Ескерткіш тақта орнатылып, естелік кітап жарық көрді

Көкшетау қаласының Гагарин көшесіндегі №54 үйде Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, композитор Манарбек Бексейітовтың есімін ел есінде қалдыру мақсатында  мемориалдық тақта орнатылды.

 

Тақтаның ашылу салтанатына өнер иесінің дос-жарандары, әріптестері, ізбасарлары, туған-туыстары, облысымыздың зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында Көкшетау қаласының құрметті азаматы,  денсаулық сақтау ісінің ардагері Болат Жанәділов сөз сөйлеп, Манарбек Қасымұлының азаматтық ажары мен кісілік келбетін, ұлағатты ұстаздық жолын, ғибратты ғұмырын тілге тиек етті. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова болса, ұстаз алдын көріп, тәлім алған шәкірттері алдағы уақытта да өнер биігінен көрініп, Ақмола облысының атағын асқақтата берсін деген тілегін жеткізді. «Ол көптеген таланттардың өнеріне өріс ашқан, жас дарындарға  қолдау көрсеткен өнер майталманы, көреген басшы еді. Кезінде Манарбек аға сенім білдіріп, талабын ұштаған қыз-жігіттер қазіргі таңда еліміздің маңдайалды өнер өкілдері болып отыр. Осындай абзал ағаның есімін ескерусіз қалдырмай, досым деп жанашырлық танытып жүрген Мұрат қажы Ыдырысовқа зор алғыс білдіргім келеді», – деді Біржан сал атындағы музыка колледжінің директоры Саян Болатұлы.
Салтанатты шарада мемориалдық тақтаны ашу құрметіне өнер жанашыры, Манарбек Қасымұлының жан досы Мұрат қажы Ыдырысов пен ұлы Серік Бексейітов ие болды.
Дәл осы күні облыстық филармонияда  «Қалдырған ізі мәңгілік» атты естелік кітаптың тұсаукесері өткізіліп, зиялы қауым өкілдері, Біржан сал  атындағы музыка колледжінің түлектері мен оқытушылары, сыйлас достары, ізбасарлары Манарбек Бексейітов туралы естіліктерін ортаға салды. Салтанатты жиында кітапты құрастырушы Мұрат қажы Ыдырысов сөз сөйлеп, осы кештің ұйымдастыруына атсалысқан мәдениет, білім басқармаларының басшыларына, өңіріміздің зиялы қауым өкілдеріне зор алғысын білдірді.
Еске алу кешінде Манарбек Бексейітов құрған облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі ән мен күйден шашу шашып, өнер иесінің рухын асқақтата түсті.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерде: кітаптың сыртқы мұқабасы және ескерткіш тақта.

Суретті түсірген В.ГУБАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар