Ерлігімен ерекшеленген Ереймен елі

Тағдырдың тауқыметін көп көрген қазақ халқы ел қорғаны болған, ақылман жандарды әрдайым басына көтеріп, әділ бағасын беріп отырған. Сондай сый-құрметтің Қанжығалы Бөгенбай батырға көп жасалғанын көзі ашық оқырман жақсы біледі. Хандар мен сұлтандар тұрса да, қара халық өзіне шын жан ашыр жанды айнымай таныған. Ел жақтаған кісінің үнемі санатта болатыны белгілі. Осы аруақты ердің киелілігін көптеген ғалымдар, тарихшылар мен әдебиетшілер жалықпай жазып келеді. Әсіресе, қазақ елі егемендік алғанда газет-жорналдар өз алдына, талай танымдық мәні зор, кілең деректер мен көне шежіреден тұратын кітаптардың басылып шығуы соны меңзейді.

Бөгенбай халқынан көп қолдау көрген әрі бата алған данагөй ер. Оның туған жерін, өмірден озған өлкесі мен соңғы тұрағына айналған мекенді бүкіл дүйім жұрт біледі. Бұл да оның ерекшелігі. Әулие дәрежесіне көтерілген жаратылыс иесіне оның ақылы мен ерлігіне куә болған замандастарының құрметі ешқашан сарқылмаған.
Қанжығалы қарт Бөгенбай деп әспеттеген елі, оның ішінде ақын-жыраулар баһадүрдің ата-тегін, әке-шешесін, жұбайлары мен балаларын тайға таңба басқандай бізге мұра қып қалдырған. Туып-өскен жері Қаратау маңы болса, қартайып өмірбен қош айтысқан жері Сарыарқаның бойындағы суы тұшы Сілеті өзенінің маңы. Батырдың өзі жаудан тазартқан Ерейментаудың теріскей жағы. Кеңес дәуіріне дейін ол жер «Бөгенбай сөресі» аталған. Батырдың денесі осы жерде төрт таған биік сөренің үстінде арнайы тұз ертіндісі салынған терінің ішінде сақталған дейтін еді елі. Кейін Абылай ханның жарлығымен Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіне жеткізіліпті. Білетіндердің «батырдың еті елінде, сүйегі – Әзірет Сұлтанда» деулері бекерден-бекер айтылмаған. Бұл дау тұдырмайтын ақиқаты анық тарихи деректер.
1991 жылы өз алдына жеке ел болған Қазақстанның түкпір-түкпірінде халқымыз еңбегі сіңген асыл перзенттеріне ас беріп, олар туралы түрлі деңгейде кітаптар мен брошюралар шығарғанын біз жақсы білеміз. Бастамасы жақсы жұмыстың қыза-қыза батырлардың өзін жарысқа салып жібергенін де көпшілік көрді. Бұл орынсыз бәсекеге ғалымдар мен жазушылардың да араласуына тура келді. Әсіресе, Орта жүздің ағайынды елі: арғын-найманның арасына орталық басылымдарға бірнеше мақалалар жариялаған З.Сәніктің орынсыз пікірлері мен белгілі қазақ жазушысы Қ. Жұмаділовтың «Дарабоз» кітабы аз көлеңке түсірген жоқ. Оған дейін өткен ғасырдың 80-інші жылдарында шыққан Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы да тарихи шындықтың кейбір тұстарын бұрмалағанын біз жақсы білеміз.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген халықтың өкілі болғандықтан, оны айтпай кетуге болмайды. Тоқсан ауыз сөздің тоқ етері, онда жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезіндегі осы Бөгенбай батырдың орны мейлінше олқы көрсетілген. Жеңістін туын тек қана Қаракерей Қабанбайға ұстатып қойған. Шын мәнінде олай емес қой. Әрі-беріден соң, Қабанбай батыр Бөгенбайдан 10-12 жас кіші. Оның үстіне соңғысының аты Тәуке ханның тұсында белгілі болған. Ол кезде тарихи аренада Қабанбай түгілі Абылай да жоқ. Енді осы жоғарыда аттары айтылған білімділердің, әсіресе, халық жазушыларының білмеді дегендеріне өз басым сенімсіздікпен қараймын.
Бөгенбай баһадүрдің аты орыс тарихшыларының жазбаларында, тілді сезіне білу дәрежелеріне қарай, әртүрлі жазылып келгені белгілі.
Я.Б.Гвардовский, Р.Н.Витебский, П.Н.Рычков жазбаларында есімі жұмсақ айтылмай, «Букенбай» деп қатқылдау шыққан. Кіші жүзде батырдың аттас қанды көйлек жолдастары болғаны рас. Бірақ, аттас болғанымен, олардың сол заманда алған орындары әр қилы ғой. Тіпті, қарадан шыққандарды айтқанның өзінде Бөгенбайға билер мен туған халқы төрелер мен хандарды тең көрмеген ғой. Соның бір айғағын дарабоз батыр әрі жырау Қожабергеннің әдеби мұраларынан оқи аламыз.
Қамданған жасақ жиып, тізіп жатыр,
Қолбасшы Әбілқайыр қайда жатыр?
Сәмеке, Ғайып, Болат, Әбілмәмбеттің,
Көмегі үш қазаққа тимеді ақыр.
Көп тостық Әбілқайыр келеді деп,
Алайда негізгі қол көрінбейді,
Қорықтық халық түгел өледі деп.
Өткен жылы Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті.
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой» деп,
Боларын осы апаттың болжап кетті.
***
Төреден Әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем сайлар кезің деді.
Қазақты батыр көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді.
***
Ит қалмақ қазақ қанын судай шашты,
Мылтығы көп болған соң, күші асты.
Жау тиіп, есі шыққан есіл Дулат,
Арғын мен Қыпшақ жаққа көше қашты.
***
Батырлардың ағасы,
Қырықта жас шамасы.
Қамқор болар халыққа,
Бөгенбайдай данасы.
Қанжығалы Бөгенбай,
Алтынды тонның жағасы.
Осы күнгі Сардардың,
Бәрінен артық бағасы.
Тарихи нақты деректерді рәсімдеген орыс ғұламалары мен Қожаберген батырдың сөздері өзара астарласып тұр. Сондықтан, ақты қара деудің жөні болмас.
Астана қаласының алғашқы тұсаукесер тойы өткенде біз Қабдеш ағамызбен той салтанатының бірінде кездесіп қалып, әңгіме реті келгесін осы бір көптің көңілі қабылдамаған тұсты ашық айтқанымыз бар. Бірақ, анталап тұрған жұрттың алдында ол кісі екі ауыз сөз айтып, асыққан алматылық бір топ меймандармен автобусқа мініп кетті. Жазушы ағамыздың мына сөздері біздің күпті көңілімізді жуып-шайып жіберіп еді сонда: «Бөгенбай мен Қабанбай түйенің қос өркеші сияқты адамдар ғой. Соны бағаласаңыздар жетеді». Әділдікті іздейтін де, сөзге тоқтайтын да қазақпыз ғой. Біз де таңбалы осы пікірді қанағат тұттық. Жазушы ағаның кітабы оқырмандарға тарап кетсе де, осы түйінді сөзі көңілімізге қанат бітіргендей болды.
2007 жылы жазушы әрі қоғам қайраткері Алдан Смайылдың «Қанжығалы қарт Бөгенбай» кітабы шықты. Бұхар жырау «Батыр шыққан даңқынан» деп ерекше әспеттеген осы тарихи тұлғаның қилы заманда атқарған ерен істерін бүркемелеген тұстарға сындарлы түрде едәуір жан беруге тырысқан. Қазақтың шалғай жерінде Бөкеңнің аялдамаған, атының ізі қалмаған жер жоқ. Ерейменге іргелес жатқан Баянауылдан құба қалмақты бет қаратпай қуған кісі де сол. Ағайынды Абыз-Шомақтың мырзалығымен Абылайды ақ киізге орап хан көтеріп, ризалық ниетін батагөй елмен бөліскен де тағы да сол аяулы Қанжығалы қарт Бөгенбай. Павлодарлық журналист Д.Примактың жұқа кітапшасында қисынсыз жазылған деректерге Алдан ағамыз нақты пікірімен тойтарыс беріпті. «…Скалы и легенды Баянаула» деген еңбегінде ол Олжабай батырға Бөкеңнің ерлігінен енші беріп, өзінше сауабын алған. Бөгенбай бабамыз көсем болмаса, көреген болмаса, өзге би-батырларға қосылып, Абылайды таққа отырғызуға қатыспас еді. Бұқар жырауды алдырмас еді. Төле бидің түйесін бағып жүрген жас Әбілмансұрды көргенде, қалмаққа барлауға баруға қолқа салмас еді, Нарқызыл атын сыйға тартпас еді. Ел әулие көріп, хан жарлығымен денесін Ахмет Яссауидің мазарына жеткізбес еді».
Қазақ халқы еліне қорған бола білген кісілерді ерекше пір тұтқан. «Қанжығалы қарт Бөгенбай» деген сөздің астарында көптеген сырлар, аумалы-төкпелі заманның сан түрлі деректері жасырынып жатыр. Батырлар әулетінен түлеген қырандай самғай ұшқан ұланның жаугершілік заманында көрмегені жоқ шығар. Қаншалықты ағайын ел болса да, қырғыз, өзбек пен башқұрт та үнемі достық ықыласын білдіріп отырмаған. Діні бөлек ойратқа өкпе айтудың орны жоқ. Белін шешіп, арқасын жазбаған қазақ баласының күнкөрісі, ұрпақ өсіруінің қаншалықты қиынға соққанын осы дара тұлғаларға арналған жыр-қиссалардан айқын сезінесіз. Зорлығы мен теперіші көп болған заманда ел бағына Бөгенбайдай батырлардың туғаны мемлекеттігімізді, жеріміз бен елімізді сақтап қалуға жол ашты. Сондықтан, мұндай дара тұлғаны төмендетуге әсте болмас.
Жаугершілік заманның осы бір заңғар тұлғасы туралы ел аузында сақталған дастандар өте көп. Мұны ұлы халқымыздың Бөгенбайдай данаға көрсеткен құрмет-қошеметі деп түсіну керек.
Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Насихат Мүрсәлімова «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында (2013 жыл, №11) Бөгенбай батыр туралы бірнеше жырлардың нұсқаларының сақталғанын баянайды. Тіпті, атақты әдебиетші-ғалым Сәрсен Аманжолов соның бір нұсқасын 1927 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданының тұрғыны Құсайын Мүсәпірұлының жырлауы бойынша жазып алғанын хабарлаған. «…С. Аманжолов жырға жазған алғысөзінде «Құсайын «Бөгенбайды» екі түрлі күймен құбылтып, қызықты етіп айтады… әңгіменің қызықтығы, сөзінің тазалығы, өлеңнің кестелігі біз көріп жүрген өлең-жырлардың көбінен артық» деп атап көрсетеді.
Авторы белгісіз шығарманың жолы 4039, ал, шумағы 1000-нан асады екен. Ғалым қарындасымыздың пайымдауынша, Алматының Орталық кітапханасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорларында ұлы тұлғаның ерлігі мен өмір жолына байланысты оннан астам жыр үлгілері бар көрінеді. Оларды Ереймендегі шежіре жинаушыларды айтпағанда, қазақтың біртуар перзенттері Мәшһүр Жүсіп Көбеев, Иса Байзақов, Алматы Опера және балет театрының әншісі болған Мұқаш Байбатыровтар өз қолдарымен арнайы апарып тапсырыпты.
«Бәрін айт та, бірін айт, Қанжығалы Бөгенбайды айт. Ақылдың жатқан үйін табушы еді», – деген Абылай ханның сөзі осы бір тарихи тұлғаның еліне сіңірген еңбегіне айқын айғақ дер едім.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар