Ерліктің ескірмес естелігі

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы таяған сайын сол бір сұрапыл жылдарда опат болған боздақтар есімі де санамызда бірге жаңғырғандай, қайта-қайта жадымыздан шығатын емес.

Көбі кетіп, азы қалған майдангерлер туралы көбіне олардың ет жақындары, соңында қалған ұрпақтары сыр шертіп, естіп, білгендерімен бөлісуде. Ал біз, бұл жолғы мақаламызға сондай майдангерлердің бірінің көзі тірісінде өзі жазып кеткен естелігін негіз етіп алғалы отырмыз. Мұндағы Жеңіс солдатының сол қанды қасапта жүріп өткен ауыр жолы ешкімді де бейжай қалдырмас деген ойдамыз. Сонымен, Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, талай ауыр шайқастардың куәсі болған майдангер өз естелігінде не деп жазады екен? Енді бір уақ осыған  зер сала отырсақ. «1940 жылдың қарашасында мен Қиыр Шығыста 65-ші айрықша темір жол батальонында Отан алдындағы міндетті әскери борышымды өтеп жүрдім» деп бастапты өз естелігін кейіпкеріміз Ибрагим Қабылұлы Жәмбеталин ақсақал. «1941 жылдың 13 сәуірінде біздің батальонды батысқа қарай ауыстырып, Проскурово қаласының маңында тұрдық. 22 маусымда соғыс басталды… 1941 жылдың қыркүйек айының аяғында менімен санағанда 19 қызыл әскерге жаудың жолын кесу үшін темір жол мен ондағы көпірді қиратуға бұйрық берілді. Жауынгерлердің көбі бұйрықты орындап әрі қатты артиллерия шабуылынан қорғанып, кейін шегінді. Өз тапсырмамды әлі орындамағандықтан, мен жалғыз қалдым. Өйткені, маған көпірді жаудың қарасы көрінгенде ғана жару жөнінде бұйрық берілген еді. Кенет мотоциклде келе жатқан немістерді көзім шалды. Бірден қолымдағы тетікті тартып қалып, көпірді қиратып үлгердім. Бұл Смоленск облысының Ельна станциясында болған оқиға еді. Фашистер мен жатқан жерді қатты атқылап, басымды көтеруге де мұрша бермеді. Кейін топырақтың астында қалған мені сол маңаймен өткен біздің әскерлер аршып алыпты. Түнде бірнеше адам қосылып, Вязьмадан бес шақырым қашықтықтағы бір деревняда түнеп шықтық. Таңертең бізге біздің әскерлердің қоршауда қалғанын хабарлады. Сондағы 65-ші батальонда менімен бірге болғандардан Серікбай Жетпісов қазір Пахарь ауылында, Әлкен Мұхамадиев, Николай Щербаков Көкшетау қаласында тұрады.
Қоршауда қалған  біздің солдаттар немістермен 1941 жылдың қазан айы  біткенше шайқасты. Сол қазан айында Здешков ауданының Теруший деревнясынан 2-3 шақырым қашықтықта біз, қоршаудағы 8 жауынгер блиндаж қазып жаттық. Сол арада жақын маңда «Дедушка» партизан отрядының барын естіп, соған қосылғанша асыққан едік. Бірақ, оны таба алмадық. Осылай желтоқсанға дейін жау қоршауында жүріп, бір күні  бір лейтенантты кездестірдік. Оны блиндажымызға алып келгенде өз взводын іздеп жүргенін, ол осы тұстың бірінде екенін айтты. Ақыры, оған қосылып, өз әскерлерімізді тауып алдық. Бұл кезде генерал Беловтың бірінші кавалериялық корпусы да майдан шебін бұзып, жау тылына өткен еді. Енді осы корпусқа аман-сау қосылған біздер 5-ші гвардиялық кавалериялық полктің құрамында зұлым жаумен шайқасқа кірдік. Мен станковой пулеметтің көздеушісі болдым. Жанымдағы серігім  Әміров Әлім деген жігіт еді. Екеуміз бір-бірімізден айырылмай, осы пулеметпен талай ұрыстарды бастан кештік. Бірде барлауға шыққанымызда Әлімнің денесіне оқ тиіп, жараланып қалды. Қаншалықты қиынға түссе де, оны жау қолында қалдырмай, кезектесіп көтеріп, өз бөлімімізге жеткіздік. 1942 жылдың шілдесінде кавалерияшылар дұшпанның қорғанысын бұзып, үлкен жерге шығуы жөнінде Бас қолбасшының бұйрығы болды. Бізге үлкен жермен қосылу үшін үш майдан шебінен өтуіміз керек еді. Тамыз айында қиян-кескі ұрыстармен осы бұйрықты ойдағыдай орындап шықтық. Менің үлесімде де пулеметпен көзі жойылған немістер аз болмады. Алайда, сондай ұрыстардың бірінде жау оғынан жараланып, Тула облысының Алексино қаласындағы госпитальдан бір-ақ шықтым. Одан кейін 1942 жылдың қыркүйегінен 1944 жылдың шілдесіне дейін 20-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының 57-ші атқыштар полкінің құрамында болдым. Онда біз миномет батареясымен жаяу әскерлердің шабуылын күшейтіп отырдық. Осылайша 1943 жылдың жазында Курск доғасы үшін болған қиян-кескі ұрыстарға қатыстым. Шілденің бұл күндері біз үшін шын мағынасында ыстық болды. Снаряд пен бомбаның жарылысынан жер солқылдаған бұл шайқасты бейнелі түрде осылай атамасқа амал жоқ. Сол сұрапылдан қалай аман қалғанымды осы күнге дейін өзім де білмеймін. Біз Курск доғасынан кейін Харьков үшін болған айқастарға қатысып, Одессаға бағыт алдық.
1943 жылдың 13 қарашасында майданда көрсеткен батылдығым мен ержүректігім  үшін «Ерлігі үшін», ал, 1944 жылдың сәуірінде «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталдым. Ал, 1944 жылдың қазанында кіші лейтенанттар даярлайтын курсқа оқуға жіберді. 1945 жылдың наурызынан бастап 98-інші гвардиялық атқыштар дивизиясының 299-ыншы атқыштар полкінде құпия құжаттарды жеткізу жөніндегі байланыс офицері болдым. Сөйтіп, командованиенің берген тапсырмаларын бұлжытпай мүлтіксіз орындағаным үшін бұрынғы наградаларыма «Қызыл Жұлдыз» ордені қосылды. Ұлы Жеңістен кейін тағы бір жыл Австрияда әскери қызметте болып, елге тек 1946 жылы оралдым.
Соғыста басымыздан өткен жағдайлардың бәрін айта берсем, бірінен-бірі асады. Әсіресе, 1941 жылдың ауыр күндерінде Смоленск облы-сында қасымда қазір Алматы облысы Бөрлітөбе ауданының  Лепсі станциясында тұратын Төкен Қожамжаров бар, үш күн жаудың қолында тұтқында болып, әзер дегенде ебін тауып, қашып шыққанымыз ұзақ бір тарих. Мені Теруши деревнясында Лена Ивановна деген әйел мен оның әке-шешесі үйінде немістерден жасырып, тығып ұстағаны, жолыма ас-су беріп, орманға шығарып салғаны әлі көз алдымда. Артынан сол қайырымды жандарды іздеп, ол жаққа хат жазып, сұрау салған да кездерім болды.
Осы күні бар жан-тәніммен тілейтінім, енді қайтып еліміз соғысты көрмесе екен, бала-шағамыз тек қана бейбіт заманда өмір сүрсе екен. Соғыс деген суық сөздің соңғы құрбаны, соңғы куәгері біз болайық.
Міне, сонау 80-жылдары кейінгі ұрпаққа осы естелігін қалдырып кеткен көз ашық, көкірегі ояу Ибрагим қартты өз басымыз сол тұста жақсы білетін едік. Әрі майдангер, әрі ұлағатты ұстаз ретінде жүріп-тұрған ортасына, ел-жұртқа өте сыйлы еді. Естелігінде басынан кешкен оқиғалардың жылы, айы мен күні, өзі құрамында болған әскери құрылымдардың рет саны, елді мекен, жер  атауларын ұмытпай, дәл жазуының өзінен зеректігі, жадының мықтылығы сезіліп тұрғандай. Өйткені, бұрынғы Көкшетау облысының Айыртау, Чкалов аудандары мен Көкшетау қаласының оқу бөлімдері мен мектептерінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен бұл кісі  математика пәнінің майталманы болатын. Сонымен бірге, қазақтың әдеби тіліне де бір табан жақын-ды. Өз саласының жай-күйінен мерзімдік басылымдарға жиі-жиі қалам тербеп қоятын.
Бұл күнде Ибрагим атаның соңында қалған ұрпағының өзі біраз бар десе болады. Ұлдары Серік, Мереке мен Марат ата-анасының тәлімді тәрбиелерінің арқасында еліміздің бір-бір аптал азаматтарына айналған. Әкелерінің өнегелі өмір жолын сүйікті қыздары да әрі жалғастыруда. Ал, қара шаңырақта ерінің орнында отырған Шәмшия әжеміз шөбере сүйіп, осы бауыр еті – балаларының қызығын көруде. Ал, біз тілге тиек еткен жоғарыдағы естелік болса, Ұлы Отан соғысының ардагері Ибрагим Қабылұлы Жәмбеталиннің  сол бір ел басына күн туған қанды жорықтағы ерлік істерінің айқын куәсіндей, ұрпақтарының қолында ұзақ сақтала беретіні сөзсіз.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар