Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында Чернобыль апатының 30 жылдығына арналған шара болып өтті. Облыс әкімі Сергей Кулагин Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан бір топ ақмолалықтарға  Алғыс хат пен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалін тапсырды.

Осыдан 30 жыл бұрын 1986 жылдың 26 сәуірі күні  Чернобыль атом электр станциясында орын алған апаттан сол аумақтағы көптеген қалалар мен елді мекендер зардап шекті. Апаттың залалды зардабын жою үшін КСРО-ның әр өңірінен еріктілер жіберілді. Олардың арасында 22 мыңнан астам қазақстандықтар да бар еді. Жарылыс салдарынан болған радиацияның бар залалын алғашқы болып қабылдаған олар аз уақыттың ішінде атом реакторы  үшін жаңа саркофаг салып, радиация зардабының кең жайылуына жол бермеді.
Облыс әкімі сол бір ауыр шақта бастарын қатерге байлап, апаттың зардабын ауыздықтауға атсалысқан азаматтарға қазіргі ұрпақ өкілдерінің қарыздар екендігін, олардың көбі бүгінде арамызда жоқтығын, Чернобыль ардагерлерінің дені радиация салдарынан түрлі дерттерге ұшырағандығын айта келе, оларға құрмет көрсету, әлеуметтік жағынан қолдау бүгінгі ұрпақтың міндеті деп  атап өтті.  Апаттың салдарын жоюға қатысқандардың 80 пайыздан астамы мүгедек болып қалған немесе түрлі дерттерге шалдыққан. Осыған орай, оларға  медициналық қызмет көрсетуде түрлі жеңілдіктер қарастырылып, жыл сайын  қаржылай қолдау көрсетіліп тұрады.  
Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап ядролық қарудан бас тартып, өз аумағындағы Семей полигонын жабу арқылы бейбітшілік сүйгіш саясатын әлемге паш етті және әлі күнге дейін осы бағыттан айнымай келеді деп атап өтті облыс басшысы. Облыс орталығында қазір Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандарға арналған ескерткіш орнату қолға алынып отыр. Демеушілердің қаржысына тұрғызылатын ескерткіш  Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан ардагерлерге деген лайықты құрмет болары анық.
Осыдан кейін облыс басшысы бір топ ардагерлерге Алғыс хат тапсырды. Олардың арасында Жақсылық Жанғабылов, Виктор Харланов, Еркебұлан Қойшығарин, Рашид Айтқожин және басқалары бар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің  «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен Виктор Болдырев, Қайрат Сәдуақасов, Николай Юдин марапатталды.
Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқан ардагерлерге арналған шараның соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.
Қалкөз ЖҮСІП.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *