Есенгелді ақын елге келді

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында белгілі ақын Есенгелді Сүйіновтың «Көкшетауым – сағынышым» атты кездесу кеші болып өтті.

Есенгелді Сүйінов 1958 жылы бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Жуырда ақын асқаралы алпыс жасқа толған болатын. Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен өткен бұл кездесуді көкшетаулық ағайын бар ғұмырын шығармашылық жолға арнап келе жатқан мерейтой иесінің туған жерге есеп беруі деп қабылдады.
Айта кетейік, журналист Есенгелді Сүйінов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Қазақ радиосы, «Халық кеңесі», «Жас Алаш», «Дала мен қала» басылымдарында абыройлы еңбек еткен. Облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы болды. Қазіргі таңда «Есіл» республикалық қоғамдық газетін басқарады.
Кеште Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева ақынды мерейлі жасымен құттықтай келе, зор шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, ақынға облыс әкімінің Құттықтау хатын табыстап, қазақтың дәстүрі бойынша ат мінгізіп, шапан жапты.
Ақынның бірнеше жыр жинақтары жарық көрген. Осы орайда қаламгердің Көкше жеріне деген махаббаты оның жырларынан аңғарылып тұрады. Мұны кездесуге Астанадан арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлы да өз сөзінде айтып өтті.
– Өлең деген сағыныштан туары хақ. Есенгелдінің Торғай, Қостанай, Алматы туралы да өлеңдері аз емес. Алайда, өзінің балғын махаббаты, жастық шағы алаулаған, көркем дүние әлемі – Көкшетаудың орны бөлек, – дей келе Есенгелді ақынның сүйікті жары, марқұм Марфуға Бектемірова жайлы да естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Серік Тұрғынбекұлы Көкшетаудың жақсы-жайсаңдары жиналған бұл кездесуде айтудың орайы келіп тұрғаннан кейін Сәкен серінің бүгінде Бурабайда қаңырап бос тұрған үйін қалпына келтіріп, сал-серілер мұражайы етуге ұсыныс білдірді.
Кеш барысында ақын Тортай Сәдуақасов та інісіне жылы лебіздерін арнады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова «Мойныңды бұршы, асқағым», «Ақкөлден ұшқан аққулар» әндерін домбырамен орындап берсе, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мереке Бекмағамбетовтың, әнші, сазгер Иран Тасқараның шырқаған әндері кездесу кешінің шырайын келтірді. Ал, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің бір топ білім алушылары ақын Есенгелді Сүйіновтың өлеңдерін жатқа оқыды.
Көкшетауым, сағынышым сарғайған,
Сәлем жолдап жаттым әр кез шалғайдан.
Жүрегімнің төріндесің туған жер,
Арамызды шырқалатын жалғайды ән, –
деп басталып, ақынның туған жерге деген сағынышын жеткізетін жыр шумақтары көкшеліктерді тебірентпей қоймады. Жерлестерінің ақ пейіліне, зор құрметіне риза болған Есенгелді ақын жиналған қауымға үлкен алғысын жеткізіп, кеш соңында Бурабай, жан-жары Марфуғаға арнап шығарған өлеңдерін оқып берді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *