2014 жыл сіз үшін қандай қуанышымен есте қалды? Жаңа 2015 жылға ең басты тілегіңіз қалай өріледі?

Абылай ҚАМБАТЫРОВ, «Сочинское» ЖШС директорының орынбасары,  Атбасар аудандық мәслихатының депутаты:

1. Жылқы жылы еліміз үшін де, жеке өзім үшін де толағай табыстарға толы жыл болды десем, мұным артық айтқандық емес. Азды-көпті жасаған еңбегім ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағына ие болдым. Елімізде кең көлемде аталып өтілген өкілетті органның мерейтойы қарсаңында да депутаттық қызметтегі атқарған істерім еленіп, «Мәслихаттарға 20 жыл» медалін кеудеге тақтым.  Қазақстан – Ресей – Беларусь іскерлік қатынастарының дамуына қосқан үлесім үшін де арнайы мемлекеттік наградамен марапатталдым.
Өндірісте де  ісіміз алға басып,  биылғы жыл 22 мың гектар жерге еккен бидай мен басқа алқаптарға себілген  арпа, сұлы, күнбағыстан тәуір өнім жинай алдық. Бір қуантарлығы, даму көрсеткішіміз жылдан-жылға жоғарылап келеді.  Өзім серіктестіктегі құрылыс саласына жетекшілік еткендіктен, осы тұрғыдан да бірер сөз айта кетейін. Биыл ауыл шаруашылық техникаларын қоятын  жылы тұрақ салып алдық. Сөйтіп, Ресей және Германия зауыттарынан жаңадан сатып алған техникамызға өнімді еселеп алуға жол ашады деп сеніп отырмыз. Отбасымда да биыл сүйінші жаңалықтар көп болды. Оның бастысы, әрине, немерелі болуым еді. Әкем Төлеген Бименұлының да ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегі ескеріліп, оған «Атбасар ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Інім Нұржан Қамбатыров Атбасар қаласының әкімі болып тағайындалды. 
2. 2015 жылы баршаңызға табыс тілеймін. Қой жылы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын.  Ең бастысы, бірлігімізден ажырамайық.
Атбасар ауданы.

Нәзира АХРУТДИНОВА, Ақан сері атындағы  Көкшетау мәдениет колледжінің   музыкалық пәндер оқытушысы:

1. Мен халық аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығы бойынша білім алып жатқан ІІІ курс оқушыларының топ жетекшісімін.  Тобымызға бұл жылдың табысты болғанын қол жеткізген  нақтылы  марапаттармен айғақтай кетейін.  Жуырда Қарағанды қаласында өткен  «Тұлға» халықаралық  фестивалінде  бірқатар  оқушыларым жүлделі орындарға ие болды.  Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жас-тар фестивалінен де қанжығамыз майланып оралды. Соның ішінде  жетігенде ойнаған Мадина Хайса  мен сазсырнай аспабын шерткен  Ерқанат Байболат лауреат атанды. 
Бұл − халықаралық додалардан  ғана  алған марапаттарымыз. Бұдан басқа, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында ұйымдастырылған дәстүрлі байқаудан екі шәкіртім дипломант атағымен оралды. Өзге де республикалық, облыстық, қалалық деңгейде өткен сайыстарда колледж шәкірттері ұдайы топ жарып жүреді.  Облыстық көркемөнерпаздар байқауының  да барлық аталымдарында дерлік оқушыларымыз үздіктер сапынан көрінуде.
Ал, өзіме келер болсам,  екі бала тәрбиелеп отырған анамын. Ұлым Қарағанды қаласындағы  медициналық университетте үшінші курста оқиды. Ал, қызым  биыл оқуын сәтті аяқтап, мемлекеттік мекемеге есепші болып жұмысқа орналасты.  Ата-анаға балаларының  қуанышына куә болудан артық бақыт болмаса керек.
Ана ретінде де, отыз жылға жуық ғұмырын педагогтық қызметке  арнаған ұстаз ретінде де мені өз ұрпағым мен ұл-қыздарымдай болып кеткен  шәкірттерімнің толайым табыстарға кенелуін көріп, соларды осы биік шыңдарға жетелеуден асқан мұрат жоқ. 
2. Сондықтан да, жылқы жылында болған бәйгелерден оза шапқан  өнерлі оқушыларым қой жылы да асқақ белес-терден көрінулерімен қуанта береді деген сенімдемін. Жалпы, колледжіміздің  жетер жетістіктері мен көрінер биіктері әлі де алда деп білемін. Ендеше, 2015 жыл да елімізге тыныштық пен әрбір  азаматқа  мол бақыт ала келгей. Баршамыздың да  арман-мақсаттарымыз орындала берсін. 

Тимур ЫСҚАҚОВ, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы:

1. Мен үшін  де 2014 жыл оң өзгерістер мен зор жетістіктерге толы болды. Сүйгеніммен қосылып, отбасын құрдым. Бүгінгі күнде бақытты өмір сүріп жатырмыз. Ал, қызметіме келетін болсам, облыстың барлық аудандарында жастар ресурстық орталықтары ашылып, нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Бұл орталықтар жыл ішінде 630 іс-шара өткізіп, бұған жетпіс мыңнан астам өрен қатыстырылды. Жастардың бүгінгі беталысы елдің ертеңін аңғартатынын ескерер болсақ, кемел болашаққа  аяқ басу үшін алда тұрған толағай міндеттерді орындауға барынша күш салуы қажеттігін аңғарамыз.
Сондай-ақ, 2014 жылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру, кәсіби алғырлық, жастар жұмыссыздығының алдын алуға байланысты бос жұмыс орындары туралы ақпарат беретін жеке парақша шығара бастадық. Жастардың дені әлеуметтік желілерді пайдаланатындықтан бұл парақша олардың тараптарынан қолдауға ие болды. Осы жоба бойынша екі жүзге жуық жастар жұмысқа орналасты. Дей тұрғанмен, әлі де болса ғаламтормен жұмыс жасап, жастарға пайдасы тиер жобаларды қолға алуға құлшынысымыз артып отыр.
2.  Елбасының жас-
тар саясатын қолдауы мерейімізді үстем етіп отырғаны сөзсіз. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты биылғы Жолдауда жастар саясатының ел өміріндегі маңызы жан-жақты сараланып, жастар қауымына үлкен сенім артылған еді. Бұл сенім бізге қанат бітіріп алға жетелейтін басты фактор болып табылады. Сол себепті, 2015 жылы да жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктер жылы болатынына зор үмітпен қараймын. Қазақстан мемлекеті қарыштай дами түсіп, бейбіт күндеріміз мәңгі жалғасын таба берсін!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар