Әңгіме арқауы – елдегі бірлік

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Бір шаңырақ астында» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтіп, ұлттық киімдер экспозициясы жұртшылық назарына ұсынылды.

Алдымен, өткізіліп отырған шараның маңызы, еліміздегі ұлттар арасындағы достықтың,  мемлекеттің қалыптасып дамуына қосып отырған орасан зор үлесі жөнінде мұражай директоры Кенжебай Мұқышев айтып өтті. Ол, сондай-ақ, өңірдегі татулықтың тұғырын биіктетуге атсалысып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қауымдастығының төрайымы Людмила Яроцкаяны Алғыс хатпен марапаттады.  
Шара барысында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова да сөз алып, бір шаңырақ астында бір атаның балаларындай сан ұлттың баласының тату-тәтті күн кешіп жатқандығы  ең алдымен, тәуелсіздіктің, одан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екендігін тілге тиек етті. Ендігі қазақстандықтардың алдында тұрған басты міндет – осы мызғымас бірлікті сақтап қалу. Облыстағы Аналар кеңесі болсын, басқа этно-мәдени бірлестіктер болсын бүгінде осы бағытта жастармен тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Ал, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі Сырым Рахымов кіндігін бір тамырмен байлап қойған Қазақстан халқының әсілі, бақытты жұрт екенін ерекше атап өтті. Бұл жерде мемлекетімізді осындай бейбітшілік пен келісім еліне айналдырған Ұлт Көшбасшысының еңбегін атап өтпеске болмайды.  Ақын достық жайлы осы бір тебіренісін «Менің Қазақстаным!» өлеңімен жеткізді.
Дөңгелек үстелге қатысушы басқа қонақтар да жиында ел іргесін берік етер бірлік жайлы өз пікірлерін ортаға салды. Шара аясында көкшелік дарынды жастар елімізді мекен еткен түрлі халықтардың әндерінен шашу шашты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар