44 мың түп ағаш егілді

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Ақмола облысы жастар және студенттік еңбек жасақтарының кезекті еңбек маусымының жабылу салтанаты болып өтті.

Бұл шара Тұңғыш Президент күні аясында «Жасыл ел – Елбасының табысты бастамасы» атты тақырыппен өтті.  «Жасыл ел» бағдарламасы жөнінде түсірілген бейнебаянды тамашалаудан басталған салтанатты кеште облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Шахмардан Баймановқа «Жасыл ел» еңбек семестріне қатысушы  Рүстем Байтеміров биылғы маусымның сәтті аяқталғаны жөнінде баяндап берді. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы ел халқына арнаған кезекті Жолдауында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша студенттік құрылыс жасақтарының қозғалысы жөнінде айтқан болатын. Соның негізінде, республиканың әр аймағында жастар мен студенттердің еңбек жасақтары құрылып, солар бүгінде белсенді жұмыс істеп жатыр. Жастарды жұмыспен қамту, аймақтар мен елді мекендерді көгалдандыру, көркейту, сондай-ақ, тазалық сақтау мәселелерін қамтитын бұл бағдарламаға сол жылдан бері
7 194 адам қатысып, 9495 гектар аумақта орман шаруашылығы жұмыстарын атқарған және 2 миллион 440 мың түп ағаштар мен көшеттер отырғызған.
Ағымдағы жылы да аталмыш бағдарламаға құрамында құрылыс, экологиялық, механикаландырылған және педагогикалық студенттік еңбек жасақтары бар 112 ұжым қатысқан. Барлығы 2690 адам жұмыспен қамтылған. Еңбек жасақтарының арқасында 640 гектар орман алқаптарына 44 мыңнан астам ағаштар мен көшеттер егіліпті. Бұл жұмыстарды атқаруға бюджеттен 104 миллион теңге қаржы жұмсалды.   Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Шахмардан Асқарұлы өз кезегінде:
– Мен де студенттік шағымда сіздер сияқты «Жасыл ел» бағдарламасына қатысқан едім. Көшеде ағаш отырғыздық, көше тазалауға атсалыстық. Бұл науқандық жұмыс осы күнге дейін жалғасып отыр. Ендігі жерде сіздер мен біздер Елбасының тапсырмасын жүзеге асырудамыз. Бұл бағдарламаның арқасында біздің аймақ жыл сайын көркейе түсуде, құлпыруда, –деп жас-
тарды жігерлендіре түсті.
Кеш барысында жасыл елдіктердің бір тобы марапат пен құрметке ие болды. Табиғатты экологиялық қорғау және қала маңын тазалау жұмыстары бойынша көзге түскен Щучинск қаласындағы жоғары техникалық мектебінің жасағы  «Үздік жасыл ел жасағы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.  Көкшетау қаласының жоғары техникалық мектебінің «Политех» жасағы «Үздік құрылыс жасағы» атанса, құрамында «Юность» облыстық педагогикалық жасағы бар «Самрұқ» ұжымы «Үздік педагогикалық жасақ», ал, Шағалалы агробизнес колледжінің «Жастар» жасағы «Үздік механикаландырылған жасақ» аталымдарына ие болды. Сондай-ақ, жасыл елдіктер Никита Ремезов,  Назерке Мейрамбек, Айдос  Қайырбек, Темірлан Иманғали арнайы аталымдар бойынша марапатталды.
Кеш соңы театр әртістерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Кіру саны

  • Қолданушылар : 2
  • Материалдар : 7143
  • Сілтемелер : 9
  • Материалды қарау саны : 4347072