Есілдік диқандар егінге шалғы салды

Бүгінгі таңда Есіл ауданының  ауыл еңбеккерлері 428 мың гектар алқаптағы дәнді және бұршақты дақылдарды іріктеп жинап алуға кірісті.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нүркен Сыздығалинның айтуынша, жаз айларында барлық агротехникалық шаралар жүргізілген. Осының арқасында қазір орташа гектар берекесі 11,5 центнерден айналуда. Егін орағында сегіз жүзден астам астық жинайтын комбайн, оның ішінде 114 өнімділігі жоғары комбайн, 110  жатка, 234 жүк көлігі мен 157 трактор тіркемесі пайданылады. Ауыл шаруашылығы техникаларының бәрі толық жөндеуден өткен. Биылғы жылы 11 комбайн, 9 трактор мен 1 егіс кешені сатып алыныпты.
Аудан бойынша егін орағын ойдағыдай өткізу үшін 7,5 мың тонна дизель отыны, 350 тонна дизель майы және 450 тонна бензин тасымалданып алынды. Оның ішінде 6 мың 890 тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен босатылды. Биыл астықты «Алтын дән» акционерлік қоғамы мен «Есіл дән», «Элеватор Красивое», «Құмай Есіл», «Жасыбай-21», «Пришим» және «Ақсай дән» серіктестіктерінің элеваторлары мен астық қоймалары қабылдайды. Бұл кәсіпорындар 500 мың тонна астық сақтай алады.
 Сондай-ақ, 29 астық кептіргіш жұмыс істейтін болады. «Қаракөл агрофирмасы», «Орловка» және «Новоприречный» серіктестіктері алғашқылардың бірі болып, дәнді және бұршақты дақылдарды іріктеп жинап алуға кірісті. «Новоприречный» серіктестігінің директоры Валерий Тюркин өз сөзінде 6 мың гектар алқаптың дәнді және бұршақты дақылдарын жинап алғандарын айтып өтті. Шаруашылықтың егіс алқабы 18,3 мың гектарды құрайды. Егін орағында 43 комбайн, оның ішінде өнімділігі жоғары 19 комбайн пайдаланылуда.
Биыл Қостанайда құрастырылған бес «Есіл-760» комбайны, бес «К-700» және екі «Мазда» жүк автокөлігі сатып алынған. Комбайн жаткасының ұзындығы 12 метрді құрайды. Осы өнімділігі жоғары жаңа комбайндардың рөліне Валерий Шенцов, Виктор Вавкин, Максим Шутов және Евгений Голунов сияқты тәжірибелі механизаторлар отырғызылған. Сондай-ақ, Сергей Киселев, Сергей Лабуркин мен Николай Гулько да жаңа техникалармен астық тасымалдап жүр.
Серіктестік қажетті жанар-жағар майды және жеңілдетілген бағамен босатылған 680 тонна дизель отынын тасымалдап алған. Шаруашылықтың астық кептіргіші бар шағын элеваторы биылғы жылдың астығын қабылдауға дайын. Мұнда темір жол тұйығы да тартылған. Сөйтіп, есілдіктер астықты шашпай-төкпей уақытында жинап алуды жоспарлап отыр.

Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар