Материалдар

Әлі қарттың әңгімесі

 

Көрнекті ақын, жерлесіміз Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі» атты поэмасы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы ел басына төнген ауыр алапат – ашаршылықты суреттейтін кесек туынды. Поэманың өлең құрылысы өзіндік ерекшелігімен құнды. Сол бір кеңестік заманның ащы шындығын арқау ететін поэма 1940 жылы орта мектепке арналған хрестоматияда басылғаннан кейін қырық сегіз жыл бойы халықтан біржола жасырылып келіп, тек бертін 1988 жылы ғана сол кездегі жариялылықтың лебімен әдеби басылымдарда қайта жарық көре бастаған болатын. Сондықтан, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, осы әйгілі «Әлі қарттың әңгімесін» өз оқырмандарымызға толық нұсқасында ұсынып, жете таныстырғанды жөн көріп отырмыз.

 

І
Ел ішінде сыр да көп,
Сыры терең жыр да көп.
Соның бірін жырлайын!
Ауыл қарты Әлінің
Көпті көрген кәрінің,
Әңгімесін тыңдайын.
Жалтыр аяз қыс өтті,
Нелер қиын іс өтті.
Шамам келсе жырлайын.
Ауыл қарты Әлі еді,
Көпті көрген кәрі еді.
Ағызатын тіл майын,     
Болғанына бұл істің
Үлкен қиын жұмыстың,
Сегіз жылдан аспады.
Күн артынан күн қуып,
Жыл артынан  жыл қуып,
Кешегі аштық болғанда,
Адам жүзі солғанда,
Кімдер асып-саспады.   
Есі кетіп жаңылып,
Сапырылып сабылып,
Кімдер аяқ баспады.
Жұтқа салып ылаңын,
Ойнатып жын-боранын.
Кімге зәрін шашпады.
Талайлары арандап,
Сұрқия аштық жалаңдап,
Кімге аранын, ашпады?!
Осылай деп Әлі қарт,
Бір серпілтіп тастады.
Біресе қызып толғанып,
Біресе бұзып мұңданып,
Әңгімені бастады:

II
Күндер мынау өткені,
Сегіз-ақ жыл өткелі,
Аштық дәмін таттық қой.
Қолдағы үйір жылқының,
Қалдырмастан тұқымын,
Тілім нанға саттық қой.
Әл дегенің кем болып,        
Итке-құсқа жем болып,
Сары далада жаттық қой.
Қолды созып бергенде,
Тілім нанды көргенде,
Отты көзбен аттық қой.
Көздің жасы көл болып,
Сығылысып сең болып,
Айдалада қаңғырдық.
Талықсып жүрек үзілді,
Бір жапырақ қызылды,
Неше күндей нәр қылдық.
Буын босап, әл кетіп,
Әлмен бірге жан кетіп,
Еңіредік, зар қылдық.

Күндер зулап өтті ғой,
Өтті бәрі, кетті ғой,
Сол есімде қалыпты.
Өліп жатып қыбырлап,
Жан береді жыбырлап,
Біреулері талыпты.
Кейбіреуі мұңайып,
Аш жүрегі қарайып,
Біреуі естен таныпты.
Бірі құлап бұралып,
Бірі боздап жыланып,
Біреуі өліп қалыпты.
Жұрттың бәрі қаңғырып,
Қан сасытып мал қырып,
Күйзелді де тарықты.
Құрбан қылды бұл аштық,
Жалаңдаған сұм аштық,
Нелер қыршынды, алыпты.
Күңіреніп Сарыбел,
Ұмытпайды біздің ел,
Аштық жылы мешінді.
«Мешін» салып қармағын,
Жалап, жұтып жан-жағын,
Талай өмір кесілді.
Арқадағы бауырға,
Мешін жылы ауылға,
Ойнатты талай кесірді.
Мұны да енді тастайын,
Енді әңгіме бастайын.

Ашаршылық салдарын,
Жалғыз ғана жан үшін,
Бір тілімдей нан үшін,
Шұбыртты талай жандарын.
Әйел, еркек – бәрі де,
Бала шаға, кәрі де,
Арқаның талай шалдарын.
Түйір бидай, тілім нан,
Келгендей-ақ қырымнан
Бір әйелге құн болды.
Бала айырылып атадан,
Қыз айырылып анадан,
Таң қаларлық күн болды.  
Аштықтан бел иіліп,
Аш қолқасы қиылып,
Қарға адым жер мұң болды.
Шортан шалып қарағай,
Алды-артына қарамай,
Аштық бейне жын болды,
Астықпен толып албары,
Аман шығып жандары,
Бай тапқаны пұл болды.
Үйде отырып еріккен,
Ермегі жоқ желіккен,
Талайына сын болды.
Әуе айналып түскендей,
Жердің үсті көшкендей,
Мешін сондай жыл болды.

ІІІ
Талайы қоныс ауысты,
Ішіп-жемін тауысты,
Аз ғана қорек қарасын.
Талайы елден безді ғой,
Аң секілді кезді ғой,
Қалың орман арасын.
Мешін жыры – ауыр жыр,
Мешін жылы – ауыр жыл,
Өзің естен танасың.
Құлниязда Сағымбай,
Жейтін қорек табылмай,
Ертіп шықты баласын.
Баласы Әділ екіде,
Толған сонда екіге,
Жұдырықтай қарғасын.
Баланың аты – Әділ-ед,
Шешенің аты –Жаңыл-ед,
Сағымбай бастап келеді.
Жүректері үзіліп,
Аш көздері сүзіліп,
Ақырын ілбіп ереді.
Аш көзінің тынары,
Ойлағаны құмары,
Тамақ табар жер еді.
Естен танып, ойды алып,
Әлі кетіп, бойды алып,
Аштық, ажал араны,
Жайды жылап тұлымын,
Беттен сүйіп құлынын,
Көтерді Жаңыл баланы.

Меңіреу жазық – сары дала,
Сары дала – аштық айнала,
Асты қайдан табады?!.    
Екі көзін жас тіліп,         
Екі аяғын тас тіліп,
Қолдырады табаны.
Дөңес-дөңес сары бел,
Ішін тартып дүлей жел,
Бетке аямай соғады.
Сасып, құрттап, шіріген,
Жидіп, борсып, іріген,  
Өлімтік болды тамағы.
Безіп туған бауырдан,
Тамақ үшін ауылдан,
Сағымбай кезді даланы.

ІV
Жазық дала тұп-тұйық,
Тұйық сыры тұңғиық,
Сырын білер жан да жоқ,
Көші-қонды ел де жоқ,
Нулы шалқар көл де жоқ.
Қыбырлаған мал да жоқ,
Ылди да жоқ, қыр да жоқ,
Қою орман, шың да жоқ.
Өрмелей біткен жол да жоқ,
Бетті осып тіледі,
Мазақ қылып күледі,
Жынды желде ар да жоқ.
Жазылып жатқан сары дала,
Аштық, обыр – айнала,
Пана қылар жар да жоқ.
Ақ үкісі шайқалған,
Жапырағы жайқалған,
Ағаш та жоқ, тал  да жоқ.
Әлде сыры берік пе,
Әлде қанға жерік пе?!
Шөптің басы тербелед.
Екі сорлы аяңдап,
Шаршағанда аялдап,
Әлі бітіп сенделед.
Жалғыз-ақ бүркіт аспанда,
Шалықтап  ұшып аспанға,
Шырқайды ұшып дөңгелеп.
Өлімтік көзін ойған ба,
Әлде қанға тойған ба,
Бүркіттің сырын кім білед?!
Алғыр бүркіт қомданып,
Ызаланып, жонданып,
Шарықтап ұшып барады.
Сегіз тұяқ сойдиып,
Суылдайды құйылып,
Жұлдыздай боп ағады.
Әлде көзді ояды,
Әлде қанға тояды,
Біреуді әлде жарады.
Суылдап өтті қасынан,
Зуылдап өтті басынан,
Бүркітті көзі шалады.
Жүруге енді әлі жоқ,
Тартты ішіне қаны жоқ,
Сағымбай талып барады.    
Жанды  қолдан бергендей,
Обыр аштық жеңгендей,
Бұлдырап көздің жанары.
«Жолдасым» деп егіліп,
Қабырғасы сөгіліп,
Жаңылдың жасы тамады.
Жақын қалған асуға,
Ілгері аяқ басуға,
Қуат жоқ, әлі кеміді.
Алтын бесік ауылым,
Құрбы, құрдас, бауырым,
Хош бол енді ел – деді.
Бір көгерді, бір жанды,
Сүйеніш етті бір талды,       
Ербеңдеп қолды сермеді.
Біресе сүйіп Жаңылын,
Біресе төсеп бауырын,
Бұралтып аштық меңдеді.
Әділім, менің құлыным,
Құлыншағым, жұлыным,
Аман бол, енді сен – деді.
Жамылғыш  жоқ, кебін жоқ,
Ит пен құстың жемі боп,
Өлдім енді мен – деді.
Енді иесіз қалам ба,
Мидай жазық далада,
Жаңыл да еңіреп зарлады!
Біресе жанып күйеді,
Біресе басын сүйеді,  
Басқа дәрмен қалмады.
Қалғаның ба далада,               
Кім қолғанат балаға.
Жолдасым деп сарнады.
Бір мезгілде Сағымбай,
Басқа ылажы табылмай,
Жаңылға төніп қарады.
Өзгеріліп барады,  
Қусырылып танауы,
Көтеріп басын алады.
Көгеріп дене бұзылып,
Кезеріп еріні сүзіліп,
Есеңгіреп қалады.
Жанталасқан ашуға,
Аштық зәрін басуға.
Өзінше амал табады.
Қимаса да амал жоқ,
Содан басқа табар жоқ,
Жемек болды баланы.
V
Аштық ажал, кебін ғой,
Аштық ессіз жебір ғой,
Шыдатпады сабырға,
Буынын алып дірілдеп,
Әлденені күбірлеп,
У жиылды тамырға.

Аударылып баста ми,
Туғандай-ақ басқа күй,
Айналды заман тарынға.
Көңілі жеуге кеткенін,
Сондай хәлге жеткенін,
Сағымбай айтты Жаңылға:
–Таршылықты бір көрген,
Шалғай қара күн көрген,
Шын жолдасым сен едің!
Жастан ойнап күліскен,
Сырын түйіп біліскен,
Сағымбайың мен едім.
Тірі жүрсек екеуміз,
Ойға алғанға жетеміз,
Кем болмаспыз деп едім.
Ауыр күнге жеттік біз,
Қармағына іліктік біз,
Аштық ажал кеменің.
Қимасақ та амал жоқ,
Қимайтұғын заман жоқ,
Әділді енді жер едім.
Әлі жеткенше қарманып,
Айдалада сандалып,
Тарылтты аштық үнімді.
Мұндай күйге түсірді,
Көзден бұлбұл ұшырды,
Тамағы тоқ күнімді.

Тұла бойдан сұрды алып,
Сұрмен бірге қырды алып,
Кетірді мынау сынымды.
Аяқ пен қол ісініп,
У ішкендей қысылып,
Әкетті аштық буынды.
Жаңылым, менің жолдасым,
Таршылықта сырласым,
Көресің қалай мұнымды?!


Зарланғандай гуілдеп,
Ішін тартып уілдеп,
Дала жел еседі.
Құлаққа тиген суық сөз,
Жүректі тіліп теседі.
Сықылықтап жел күліп,
Желмен сары бел күліп,
«Жейді» болды деседі.
Аспанда күн шалқалап,
Күннің көзі қанталап,
Ақырын жылжып көшеді.
Өмір ұзақ қиыр ғой,
Өмір жолы қиын ғой,
Өмірді бастан кешеді.
Аяз қаққан жалтыр мұз,
Мұздың бетін жалтыр сыз,
Өмірдің ауыр төсегі!
Түпсіз шыңырау тар өмір,
Мұңды қайғы, зар өмір,
Сол төсегін төседі.
Жасы толып көзіне,
Сағымбайдың сөзіне,
Жаңыл талып түседі.
Айырылды күшінен,
Жаңыл талды есінен,
Қабырғасы сөгілді.
Ішін тартып толғана,
Мұңлы болған сорлы ана,
Көзден жасы төгілді.
Біресе талып құлады,
Біресе бітіп жылады,
Сай-сүйегін кемірді.
Біресе қимай ұлының,
Жайып тастап тұлымын,
Біресе жерді тебінді,
Айтпаған сөз қалмады,
Біресе күйіп қарғады,
Ашаршылық өмірді.
Ішін өртеп барады,
Біресе естен танады,
Біресе көрді кебінді.
Біресе жерге ұрды бас,
Қиналды жан, ыстық жас,
Атты көзден төгілді.
Құлағы керең ұқпаған,
Осындайда шықпаған,
Шіркін, жан да сірі еді?!

Сағымбаймен қосыла,
Бетін тіліп жосыла,
Екеуі бірдей зарлады.
Тас қолқасы қиылып,
Түйдек-түйдек түйіліп,
Көзден жасы парлады.
Мұңды болған сорлы ана,
Бүйірін басып толғана,
Еңірене боздап сарнады.

VІІ
–Тар құрсағым кеңейткен,
Тас емшегім жібіткен,
Әділтай, ботам, құлыным,
Бақайшағым майысқан,
Омыртқа, белім қайысқан,
Өкпе, бауыр, жұлыным,
Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,
Басқа біткен тұлымым.
Аяладым тербетіп,
Жігіт болып ержетіп,
Өскеніңді көрмедім.
Жүрегіме от болып,
Жана түсіп шоқ болып,
Шамдай болып сөнгенің.
Сен дегенде қуанып,
Алдыма алып уанып,
Түн ұйқымды бөлгенім.
Аштық аран жеңгенше,
Сені қолдан жегенше,
Артық менің өлгенім!
Қарашығым, ермегім,
Күнім, айым, жарығым.
Алдымдағы шынарым,
Бауырымдағы құмарым,
Бойымдағы қауырым.
Емшек енді суалды,
Зар жақ енді қуарды,
Құлыншағым, Әділім.
Тұншықтырып қан басып,
Еңіреумен зар басып,
Үзілді ме жүрегім?!
Желкілдеген нар ботам,
Ойнақтаған бал ботам,
Кеткенің бе тірегім.
Жалғызым менің жан саям,
Ата-анаңа бал саям,
Болмады ма тілегім?!
Кемсеңдетіп иекті,
Сықырлатып сүйекті,
Сынғаны ма білегім?!

Сарнады солай сорлы ана,
Зарлады солай толғана,
Әділін бірақ қимады.
Көкірегі шер болып,
Көздің жасы көл болып,
Тыйылмады, тимады.
Біресе талып Сағымбай,
Жейтін тамақ табылмай,
Жаңылды бұ да қинады.
Өкпе ауызға тығылып,
Есі кетіп жығылып,
Үйірілді иманы.
Оны естіген дала жоқ,
Сарнағанмен шара жоқ,
Жаңыл есін жинады.
Дала мылқау үні жоқ,
Үндер еді тілі жоқ,
Не қылсын ол, зарланды.
Бұлдыр сағым бұлдырап,
Буалдырлап тұнжырап,
Долданды жел, қағынды.
Жердің бетін тербеді,
Долы желдің ермегі,
Екеуі болып табылды.
Сарнаған соң қайысып,
Бақайшығы майысып,
Сағымбай сүйді Жаңылды.

VIII
–Қарағым, Жаңыл, жылама,
Жылағанмен бола ма,
Көтер жерден басыңды.
Бұл болмайтын ауыр күй,
Шын бәлекет жауыз күй,
Төкпе, Жаңыл, жасыңды.
Ішім күйіп жанады,
Айналдырып барады,
Зырқырап ми басымды.
Күн күркіреп, жалтылдап,
Найзағайы жарқылдап,
Түсіргендей жасынды.
Жапан түзде өлеміз,
Жанды қолдан береміз,
Таппасақ біз тәсілді.
Баланы жеп тоялық,
Аштық уын жоялық,
Жарты етін қақтап алармыз.
Көп ойланбай мұңайып,
Етке тойып тыңайып,
Тоқшылық елге барамыз.
Болмаса кесір бағыма,
Аман болсақ тағы да,
Ұл да, қыз да табармыз.
Жұмақ болып, жер жұтып,
Бір күндей болмай ұмытып,
Мұны дағы қалармыз.
Таршылық қысып жанымды,
Дел-сал қылып тәнімді,
Құрып тұр менің амалым.
Жұлын тұтам суырылып,
Апшым менің қуырылып,
Құрып тұр менің амалым.
Жұлын тұтам суырылып,
Апшым менің қуырылып,
Қуаң тартты ажарым.
Сұрқия жалған өмірдің,
Өмір емес жебірдің,
Екеуміз тарттық азабын.
Түнеріп бізге әрекет,
Аштық қара бәлекет,
Үйретті бізге сабағын.
Аштық бәле тас жүрек,
Қара басқыр қас жүрек,
Түйді бізге қабағын.
Долдана келген лепіре,
Түйіле келген бетіне,
Не айланы табамын?!
Мынау – салқын, долы жел,
Анау – жазық сары бел,
Кімге мұңды шағамын?
Сары далада бейіл жоқ,
Салқын желде мейір жоқ,
Енді қайда барамын?!
Бұлдырап сағым өттің бе,
Дәуренім ұшып кеттің бе?!
Қайран дүние заманым.
IX
– Баланы жеу ауыр ғой,
Бала – жүрек, бауыр ғой,
Бала – ананың тынысы.
Бала – ананың қолқасы,
Қолқаның жан ортасы,
Бала – атаның ырысы.
Бала – бөбек, бал бөбек,
Бал бөбегі – жан бөбек,
Бала – жүрек жемісі.
Уыз бетті, тас түлек,
Шырқыраған жас түлек,
Бала – ананың өрісі.
Бала – бауыр, бал бауыр,
Баласыз ана – зар бауыр,
Бала – ананың қанаты.
Әлдилейтін ер қылып,
Басқа пана бел қылып,
Бала – атаның болаты.
Бала көркі – ана ғой,
Ана көркі – бала ғой,
Бала – ананың еркесі.
Тас емшегі иетін,
Мейірлене сүйетін
Құлыншағы, серкесі.
Бала – алма, бал алма,
Бал тамшылар қан алма,
Желкілдеген құрағы.
Баласыз ана – зар ана,
Балалы ана – бал ана,
Мейір қанар бұлағы.
Көзден жасын тия алмай,
Сол баланы қия алмай,
Тағы да Жаңыл құлады.

X
Құлағанмен не шара,
Тұрды дағы аз ғана,
Ойланды біраз «нетейін?!»
Ойға түсті, ойланды,
Күрсінді Жаңыл, толғанды.
Қайырын енді күтейін:
– Жан жолдасым, жесең же,
Жегізгенше көзімше.
Асудан әрмен өтейін!
Боздағымен қарғанып,
Еңірегеннен зарланып,
Аштықтан қалай өледі.
Сүйіп-сүйіп алады,
Алдына қойып баланы,
Жеуге енді береді.
Біресе жүрек қабынып,
Біресе естен жаңылып,
Біресе қайтып кетеді.
«Жемеймін» деп біресе,
«Көрмеймін» деп біресе,
Әрмен қарай жүреді.
Тұла бойы жыбырлап,
Төбе шашы шымырлап,
Жүрегін бала тіледі.
Мейірімсіз аштық батылы,
Аударылып ақылы,
Біресе Жаңыл сасады.
Тағы келіп баланы,
Сүйіп-сүйіп алады,
Бауырына басады.  
Жынданғандай күбірлеп,
Сұп-сұр болып дірілдеп,
Біресе өңі қашады.
«Құлыным» деп Әділін,
Санай басып адымын,
Асудан Жаңыл асады.
Асудан арман өтерде,
Ойға түсіп кетерде,
Әлсін-әлсін қарады.
Ащы қайғы ойды алып,
Ауыр қара бойды алып,
Зарды шырқап салады.
Біресе тұрып жығылып,
Тізесін бүгіп, сүрініп
Буынды алып барады.
Біресе басып ілгері,
Біресе кейін жүреді,
Біресе артқа қарады.
Бір шақырым кеткенде,
Асудан төмен өткенде,
Жоқтады Жаңыл баласын:
Тас емшегім құрысын,
Жүрегім менің құрысын,
Тастай болып суалған.
Сен туғанда қуанған,
Көңілім менің құрысын.
«Әділім» деп уанған,
Жағым менің құрысын.
Түгі шығып қуарған,
Көзім менің құрысын.
Сені көріп нұр жанған,
Ендігі күнім құрысын.
Әуре қылған сұм жалған.
XI
Көкірек жарған мұңменен
Зарлы дауыс үнменен.
Талықсып Жаңыл келеді.
Дауыс қылмай тұрар ма,
Дәті оның шыдар ма?!
Айырылған соң бөбектен.
Кейде толқып кетеді,
Күңіренгенде етегі,
Толғандай жас төгеді.
Буланып оның алқымы,
Әділі жаны, алтыны,
Қабырғасын сөгеді.
Нешелер аштық болғанмен,
Аштық зары сорғанмен,
Мұндай болар демеді.
Бір мезгілде қараса,
(Аң-таң болып тамаша),
Қарайған бір зат көреді.
Қос көрініп келе ме,
Қарайған әлде төбе ме?!
Әлде жалғыз оба ма,
Әлде жолдың соңы ма,
Әлде құстың торы ма?!
Жә, болмаса мола ма?!
Көшіп кеткен сабыла,
Жалғыз қалған адыра,
Не болмаса қора ма?!
Әлде қандай биік пе,
Не өртенген күйік пе,
Әлде бір зат бола ма?!
Адам ба екен, аң ба екен,
Не болмаса там ба екен,
Әлде бір топ қоға ма?!
Анадайдан көрінді,
Жаңыл көңілі бөлінді,
Немене деп қарады.
Не болса да көрейін,
Не болса да білейін,
Деп ойына алады.
Тезірек басып барады,
Не қылғанмен қараны,
Көңілге медеу санады.
Қарайғанға жетуге,
Болмаса біліп кетуге,
Аяғын жылдам басады.
Ентелей басып ілгері,
Алқына келіп жүреді,
Әрмен қарай асады.
Жас төгіліп қойынға,
Әлде не деп ойында,
Біресе көңіл тасады.
Бір мезгілде жыланып,
Өңі кетіп, қуарып,
Біресе түсі қашады.
Біресе ойлап баласын,
Көзінің ақ пен қарасын,
Біресе Жаңыл сасады.

XII
Міне, қызық, тамаша,
Жақындап келіп қараса,
Көреді үлкен бүркітті.
Қодиып отыр, арбиып,
Саусағы оның тарбиып,
Бүркітті қолмен үркітті.
Ұшты бүркіт зуылдап,
Жел қанаты суылдап,
Аспанға өрлеп барады.
Қанатты жайды керіле,
Бүркіттің ұшқан жеріне,
Жаңыл да келіп қалады.
Бүркіт қыран, ақ иық,
Ақ иық ілген далиып,
Ойнақшыл киік дала аңы.
Киікті Жаңыл көргенде,
«Немене» деп төнгенде,
Еске түсті манағы...
Не қыларын біле алмай,
Не жылап, не күле алмай,
Жаңыл аң-таң қалады.   
Әл кірді бойға, қуанды,
Сұм жүрегі жұбанды,
Табылған соң тамағы.
Көргеннен соң киікті,
Әзер есін жиыпты,
Ашылғандай қабағы.
Бір мезгілде ойланды,
Ойға түсіп толғанды,
«Жеді ме» деп баланы?!
Арқаның аңы – ор киік,
Бөрте ешкідей зор киік,
Олжа болып табылды.
Тегін олжа, даяр ас,
Біресе қайғы аралас,
Жаңыл ойға салынды.
«Жеп қойды ма Әділді,
Жеген шығар жанымды»
Деп жүрегі қабынды.
Түрлі қиял дерт болып,
Дерт емес-ау өрт болып,
Сандалтты енді Жаңылды. –
Жаңыл енді ойлады,
Ойланып қана қоймады,
Көңілі ойға жүгірді.
Бір мезгіл ойға салады,
Біресе жүрек жанады,
Біресе көңіл суынды!
Киіктің төніп үстінде,
Аналық мейір түскенде,
Жүрегі күйіп тілінді.
Әлде неме тигендей,
Зар-зардабы сүйгендей,
Сақылдан жағын қуырды.

XIII
«Көп тұрмайын» деді де,
Баланы әлде жеді ме»?!
Алып-ұшты жүрегі.
Бала етіне тоймаса,
Сағымбай жеп қоймаса,
Ендігі Жаңыл тілегі.
«Қысып аштық тамағы,
Шырылдатып баланы,
Жеді ме, кім біледі?»
Әлде нені білем деп,
Әлде неге елеңдеп,
Құлағын желге түреді,
 «Не болса да байқайын,
Сағымбайға айтайын»,
Деді де кейін жүреді.
Жерге тимей аяғы,
Жүріске салып баяғы,
Жаңыл кейін жүреді.
Баяғы жүріс, жүріс пе,
Баяғы тыныс, тыныс па,
Етек-жеңін түрінді.
Екпінді жүріс желінен,
Екпіндеткен лебінен,
Бір тұрып, бір жығылды.
Жүрген жолдан жаңылды,
Жүрегі күйіп қабынды,
Өкпе аузына тығылды.
Жүгіре басып келеді,
Бір мезгілде көреді,
Сағымбайдың қарасын.
Көрінді қара жалт етіп,
Ойға түсті кілт етіп,
Не болды деп баласын.
Құлашты керіп қарыштап,
Бұлғады қолды дауыстап,
Жаңғыртты жапан даласын.
Отыр еді Сағымбай,
Басқа ылажы табылмай,
Баланы салып алдына.
Естіген соң дауысты,
Зәре үстіне зәре ұшты,
Бірдеме боп қалды ма?!
Сағымбай тағы ойлады.
Ойлағаны – тойғаны,
Бірдеме тауып алды ма?
Асудан арман ел көріп,
Ел емес-ау, көл көріп,
Әлде соған барды ма?!
Неге мұнша жүгіред,
Неге елеңдеп еліред,
Әлде естен танды ма?!

XIV
Дауыстан дауыс асыра,
Келіп қалды қасына,
Отыра кетті жанына.
– Бір тамаша көрдім мен,
Соны айтқалы келдім мен,
Әділжанның бағына.
Арып шаршап, болдырып,
Аштыққа енді жеңдіріп,
Өз-өзіңнен налыма?!
– Екі иықтан дем алып,
Неге мұнша қуанып,
Нені көрдің, Жаңылжан?!
Аштық алған бойымды,
Жаңылдырған ойымды,
Менің жаным жарым жан.
Неге ашылды қабағың,
Нені көрдің, қарағым.     
Алдымызда ел ме екен,
Мөлдіреген суы бар?
Жан сүйінер буы бар,
Балығы мол көл ме екен?
Сылдыраған бұлағы,
Жайқалып тұрған құрағы,
Құлпырған пүліш жер ме екен?
– Сағымбай-ау, бірі емес,
Бұл бір қызық жыр кеңес.
Жыр емей енді немене?!
ІІІын еңбектің жанғаны,
Әділдің аман қалғаны,
Дәл мұндай боп келе ме?!
Қанғандай боп бұлақтан,
Әліңді жи, қуаттан,
Енді аштықты елеме?!
Әрмен қарай өтейік,
Күшті жиып жетейік,
Анау тұрған төбеге.
Әлді жиып берілмей,
Төбеге шығып ерінбей,
Көтерейік иықты
Төбеден ассаң көресің,
Жараланған денесі,
Теңкиіп жатқан киікті.
Мана екеуміз сасқанда,
Шырқап жүрген аспанда,
Бүркіт барып іліпті.
Даланың ор еркесін,
Нақ тұсынан желкесін,
Қаңсыратып қиыпты.
Шыға келіп төбеге,
Қарайғанға немене?
Дедім дағы бардым ғой.
«Не өледі сені» – деп,
«Не Әділді жеді» –деп,
Мен дағы естен таңдым ғой.
Өзімді-өзім тия алмай,
Әділді, сені қия алмай,
Зарды шырқап салдым ғой.
Салып жетіп барғанда,
Сарнай айғай салғанда,
Бүркіт ұшты аспанға.
Қалмайды екен шұнам ес,
Болмайды екен құрам ес,
Адам шындап сасқанда.
Іштегі зарды қозғадым,
«Құлыным» деп боздадым,
Дірілдеп буын басқанда.
Барсам жатыр сол киік,
Етбетінен қонжиып,
Соған енді барайық.
Әрмен қарай кетуге,
Тоқшылық елге жетуге,
Азық қылып алайық.
Әділ де аман, сен де аман,
Сорлы  болған мен де аман,
Елді барып табайық.
Ас десе есі қала ма?!.
Бір қарады балаға,
Қуанып сүйді оң бетін.
«Құлыншағым  Әділ»  – деп,
«Арыстаным, жаным» – деп,
Біресе сүйді сол бетін.
Масаттана күлімдей,
Гу-гу етіп гуілдей,
Жел де сүйді жер бетін,
Киік еті дегенде,
Қан жүгіріп денеге,
Өзгертті шырай  келбетін.
Аман қалған бала олжа,
Тірі қалған жан олжа,
Табылған киік және олжа.
Олжаға батып қуанды,
Екі сорлы жұбанды,
Жұбанғаны бәрі – олжа,
Енді олжаға кенелді.
Екеуіне не керек,
Мұнан басқа тағы олжа?!
Сағымбай айтты Жаңылға
–Енді дереу шағында,
Жетейік барып киікке.
Ас деген соң әл кірді,
Әл емес-ау, жан кірді,
Шығайық енді биікке.
Енді ойланып қамығып,
Шаршамайық жабығып,
Салынбайық күйікке.
Буыны енді бекіді,
Толғандай кем-кетігі,
Екеуі де қуанды.
Ілбіп басып адымын,
Жаңыл сүйіп Әділін,
Бауырға басып жұбанды.
Бала да көріп анасын,
Аймалап еміп мамасын,
Жас жүрегі уанды.
Киікке барып жетуге,
Жүрекке нәр етуге,
Сағымбай да тырбанды.
Қуаныш бойға енеді,
Екеуі жүріп келеді,
Құтылдық деп ажалдан.
Бетіне ажар, рең кірді,
Рең емес-ау, өң кірді.
Қу жанына сазарған.

* * *
Ажалдан қалған сорлы ана,
Зар илеген шерлі ана,
Көтеріп келед баланы.
Талайды солай шұбыртты,
Адастырды, құрытты,
Мешіннің ауыр лаңы.
Әуреледі, дал қылды,
Мазақтады, даң қылды.
Аштықтың обыр араны,
Жаннан күдер үзді ғой,
Сағымбай, Жаңыл кезді ғой,
Кедір-бұдыр саланы.
Бір асуға барғанда,
Жақындап келіп қалғанда,
Көрсетті Жаңыл қараны.   
Едәуірдей жер екен,
«Әне» деуі де мұң екен
Киікке келіп қалады.
Қаужалаңдап қарманып,
«Тамаша» деп таңданып,
Олай-бұлай қарады.
Жемей жатып киікті,
Шығарды іштен күйікті.
Уайым енді тарады.
Жұлып алып қоң етін,  
Бұлтылдаған жон етін,
Ауызға салып қалады.
Әбден тойып етіне,
Қан тарады бетіне,
Біразын жолға алады.
Әл келгенше аяндап,
Арада үш күн жаяулап,
Тоқшылық елге барады.
Табан ақы күшімен,
Еңбектеніп ісімен,
Күншілік тамақ табады.
Қомағай аштық жынынан,
Талай өткен сынынан,
Сүйтіп аман қалады.
Бір жыл тұрды сол елде,
Еті, наны мол елде,
Күн, түн кәсіп етеді.
Бір тойынып қалады,
Бір күн тапқан тамағы,
Екеуіне жетеді.
Мешін жылы өткен соң,
Аштық күні кеткен соң,
Елге қайтты екеуі.
Елге келе кірісті,
Бұрқылдатып жұмысты,
Еңбегі болды өнімді.
Үкімет ашып бұйрығын,
Қарыз алып  ұйымнан,
Сағымбай салды егінді.
Басқаға енді жалынбай,
Ер жүректі Сағымбай,
Тепсе үзеді темірді.
Жігерленіп ісіне,
Өзінің сеніп күшіне,
«Алдым ба» – деді кегімді.

* * *
Қазынаның қорымен,
Советтің шын жолымен,
Оқуға кірді баласы.
Айта берсе толған іс,
Осының бәрі болған іс,
Сегіз-ақ жыл арасы.
«Табылды» деген есебі,
Байдың мылжың өсегі,
Текке қалды табасы.
Сағымбай нені көрмеді,
Үдей салып еңбегі.
Сегізге толды қарасы,
Әділді былтыр көргенде.
Оқудан қайтып келгенде,
Танымай қалдым түрінен.
Ширатылып нақыл ғып,
Айтқанында ақыл ғып.
Бал тамады тілінен,
Қызғалдақтай гүлденіп,
Пүліштей боп түрленіп,
Жастар енді өседі,
Жастың бойы өседі.
Жұртшылығым күшейді,
Елдің мұңын шешеді.
Октябрь тойына,
Ойланғанда ойыма,
Осы әңгіме түседі.
Өйткені биыл Әділдің,
Октябрьмен  шамалас,
Он жас толған мүшелі.
Қолында еңбек ойнады,
Төгілді қолдан оймағы,
Жаңыл да болды тұтымды.
Шаруасы теңеліп,
Көсегесі көгеріп,
Не бәледен құтылды.
Осылай деп Әлі қарт,
Көпті көрген кәрі қарт,  
Әңгімесін бітірді.

Кіру саны

  • Қолданушылар : 2
  • Материалдар : 6327
  • Сілтемелер : 9
  • Материалды қарау саны : 3522337