Ескерткіштердің QR-кодтары бар

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен жылдан бері облысымызда киелі жерлердің географиясын жасауға байланысты көптеген шаралар атқарылғаны белгілі.

Қазіргі таңда тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы QR-код – заманауи технологиясының көмегі арқылы мәдени мұраны қорғау, облысымыздың киелі объектілері туралы ақпаратты цифрлау жобасымен айналысып жатыр. Осыған байланысты үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Ескерткіштер сыр шертеді» атты ақция өткізілген болатын. Бүгінгі таңда бұл жоба еліміз бойынша екі облыста, яғни, Павлодар және Ақмола облыстарында ғана жүзеге асырылды.
***
QR-код – (ағылшын тілінде quick response – шұғыл жауап) мобильді құрылғының камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін екі өлшемді штрих-код.

Кез-келген адам өзінің ұялы телефонындағы камера арқылы ескерткішке ілінген QR-кодты сканерлеп, сол ескерткіш жайлы толық мағлұмат ала алады. QR- кодтар – бүгінгі күні ақпараттың күн санап ұлғаюына байланысты арнайы мамандармен ескеріліп жасалған кодтар болып табылады. Қазіргі таңда мұндай кодты әлемдегі дамыған елдерде сауда және өнеркәсіпте, туризмде, мәдени-ағартушылық салада белсенді пайдаланады. Бұл барлық адамдар үшін аймақтың тарихи және мәдени мұрасымен танысу үшін ойлап табылған өте пайдалы дүние деп білеміз.
Мобильді құрылғыға объектідегі QR-кодты енгізсеңіз болғаны, қажетті ақпарат онлайн-режимде өздігінен жүктеледі. QR-кодтың негізгі артықшылығы мынада, негізгі тарихи мәлімет мәтін түрінде жазылып, одан басқа тарихи тұлға және оқиға туралы документальді фильм көрсету бағдарламаға енгізілген. Әзірше облысымыздың 1032 тарихи және мәдени ескерткіштерінің ішінен 20 киелі объектіге QR-код арқылы цифр қойылып, белгіленді.
Бурабай кентіндегі Абылай хан алаңына, Ерейментау ауданындағы XVIII ғасырдың қолбасшысы, қазақ әскери өнер мектебінің негізін салушы Бөгенбай батырдың ескерткішіне, Атбасар қаласындағы жазушы Ілияс Есенберлиннің ескерткішіне QR-код орнатылды. Сонымен қатар, Көкшетау қаласындағы Абылай хан ескерткішіне, XIX жылдың аяғы XX басындағы сәулет-өнер ескерткіші болып саналатын «Көкшетау қаласының тарихы» музей ғимаратына, «Юность» кинотеатры ғимаратына, монументальді өнер ескерткіштері – Ақан сері, Біржан сал, Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов және Мәлік Ғабдуллин ескерткіштерінде де QR-кодтар бар.
Алдағы екі жылдың ішінде облысымыздың басқа да тарихи-мәдени объектілеріне кодтар беру жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылы аудан орталықтарында киелі объектілер жайлы ақпараттық тақталар орналастыру, сонымен қатар, Ерейментау және Қорғалжын ауданының тарихи және мәдени ескерткіштерін көрсететін жол белгілер қою жоспарда бар.

Қуаныш ШАҚШАҚОВ,
Ақмола облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директорының міндетін атқарушы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *