Игі ықпалын тигізеді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде әлеуметтік қайта жаңғыруға байланысты халықты әлеуметтік тұрғыда қолдаудың бес бағытын атап көрсетті.

Бірінші бастама – баспаналы болудың жаңа мүмкіншіліктеріне байланысты Елбасы «7-20-25» атты жаңа бағдарламаны ойластыруды тапсырып отыр. Осы бағдарлама арқылы әр қазақстандық ипотекалық жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болады. Алғашқы жарна көлемін 20 пайыздан асырмау керектігі нақтыланған. Сонымен қатар, несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту да табыс деңгейі төмен азаматтарға үлкен көмек болатыны анық.
Екінші бастама жалақысы төмен азаматтардың төлейтін салықтарын азайту. Бұл әлеуметтік әлжуаз топтарға жасалған үлкен қолдау болатыны сөзсіз.
Елбасы ұсынған үшінші бастама – жоғары білімді алу қолжетімді және сапалы болуына кепілдіктер жасау. Осы мақсатта жыл сайын 54 мың грант бөлінетін болады. Білім алушылар санын ғана арттырып қоймай, білім сапасына да жете көңіл бөлінбекші. Тағы бір қуанарлық
жағдай Елбасы Білім және ғылым министрлігіне студенттер үшін жатақхана құрылыстарын бастауды тапсырды. Бұл ауылдан келіп пәтер жалдап, қиындық көріп жүрген жастарымызға үлкен қолдау деп түсінемін.
Төртінші бастама – шағын несие беруді жолға қою. Өз кәсібін ашқысы келетін, бірақ қаржы жоқтықтан бұл шаруаны қолға ала алмай отырған адамдарға, әсіресе, ауыл тұрғындарына бұл үлкен қолдау болары даусыз. Осы мақсат үшін Елбасы Үкіметке 20 миллиард теңге бөлуді тапсырды.
Бесінші бастама – елімізді газбен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бағытталған. Арзан әрі экологиялық таза отынға көшудің қаншалықты игілік әкелетінін айтпай-ақ түсінуге болады. Алдағы жылы Астана тұрғындары газбен толық қамтылатын болады.
Елбасы ұсынып отырған бес бастаманың бәрі де еліміздегі қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен серпін беретіні анық. Ендігі міндет – сол бастамаларды халық болып қолдап, оны жүзеге асыруға атсалысу.

Еркін ИСІМБАЕВ,
Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру
орталығының директоры.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *