Ескерткіш орнатылды

Қарлыкөл ауылында Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралмаған 102 азаматтың есімдері жазылған ескерткіш қойылды.

Ескерткіш белгінің ашылу салтанатына облыс жұртшылығы, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, құрметті қонақтар, елді мекен тұрғындары қатысты.
Құттықтау сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың хатшысы Қ.Ауғалиев аудан бойынша ел қорғауға аттанып, сол сұрапыл соғыстан оралмаған, елге аман-есен келіп өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқан азаматтар туралы деректер келтіріп, ел тарихына құрмет көрсетіп, ескерткіш ашуға белсене атсалысқан ел азаматтарына алғыс сезімін жеткізіп, қарлыкөлдіктердің  игі істері жалғаса берсін деген тілек білдірді.
Салтанатты шараға қатысушыларды ел өміріндегі айтулы оқиғамен  Социалистік Еңбек Ері Сартай Жұмағалиев құттықтау сөздерін жолдаса,  Иран Тасқара өзінің арнауын оқып берді.
Одан кейін С.Жұмағалиев, қарлыкөлдік ақсақал Әмірхан Ищанов, қажы Күләй апамыз және Теңбай ағамыз ескерткішті ашу рәсімін жасады. Осы ескерткіштің қойылуына бастамашы болған, атқарылған шараларға жетекшілік жасаған Теңбай Ибраев ағамыз.  
Жергілікті тұрғындар мен осы шараға арнайы келген ел тумалары, аталған игілікті іске атсалысқан белгілі спортшы, республикалық  деңгейдегі сайыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы Сайранбек Бегалинге шексіз алғыс сезімдерін білдіріп,  ақ жол тілеп, ақ баталарын беріп жатты.
Ерен еңбегімен елге сыйлы  Теңбай ағамыздай қолдаушысы барда біздің шағын ауылдарымыз өткенін ұмытпай, танымдық шараларды жалғастыра берері сөзсіз. Аруағына қол жайып, бас иіп, ас беріліп жатса «Өлі риза болмай, тірі байымас» дегендей, салт-дәстүрге берік  қазағым, туған өлке мәртебесін әрдайым жоғары ұстайтындарына сенімдімін.
Аталған шара жүзеге асқан Бұлақ селолық округінде  әкім Оралбек Бекішевтің жергілікті тұрғындармен өз бауырларындай араласып, ортақ іске бастай білуінің нәтижесінде өңірде көптеген мәдени-танымдық шаралар ұйымдасқан түрде жоғары деңгейде өтетіні аудан жұртшылығына жақсы мәлім.
Сөз соңында, осындай тарихи маңызды оқиғаларды халық санасына жеткізуде бас болып жүрген ағаларымыздың дендеріне саулық, отбасыларына шаттық тілеймін, бала-шағаларының қызығын көрсін, оларға  Алла жар болсын дегім келеді.

Күләш РАҚЫМЖАНОВА,
ақын.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар