Ертеңге сапалы қадам басудың жаңа мүмкіндіктері

Аумақтық «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының есеп беру жиынына қатысқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне Елбасының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуінің және жаңа Жолдауының мән-маңызы туралы жан-жақты баяндап берді.

«Денсаулық» бастауыш партия ұйымының есеп беру жиынында үш мәселе талқыланды. Күн тәртібіне сай онда бүгінгі күні еліміз бойынша қызу талқыланып жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың конституциялық заңдарға өзгертулер енгізуіне байланысты Үндеуі мен баспасөз беттерінде жарияланған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы биылғы Жолдауы жан-жақты айтылды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Мәдешұлы Жолдауды ұғынықты да түсінікті етіп талдап берді.
–Бүгінде Интернет желісінде, түрлі сайттардың парақшаларында Елбасы Үндеуіне байланысты сан алуан пікірлер жазылуда. Соның ішінде халық арасында теріс көзқарас қалыптастыруы мүмкін қайшылыққа толы пікірлер де жоқ емес. Сондықтан, баршаңыз өз ұжымдарыңызға барғанда, Үндеудің мән-маңызын қызметкерлеріңізге түсіндіріп, мұның барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқан жағдайлар екендігін түсіндіріңіздер, – деп тапсырма беріп, Мемлекет басшысының өз өкілеттіктерін мұнайдың бағасы төмендеп, ақша айналымының азаюы себебінен бөліп жатпағандығын нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Сондай-ақ, Жолдауда көрсетілгендей, үшінші жаңғыруға қадам басып отырғанымызды тіліне тиек етіп, бұл реформаның бізге өте қажет екендігін атап көрсетті. Бұдан соң, ол Елбасының биылғы Жолдауында алға қойып отырған мақсат-міндеттерге тоқталып, ондағы басты ерекшелік онлайн-сауда, 3D-принтинг, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсетуді денсаулық сақтау, білім беру жүйесінде қолданудың уақыты жеткендігін, бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытқандығын айтты. Сол сияқты Үкіметке тапсырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеп, оны іске асыру да маңызды деді. Ақмола астықты аймақтардың қатарында екендігі белгілі. Сол себепті, Елбасы міндеттеп отырған Еуразияның «нан кәрзеңкесіне» айналуға зор мүмкіндігіміздің бар екендігіне шүбә келтірмеу керектігіне баса назар аударды. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасарының баяндамасынан кейін Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жүрген студенті Алмас Сәтпаевтың Үндеуге қатысты сараптамалық талдауы тыңдалды. Болашағынан үміт күттіретін студенттің бұл баяндамасынан кейін Үндеудегі өкілеттіктерді бөлудің мән-маңызын одан әрі түсіне түсесің.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, партия мүшесі Сергей Киласьев «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының өткен 2016 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Баяндама барысында ол аталған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылып, оң көрсеткіштер мен жетістіктерге қол жеткізілгендігін тізбелеп айтып шықты. Өткен жылы денсаулық сақтау саласына 35,6 миллиард теңге бөлініпті. Былтыр жоспарға алынған 9 нысанның сегізі бүгінде пайдалануға берілген. Сондай-ақ, биыл Бурабай ауданының Кенесары ауылында тәулігіне 25 келушіні қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады деп күтілуде. Есептік кезеңде 28 денсаулық сақтау нысанына күрделі және ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 486 миллион теңге шамасында қаражат жұмсалыпты. Облыстық бюджеттің есебінен 274 бірлік медициналық құрал-жабдық пен 12 санитарлық автокөлік сатып алыныпты. Медициналық ұйымдарды жабдықтау биыл 56,4 пайыздан 57,3 пайызға дейін артқан.  Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары облыстағы денсаулық сақтау саласында кадр мәселесі өзекті екендігін айтты.  Былтыр 40-қа жуық дәрігер мен 50-ге жуық орта медициналық қызметкер түрлі себептермен жұмыстан кеткен және 345 қызметкер жұмысқа орналасыпты. Олардың 70-і дәрігер болса, қалғандары орта медициналық қызметкерлер екен. Ауылдық жерлерге 25 дәрігер мен 54 орта медициналық қызметкерлері жолданған. Дегенмен, әлі де мамандар тапшылығы орын алуда. Сонымен бірге, былтыр 74 медициналық қызметкерге баспана бөлінді. Олардың 22-сі елді мекендерге жұмысқа орналасқан мамандар. 59 жас маман көтермеақы алыпты. Сондай-ақ, 30 шақты жас маманға баспана алуға 91,6 миллион теңге несие беріліпті.
Атап өтетін жетістіктер ішінде биыл облыста балалардың жүрегіне ота жасау қолға алынып, 11 балаға ота жасалған. Көкшетау қалалық №1 ауруханасының дәрігерлері Ұлттық ғылыми медицина орталығының гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Ардақ Ахметжановпен бірігіп, 3 науқастың жатыр миомасына ота жасаған.
Баяндамадан кейін медицина қызметкерлерін баспанамен қамту, қаладағы жас мамандарға көтермеақы беру сияқты мәселелер көтерілді. Бұл сауалдарға облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Ғалым Бекмағамбетов заң тұрғысында жауап берді. Ауылдық жерлерге «Дип-ломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан мамандарға ғана көтермеақы берілетіндігін және дәрігер мен орта медициналық қызметкерлерге ендігі уақытта тегін баспана мүлде берілмейтіндігін жеткізді. Биылғы жылдан бастап жүзеге асырыла бастайтын «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында кез-келген баспанаға мұқтаж, жұмысы бар азаматтар үй ала алатындығын түсіндіріп берді. Бұдан соң облыстық қан орталығының бас дәрігері Сәкен Қалымжанов, облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Зиборовтар сөз алып, өздерінің салаларына
қатысты жұмыстардың барысымен таныстырды. Шара соңында партияға мүшелікке өтіп жатқан азаматтарға партия билеттері табыс етілді.

Ырысалды Шамшиева.

Суретті түсірген Е.ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар