I. Қоймада тұрып жатыр…

Көкшетау қаласындағы жергілікті жұрт «Шанхай» деп атайтын Застанционный поселкесінде бес адамнан тұратын отбасы жеті жыл бойы қойманың бір бұрышын баспана етіп тұрып жатыр. Шанхай негізі қысы-жазы миы шығып жататын батпақты, қорысты жерге орналасқан. Жер телімі облыс орталығымен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

 

Сондықтан, қауметі шамалы адамдар осы жерді мекендейді. Әсіресе, шалғайдағы шағын ауылдардан үдере көшіп келе жатқандар Көкшетау қаласынан қымбат жер телімін ала алмағандықтан, арзандау деп іргедегі Застанционный поселкесіне қазықтарын қадамақ. Бірақ, арзанның жілігі тати бере ме?
Әлеуметтік желіде ел назарын аударған тақырыпты қаузамақ болып, біз де жеттік. Бір қабатты, қызыл кірпіштен салынған қойма екен. Желдің өтінен, жауын суынан кірпіштердің шеті үгітіліп түсіп жатыр.  Кешегі кеңес дәуірінде теміржолдың меншігінде болған, кейін көмір тасумен айналысатын кәсіпкерлердің қолына өткен қойма.
69 жастағы зейнеткер Қонысбай Ахметов ақсақал сыртта жүр екен. Аз-кем тілдестік. Негізі Қостанай облысының тумасы. Әуел бастағы мамандығы агроном, сол жақта ұзақ жыл еңбек еткен. Кейін 2000 жылдардың басында Көкшетауға қоныс аударыпты. Көкшетау қайын жұрты екен. Бойдағы күш-қуат кеміп, жігер мұқалуға жақындағанда қайын жұртын пана тұтқаны ғой. Анық себебін айтпады. Жан жарасын тырнамайық деп біз де қазбалай алмадық. Тіс жарып түсіндіргені жеті бала тәрбиелеген. Өткен жылы бір ұлы мезгілсіз қаза болыпты, келіннің қолында алты бірдей немересі аңырап қалған. Келіні Анастасия Горяева теміржол вокзалында еден жуушы болып жұмыс істейді. Сол маңайдағы көнетоз ескі үйлердің бірін уақытша жалдап тұрып жатыр.
Көшіп келген соң Көкшетау қаласынан ойып тұрып, асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай пәтер алуға қаржылары жетпеген. Алдағы уақытта ала қоюлары күмәнді. Өйткені, Қонысбай ақсақал да, жары Зоя Тәтенова да ең төменгі зейнетақы алады. Шаңыраққа енетін тағы бір табыс көмір базасының күзетшісі есебінде төленетін 25 000 теңге.  Әуелі дәліз іспеттес бөлмеге кірдік. Арқаның аязы сынып, күн райы жылынып тұрса да әлгі бөлме сұп-суық екен. Темір тұтқасының өзі қолды қарып жіберді, ал, ішкі көрініс жүректі қалтыратты. Ат айнала алмайтын, атыңыз не, адам айналуға келмейтін босағада тұрып екі аттасаңыз, төбеңіз төріне тірелетін қуықтай екі бөлме. Ортасында кішкентай пеш. Оң жақ қолда кәдімгі қалыңдығы отыздық тақтайлардан құрастырылған кереуеттен іспеттес жатынжай. Оның үстіне матрас төселіпті. Төргі бөлмеде де дәл осындай аяныштан жанарың кіреукеленетін көрініс. Бұл бөлмелер сәл-пәл жылырақ көрінді. Бірақ, бұл жылу да тітіркенген тұла бойымызды жылыта алған жоқ. Себебі, бүгінде өмірдің базарынан қайтып келе жатқан апамыз бен жездеміз жеті бірдей бала өсіріпті. Біреуі өмірден озған, қалған алтауы жер басып жүр. Қазір қолдарында тұратын немересі жергілікті бір кәсіпорында жүк тасушы болып жұмыс істейді.
– Балалар көмектесіп тұра ма, ақсақал? – деп сұрадық тіршіліктің тауқыметі қажытқан Қонысбай ағадан.
– Қайдан көмектессін, олардың өз отбасылары бар ғой.
– Өкпелейсіз бе?
– Жоға тәйірі, қазіргі заманда кімге өкпелегендейсің.
Рас-ау енді, бауыр еті баладан қайыр-көмек болмаса көлденең көк атты мейірін төге қоя ма? Жоқ, бар екен. Руслан Асылбеков есімді кәсіпкер, қаладағы орталық мешіттің ұжымы аздап қол ұшын созғанға ұқсайды. Ал, қалалық әкімдіктің өкілдері жеті жылдың ішінде бір мәрте келіп кетіпті. Келген, көрген. Тұрмыстарының түрін көріп бас шайқасқан, таңдай қаққан. Одан басқа ешқандай ишара жоқ.
Қонысбай ақсақал оларға да өкпелемейді.
Қолында тұратын шөбересінің қолынан су ішіпті. Діндарлардың айтуына қарағанда, шөбересінің қолынан су ішкен адам жұмаққа бармақ. Бұл дүниеде көрмеген қызық дәурен бәлкім сол жақта шығар. Шөбересі қазір суық тиіп ауырып, ауруханада жатыр. Келгесін тағы да бір жұтым су ішеді. Жұмақ дүниені көрмекке. 

 

 

II. Партадағы әке

 

Облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы көшедегі 111 үйдің жанынан салынған уақытша баспанада балалы болған балалар тіршілік құрып жатыр. Шетін оқиғаны естігенде талай-талай тағдырлар туралы естіп-біліп, шет жағасын өзіміз де жазып жүргенімізбен, тосын әсер еткені соншалықты нанар-нанбасымызды білмей дал болғанбыз.

 

Әдейілеп барып көрдік. Үкіштей ғана айналымға келмейтін екі бөлме екен. Сәл қоңыр салқын. Сол жақ босағада тақтайдан жасалған шағын балалар кереуетінде уілдеп, бір жапырақ шүберекті лыпа қылып тоғыз айлық сәби жатыр. Көнетоз диван үстінде бой жетпеген қыз. Бой жетпегенімен, ана атанып отыр. Аты Виктория. Жасы 17-де. Қазір кешкі мектепте оқып, білім алуда. Ал, жары Руслан небары 15-те ғана. Яғни, он бес жасар отағасы. №4 орта мектептің
9 сыныбында оқиды.
– Кеше сырт киімім болмай сабаққа бара алмай қалдым, – дейді Руслан, – бүгін күн жылы болған соң тоңбаймын ғой деп барып келдім. Үйіміз кішкентай болғанмен отын көп кетеді. Сосын маңайдағы шырпы-бұтақ, сынған тақтайды жинап пеш жағып, үй жылытып отырмын. Көмір алуға ақша жоқ.
– Қарағым-ау, мына қалпыңмен қалай іргелі үй болып кетесің, отбасыңды қалай асырайсың? – дедім мен қазіргі ұғыммен алғанда өзінің белі бесіктен жаңа шығып жатқан отағасына қарап.     
– Жұмыстан қашпаймын. Таяу маңдағы автомобиль көліктерінің дөңгелегін ауыстыратын жігіттермен сөйлестім, демалысқа шыққан кезде соларға қолқабыс етіп тиын-тебен таппақшымын.
– Ал, оған дейін ше?
Русланның басы салбырап кетті. Мезгілсіз махаббаттың машақаты тым ауыр болса керек. Оның үстіне аптал азаматтардың өзі әрең арқалап жүрген отбасының жүгін арқаламақ. Күнделікті тіршіліктің зілбатпан жүгі бала баққан, өзі де бала отағасының иығына түсіп тұр. Көтере алса жарар еді.
– Егер жағдайымды естіген жанашыр жандар табылып, азық-түлік, киім-кешек, әсіресе кішкентай бөбегім Радмир мен күйеуім Русланға сырт киімдер әперіп жатса, жақсы болар еді, – деп қояды Виктория.  Виктория екеуінің ата-аналары туралы қамырдан қыл суырғандай жайлап сыр сабақтағанбыз. Екеуі де бұл тақырыпқа төңіректей қоймады. Бар ұққанымыз екеуінің де ата-аналары дәм-тұздары жараспай, айырылысқан екен. Мынау уақытша баспананы Русланның әкесі беріп отыр. Бар көмегі сол ғана. Өйткені, өзі де жұмыссыз. Викторияның анасы да жұмыссыз. Демек, сырттан келер көмек жоқ.
Киер киімге, ішер асқа жарымай отырған үш баладан құралған отбасының бар жағдайы осындай. Қазір оқта-текте қайырымды адамдардың қол ұшын беруімен күнелтіп келеді. Бірақ, өмір бойы біреуді біреу асырамайды ғой.  Ерте есейген, асығып-аптығып шаңырақ көтерген екі жасты кінәлай алмадық. Көкейге жалғыз сауал кептелді. Екі баланың оқитын мектеп ұжымы, оның басшылығы, сынып жетекшілері қайда қарап отыр?!.
P.S. Өткен жылы облыста 60 жасөспірім қыз бала жүкті болып қалған, 27-сі жасанды түсік жасаған.   

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар