Материалдар

Қазақ тарихындағы қаралы жылдар

 

Облыс орталығындағы Достық үйінде «Қазақстан тарихындағы ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдарының басындағы саяси қуғын-сүргіндер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған ұлттық мәдени орталықтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері  қатысты.

 

1995 жылдың 5 сәуіріндегі Мемлекет басшысының Жарлығымен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланған болатын. Биыл қазақ халқының тарихында қаралы кезең болып саналатын 1932 жылғы аштыққа 85 жыл,  1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннің басталуына  80 жыл толып отыр. Күштеп ұжымдастыру салдарынан бұрынғы КСРО халықтарының көпшілігі аштыққа ұрынып, 7 миллиондай адам қаза тапса,  32-33 жылдардағы аштық салдарынан 1,5 миллиондай қазақ көз жұмған екен. Аштыққа, қиындыққа шыдамаған 600 мыңдай қазақ шет елдерге босып кетті. 37-38 жылғы қуғын-сүргін кезеңінде 110 мыңдай адам сотталып,  25 мыңы атылды. Ақмола облысы да нәубеттен аман қалмады.  Бес мыңға жуық адам сотталып, бес жүздейі ату жазасына кесілді. Сол жылдарда қазақ барлық оқыған, көкірек көзі ашық зиялыларынан түгелге жуық айырылды. Тіпті, ұлт ретінде жойылып кету қаупі де төнді. Қуғын-сүргін жылдарында Қазақстанға басқа рес-публикалардан қуғынға ұшыраған 1,5 миллиондай адам жер аударылды. КСРО аумағында 950 концентрациялық лагерьлер болды.  Онда миллиондаған адамдар азап шекті. Ақмола облысындағы «халық жауы» атанып, қуғынға түскендердің әйелдеріне арналған АЛЖИР лагерінде мыңдаған нәзік жандылар тауқымет тартты.  
Шараға қатысушылар алдымен, 30-шы жылдарда қаза тапқан жазықсыз жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Конференция барысында өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастау алған саяси қуғын-сүргін мен аштық жайында жан-жақты әңгіме болды. Қазақстан Республикасының Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің пофессоры Сатыбалды Ділманов «1930-шы жылдардағы жаппай қуғын-сүргін. Концлагерьлер желісін құру», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Ғалымтай Төлепберген «ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы репрессияға ұшыраған ақмолалықтар», осы оқу орнының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Рауза Абдуллина «КСРО-дағы жаппай қуғын-сүргін мәселесі» деген тақырыпта баяндама жасады.
Шара соңында саяси қуғын-сүргіннің зардабы жайындағы бейнефильм көрсетіліп, жиналған жұртшылық бұрынғы КСРО халықтарының бәріне үлкен зардабын тигізген нәубет жайында ой-пікірлерімен бөлісті.

Кіру саны

  • Қолданушылар : 2
  • Материалдар : 7173
  • Сілтемелер : 9
  • Материалды қарау саны : 4368240