «Ақ бидай» спартакиадалары, мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасында өткізілетін «Үміт», облыстың мемлекеттік мекемелері қызметкерлері арасындағы «Бірлік» турнирлері сияқты жарыстар ұйымдастырылады. Президенттік тест деген де жақсы жарыс түрі. Оған жыл сайын облысымызда 100 мыңнан астам адам қатысып отырады. Атап өту керек, биылғы жылы өткізіліп жатқан спорттық шаралардың барлығы еліміздегі маңызды шара «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылуда. Астана қаласында өткен Ақмола облысының мәдени күндеріне орайластырылып «Қазанат» ипподромында  ұлттық спорт ойындары бойынша  бірқатар жарыстар өткізілді. Бұл сайыстарға өңіріміздің 17  ауданы мен 2 қаласынан барлығы 500-ге тарта спортшы қатысып, 100-ге жуық тұлпар бәйгеде бақ сынады.     
Облысымызда бүгінгі күні республикалық жарыстарға қатысып жүрген үш кәсіби спорт клубы бар. Олар: «Арлан» хоккей клубы» серіктестігі, «Оқжетпес» футбол клубы»  және «Спорттың ойын түрлеріне арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындары. Осы аталған клубтарда барлығы 626 спортшы бар. Ағымдағы жылы «Оқжетпес» әйелдер футбол командасы құрылды.  Жыл басынан бері спорт мекемелері 1-ші разрядты 66 спорт саңлағын, 146 спорт шеберіне үміткерді, 25 спорт шеберін, 7 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін даярлап шығарды.  Қазақстан Республикасының түрлі спорт салалары бойынша құрама командаларына облысымыздан 364 спортшы кіреді.   Биылғы жыл қысқы спорт түрімен айналысатын спортшылар үшін жемісті болды. Жыл басында Алматы қаласында өткен  Дүниежүзілік қысқы универсиадада да біздің спортшыларымыз 7 медаль ұтып, абыройымызды асқақтатты. Қазақстан жалпыкомандалық есепте жүлделі екінші орыннан көрінді. Біздің жерлестеріміз биатлонист Алина Райкова мен Олжас Климин ел қоржынына алтын сыйлады. Сонымен қатар, Роман Еремин, Ольга Мандрикалар да жүлделі орыннан көрініп олжалы оралды. Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында да Қазақстан жалпыкомандалық есепте төртінші орынға шықты. Ақмола облысының атынан қатысқан сегіз спортшы ел қоржынына 6 медаль байлады. Солардың арасында Алина Райкова, Анна Кистанова, Николай Чеботько мен хоккейшілер де бар.  Жалпы, жыл басынан бері өңіріміздің спортшылары түрлі байрақты бәсекелерден 487 медальді  иеленді.
Әлем және Азия чемпионаттарында 31 медаль қанжығамызға байланса, Әлем және Азия чемпионы атағын 6 жерлесіміз жеңіп алды. Атап айтсақ: Рахметулла Сатывалдиев, Олег Пивнев, Андрей Путинцев, Дмитрий Шубаба, Айна Теміртасова, Карина Қозғанбаевалар ел абыройын асқақтатты. Қазіргі таңда  облыс спортшылары қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өтетін республикалық «Ақ бидай» ауылдық ойындары мен Атырауда мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында ұйымдастырылатын спартакиадаға шеберліктерін шыңдап, тыңғылықты дайындалуда.Олай болса байрақты бәсекелерде атой салып, жеңіс тұғырына көтерілетін жеңімпаздарымыз көп болғай! Облысымыздан әлі талай спорт саңлағы шығатынына сенімім зор.

Надежда ПАТЮТКИНА,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.       

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар