2017 жыл – ақмолалықтар үшін табысты болды

Елбасының 2017 жылғы 13 қазандағы Жарлығымен Еңбекшілдер ауданының атауы Біржан сал болып өзгертілді. Біржан сал 1834 жылы осы Еңбекшілдер ауданы аумағында дүниеге келіп, 63 жасында осы жерде қайтыс болған. Біржан сал қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз ән-өлеңдерімен толықтырған ірі тұлға.

2017 жылдың 14 наурызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалин Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды.
* * *
Ақмола облысы бойынша 4,3 миллион гектар алқаптан 5,1 миллион тоннадан астам астық жиналды. Әр гектардың түсімі 11,8 центнерден айналды.

* * *
Мал басы өсті. Жылқы 6 пайызға көбейіп, 165,9 мың, ірі қара мал саны 0,8 пайызға артып, 411,1 мыңға жетті. Қой-ешкі 0,2, құс 114,1 пайызға өсті. Облыс бойынша 91,5 мың тонна ет, 357,3 мың тонна сүт, 720,5 миллион дана жұмыртқа өндірілді. 27,6 мың мал ұстайтын 31 мал бордақылау алаңы құрылды. 6,7 мың бас мал етке өткізілді. Қазіргі уақытта өңірдің тауарлы сүт фермаларында 25 мыңға жуық сиыр сауылуда, 357 шаруашылық қой өсірумен айналысады. 150 мыңнан астам қой бар. 2017 жылы ет және сүт бағытындағы 91 ауыл шаруашылығы кооперативі ұйымдастырылды.

* * *
Жыл қорытындысы бойынша инвестиция тарту белсенділігі арта түсті. Биылғы жылдың он бір айында облысқа 224 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған негізгі капиталдың инвестициялары 2017 жылғы
1 қарашадағы жағдай бойынша 47 миллиард теңгені құрады.

* * *
Индустрияландыру күніне орай өткен жалпыұлттық телекөпір аясында Степногорск қаласындағы «Қазақалтын Technology» компаниясы Ақсу кентінде Доре қорытпасын өндіретін жаңа фабрикасы іске қосылды. Бұл техногенді минералды түзілістерді қайта өңдеу арқылы Доре қорытпасы түрінде алтын мен күміс өңдейтін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Жылына 7 миллион тонна техногенді минералды түзілістерді өңдеуге қауқарлы.
Сонымен бірге, осындай инвестиция тарту нәтижесінде Көкшетау қаласында ел тәуелсіздігінің 26 жылдығы қарсаңында 45 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Үй құрылысына 219,3 миллион теңге қаржы жұмсалды. Оған «Бәйтерек» Development» акционерлік қоғамы инвестиция салды.

* * *
2017 жылы облыста жол салу және жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Бір жылдың ішінде жергілікті маңызы бар 235,6 шақырым жол жөндеуден өткізіліп, соның ішінде 13,3 шақырым жолдың құрылысын жүргізуге және жаңартуға мүмкіндік берді. 114,3 шақырым жол орташа және ағымдағы жөндеуден өткізілді.
* * *
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде айтылған өзекті мәселелерді жүзеге асыру белсенді жүргізілді. Өңірдің тарихи жерлері «Қазақстанның киелі географиясы» картасына енді.
Олардың қатарында: Құмай ескерткіштер кешені, Бытығай кесенесі, Бурабайдағы Абылай хан алаңы мен кешенге кіретін тарихи орындар, аңыз-әңгімелерге негіз болған Оқжетпес шыңы, Қабанбай батыр кесенесі, Баубек батыр мазары сияқты орындар бар.

* * *
Степногорск қаласында академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші ашылды.

* * *
Халқымыздың ұлы ақыны әрі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сəкен Сейфуллин негізін қалаған Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің 100 жылдығы аталып өтілді. «Арқа ажары» газеті редакциясы ғимаратында Сəкен Сейфуллиннің құрметіне мемориалдық тақта ашылды.

* * *
Ақмола облыстық әділет департаментінің мәліметтері бойынша 2017 жылы облыста 11250 сәби дүниеге келген. Олардың 5790-ы ер бала болса, 5460-ы қыз бала.

(Бұл мәліметтер алдын ала беріліп отыр. Көрсеткіштер нақтыланғаннан кейін өсімнің болуы мүмкін).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар