Ешқашан үмітті үзуге болмайды

Дүниежүзілік  Денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы 1 желтоқсан күнін ЖИТС-ке  қарсы күрес (СПИД)  күні деп белгілеген болатын. Содан бері бұл күн әртүрлі іс-шаралар арқылы халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, ауыр дерттің алдын алу, оны  жұқтырып алмау тәсілдерін түсіндіру бағытында өткізіліп келеді. Таяуда «Көкшетау» мәдениет сарайында студент жастардың қатысуымен осындай ауқымды шара тағы да жүзеге асырылды.

 

ЖИТС (жүре пайда болған иммунитет тапшылығының синдромы) – аса қатерлі вирустық дерт. Вирустың құрамында SD-4 протеині бар зат табылған, сондықтан, бұл вирус лейкоциттерге жабысып, олардың ішінде өзінің ақпаратын жіберіп отырады екен. ЖИТС вирусы алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та Колифорния штатында кистозды пневмонияға шалдыққан гомосексуалистер арасында табылған. 1983 жылы атақты ғалымдар Люк Монтанье және Франсуаза Барре-синусси зерттеп, лимфоциттерде орналасқандығын дәлелдеген. 1984 жылы ағылшын ғалымы Роберт Галло ЖИТС вирусын зерттеп, адамдарда ғана пайда болатынын дәлелдеген. Қазіргі кезде ЖИТС вирусы нашақорлық, донорлық, анадан нәрестеге жұғу және одан да бөлек бірдей жыныстылар арасында, гемофилия ауруына шалдыққан науқастар арқылы да таралады екен.
Ауру жолдарының белгілеріне қысқаша тоқталсақ, алдымен инкубациялық жасырын кезең. Бұл 10-15 жылға дейін созылады, себебі, вирус тасымалдаушылардың  50 пайызы сау адамға жұқтырады, өздері ауырмайды. Қалған 50 пайызы вирусты жұқтырып алғаннан кейін дене температурасы  39-40 градусқа көтеріліп, баспа 10-15 күнге дейін ісініп ауырады екен. Ал, лимфаденопатия – ағзадағы барлық бездердің ісініп, қатаюынан болады. Ауру ұзақтығы 3 айға созылады. ЖИТС ауруына ұқсас кезең. Ауруға шалдыққандарда диарея байқалады, дене салмағы 10-15 пайызға төмендейді, тершеңдік, ұйқысыздық, әлсіздік, тәбеттің болмауымен сипатталады.
Аурудың арнайы емі жоқ, сондықтан барлық жүргізілген шаралар ауруды тежеуге және адам өмірін шамалы уақыт болса да ұзартуға көмектесетінін естен шығармаған жөн.
Бүгінгі шарада фойеде тақырыптық материалдар мен суреттер, плакаттар орналастырылды. Осыған орай, жоғары және орта білім беретін оқу орындарында көптеген іс-шаралар өткізіліп, қазіргі күннің ең өзекті мәселелерінің біріне айналған ЖИТС-тің қауіп-қатері туралы толық мағлұмат берілуде.
Акция барысында облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағанов қатерлі дертпен ауыратындарға көмек-қолдау көрсетіп, қоғамдық ортадан шеттетпей, салауатты өмір салтын ұстану арқылы келеңсіздіктің алдын алуға шақырды.
Одан әрі, бас дәрігер Қ.Бұрмағанов бірқатар жүлдегерлерді марапаттады. Айталық, облыс мектептері оқушылары арасында «АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбындағы ең үздік тренингтік жаттығуда Астрахан №2 орта мектебінің оқушысы Алина Шандер байқау жеңімпазы атанып, арнайы диплом мен бағалы сыйлыққа және Степногорск қаласы №9 орта мектеп оқушысы Жанар Қалбаева байқаудың қатысушысы ретінде грамота мен ынталандыру жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, облыстық колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында осы тақырыптағы ең үздік КВЕСТ ойынында Аршалы селосының №4 агротехникалық колледжінің студенттері Полина Зызникова мен Ян Павлов байқаудың жеңімпаздары атанса, Атбасар қалалық №11 агротехникалық колледжінің студенті Юрий Приходькоға грамота мен ынталандыру жүлдесі табыс етілді.
Салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту, қоғамның назарын АИТВ/ЖИТС мәселесіне аудару мен тұрғындарға ақпарат беру арқылы жастардың ақпараттандыру деңгейін жетілдіру, АИТВ-ны жұқтырғандар мен ЖИТС-пен ауыратындарға төзімділікпен қарауды қалыптастыру бағытында орталықтың атқарған жұмысы орасан.  
Шарада да осы жағы көбірек көрініс тауып, сахна төрінен слайд бойынша жаныңды түршіктірер қатерлі дерт туралы мәліметтер көрсетіліп, студент жастар арасында оны жұқтыру жолдары мен алдын алу туралы сұрақ-жауаптар, ойындар ойнатылып, ән мен биге де кезек берілді.

Суретте: бас дәрігер Қ.Бұрмағановтың акция жүлдегерлерін марапаттау сәті.

Асылай Қадырқызы.

Суретті түсірген  Вячеслав ГУБАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар