Күнтізбе

« Тамыз 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Күнтізбе / Мұрағат

<< < Тамыз 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Материалдар

ӨМІРДІҢ ПӘРМЕНІНДЕ, УАҚЫТТЫҢ АҒЫМЫНДА бұл – қайығын қисайтпаған жандар қағидасы

 

Ақындар өмірді өзенге теңеп жатады. Адам тіршілігіндегі толқындарды елестеткені, соны жеңе білуге жігерлендіргені деп білеміз мұны. Бірақ, тұжырып түсетін тоқтам да бұл емес сияқты. Тіршілік – шеңберге сыймайтын шексіздік. Бірсуаттағы Бостан ағамыз өмір иесіне қаратып «Өмірдің баламасы – өмір!» дегенді айтады. Әрине, жалқы пайым дегеннің өзінде, ішің жылитын шындық осы. Қаншама қияс шапқандар табылғанымен, бұған соншама талас тудыра қоймайды. Сонда, тоқсанның төріне озған қария мұны неге сүйеніп айтады? Көп  сөйлемейтін көрегеннің жауабы да қысқа. «Адам өмірдің пәрменінде, уақыттың ағымында болуы керек» екен...    

 

1927 жыл. Аласапыран кез. Мөлдіреген маусым айының басталар күнінде Біржан еліндегі Көшербайұлы Омардың үйінде торсықшеке сәби іңгәлегенін біреу біліп, біреу білмеген. Алақайлайтын заман емес. Әйтсе де, адамның өмірге келуі сол өмірге сабақтас елеулі оқиға. Ешқандай асылығы жоқ. Оны кешегі ел басына күн туған кәмпескемен, асыра сілтеу саясатындағы қырғын-сүргінмен, азуы алты қарыс аяусыз ашаршылық қасіреттерімен де тұқырта алмайсың. Омар қуанышын бұлыңғыр Бүркітті тауымен, қарағайы қайысқан Бұланды орманымен оңаша бөліскен. Перзент қуанышы дегеніңіз ерекше. Мұндайда жақсы ойлар оянады. Ыңылдап ән салды. Заңғар көкке қол созған бәйтеректің діңгегін қапсыра қиялға берілді. Көңілі толқын тербеп, ішкі дауыспен «Бостан! Бостан!» деді. Ырыздығын орманнан терген Көшербай алтын бесік Мақпал ауылына «Бос-
тан! Бостандатып!» ат басын тіреген. Бөбектің аты Бостан болды. Мұнда да түйіп қояр бір мәселе бар сияқты.
Көзі ашық Омар көп жасамапты. Әкеден қалған қамшыны қаршадай Бостан ұстауға мәжбүр болған. Табиғаты тамылжыған Мақпал ауылы қарағай, қайыңы қайысқан орман құшағында орналасқандықтан отызыншы жылдардың нәубәті, салыстырмалы түрде айтқанда, ел қабырғасына онша бата қоймаған сияқты. Осы тұста орманды асыраушы десек, ауыл адамдарының бауырмалдығы мен жанашырлығы үмбет аяғын ұзартар қымбат қасиет дегеніміз дұрыс. Бұл Бостан секілді жетімектер жүрегінің қарайып, қатаймауының басты қайнары. Көпшіліктің қайырым, қамқорлығының қадірі осындайда білінеді. Ауыл мектебінде үнемі алда болды, аудан орталығындағы мектепте де үздіктер қатарынан түсіп көрген емес. Бірақ, бала көңілдің бұла қиялдары шыр-пыр шытынар тұсы жақындап қалғанын кім білген.
Ойламаған жерден Ұлы Отан соғысы басталып, ел-жұрттың шырқы бұзылды. Бас көтерер бәйтерек азаматтар қан майданға аттанып, көп ұзамай  Мақпалда шал-кемпір, бала-шаға ғана қалған. Орман төресі – бәйтеректің жан сыздата шайқалғаны осы болар. Бар ауыртпалық, жауапкершілік ерте есейген балғын шыбық Бостандардың мойнына түсті. Қаршадай балалар таң қылаңынан қас қарайғанға дейін өгіз айдап, жер жыртты, отын-су дайындап, шөп шапты, кіре тартты. Сол жылдарғы бұқаралық қарым-қайраттың қуатына қайран қалмасқа болмас еді. Қозғаушы күш – Жеңіске деген берік сенім. Соғысқа кеткен ауыл бәйтеректерінің қатары селдіреп, «қара қағаздың» күңіренісі жиілегенімен, жалпыхалықтық рух алауы сөнген емес. Оның үстіне іргедегі Құдықағаш ауылының тумасы жауынгер Рамазан Елебаевтың әйгілі «Жас қазақ» әнінің жаңғырығы, аудан орталығы Степняк қаласында туған Руслан Атнашевтің ақын Мұса Жәлелмен бірге Моабит түрмесінде азапталып атылғаны, оның есімі сол қапастың қабырғасына ойылып жазылғаны Бостандардың мақтаныш сезімін маздатқан. Бұған қоса, ол туылған 1927 жылы өздерінің Еңбекшілдер ауданы құрылғаны да талап жүгін салмақтандырып тұратын.
Мұндай жағдайда ауылды өгіз арбамен өрге сүйреу мүмкін еместігі айқын. Бостан Карл Маркс атанған колхоз басшыларының қыр соңынан қалмай жүріп, Макин МТС-ы жанындағы тракторшылар курсына жолдама алған. Содан 1952 жылға дейін «темір тұлпарының» тізгінін босатқан емес. Сол жылы аудан тарапынан Петропавл қаласындағы ұжымшар басқармаларын даярлайтын үш жылдық арнайы мектепке жіберіліп, агроном мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шықты. Жас маман аудандағы «Прогресс» кеңшарында 12 жыл бойы агроном, аға агроном, партком хатшысы болып абыройлы қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде кеңшардың екі мәрте республикалық және одақтық ауыспалы туды жеңіп алуында Бостан Омаровтың да елеулі үлесі барлығы талассыз.
Өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген Бостан Омаров 1967 жылы аудандағы іргесі 1930 жылдары қаланған ең ірі шаруашылық «Восточный» кеңшарына бас агроном болып тағайындалды. Алдымен Алматыда бастап, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған ол уақыт ағымына сай егіншілік мәдениетін көтеру ісіне бел шеше кірісті. Мұндағы төрт трактор-егіс бригадасының техникалық қуаты артып, жұмыс үдемелі кестемен ұйымдастырылды. Барлық 22 мың гектар егістік алқапқа шаруашылықтың өзінде дайындалған тұқым себіліп, тәжірибелік сынақтар ойдағыдай атқарылды. Ауданда алғашқылардың қатарында элиталық шаруашылық мәртебесін иеленген «Восточный» кеңшарының іріктелген тұқымдары әріптестер танабында да жайқалып өсіп тұрды.
Бостан ағамыз 1972 жылдан бастап 17 жыл бойы «Восточныйдың» директоры қызметін атқарғанда талай өзгерістердің куәсі болғанымыз бар. Міне, осы кезде ол кісінің іскерлік, басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілеттері кеңінен ашылып, кеңшар аудан және облыс шаруашылықтары арасында алдыңғы қатарға көтерілді. Шаруашылық экономикасының басты көрсеткіші – астық өндіруде жыл сайын тұрақты өнім алуға қол жеткізу нәтижесінде оның жылдық жалпы түсімі 25 мың тоннадан асып, мемлекетке 18-20 мың тонна сапалы астық тапсырылып отырылды. Сондай-ақ, мал шаруашылығының өркендеуіне үлкен мән берілді. Әсіресе, қазақтың ақ бас сиыр тұқымын асылдандырып, оны өз төлі есебінен көбейту айрықша назарда ұсталды. Өріс кеңейіп, жалпы ет өндіру көлемі жылына 1000  тоннаға жетуі қалай қол соқсаң да жарасатын көрсеткіш еді.
Бір сөзбен айтқанда, барлық іс жоспарланған өндірістік пайдамен атқарылды. Мұның өзі әлеуметтік саланың ілгері дамуына ықпал етті, көптеген тұрғын үйлермен қатар мектеп, мәдениет ошақтары, спорт алаңдары, әкімшілік ғимараттар, өндірістік нысандар пайдалануға берілді. Сөйтіп, ұжым мүшелерінің тұрмыстық әлеуеті көтеріліп, алаңсыз еңбек етуіне, әр салада тұрақты мамандар біліктілік шыңдап, өздерін жақсы жағынан көрсетуіне барынша мүмкіндік жасалынды. Жас мамандарды тәрбиелеу мәселесі күн тәртібінен түсірілмей, ұстаздық қозғалыс өрістеді. «Восточныйда» кадр тапшылығы, олардың негізсіз ауыстырылуы, еріксіз көшіп кетуі орын алған емес. Сондай-ақ, кеңшарда атақты малшы Социалистік Еңбек Ері Сатан Нұрмағановтың тәжірибе мектебі жұмыс істегенін үлгі етуге болады. Осы шаруашылықтың негізінде аудандық, облыстық семинар-кеңестер жиі өткізілетін. Бұл білгір басшының биік беделінен дерек беретін жағдай.
Газет қызметіне енді кіріскен біздерді аудан басшылары Бостан Омаров басқаратын кеңшарға жіберуге құлықты еді. Жуырда көне қойын дәптерлерімнің бірінен ол кісімен 1983 жылдың күзіндегі сұхбат жазбаларына кезіктім. Өзі делегаты болған Қазақстан Компартиясы ХVсъезінің шешімдерін орындау жолындағы жұмыстарын сұраппын. «Бесжылдықтың үш жылында 59380 тонна астық өндірілді. Бұл өткен бесжылдықтың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8076 тоннаға артық. Астықтың өзіндік құны 2,16 сомға арзандап, рентабельділік 30 пайызға өскен. Егіншілік мәдениетін  арттыруда сүдігер жырту, таза парлы алқапты бірнеше ізбен өңдеу, минералды тыңайтқышты тұқыммен бірге сіңдіру, арамшөппен күрес бақылауда ұсталады. Әйткенмен, табындардағы малдың жұқпалы аурулары толық жойылған жоқ. Жемшөптің жетімсіздігі қосымша салмақтың орта деңгейде қалуына әкеліп соғуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жайылымдықтарды суландыру жөніндегі ұсыныстарымызды кешеуілдетіп жатқаны түсініксіз». Міне, осылай деп жазған екенбіз. Қазір қарап отырсам, журналистер үшін де үйренетін мәселелер айтылған екен.
Сол дәптерге аудан басшылары Шапай Әбутәліповтің, Қасқырбай Әбуовтің, Степняк қаласының құрметті азаматы Тасболат Алпысовтың, Айдос Әбутәліпұлының пікірлерін түртіп алыппыз. Әсіресе, Тасболат ағаның: «Бостан Омаровтың айтқанының бәрі бұлжытпай орындалатын...» деген сөздерінің астарында білікті басшыға деген ел құрметі жатыр.
Бостан ағаның ерен еңбегі ретінде 1982 жылы «Восточный» кеңшарының аты өзгертіліп, Біржан сал есімімен аталғанын айтуға тиіспіз. Бұл оқиға шаруашылық құрамындағы Бірсуат, Сәуле, Тассу ауылдары (округ әкімі – қазына қарттың немересі Уәлихан Бостанов) тұрғындарының ғана емес, бүкіл Көкше жұртшылығының қуанышы еді...
Қазіргі күні Омар ақсақалдың арман-тілегін бөліскен баяғы бәйтерек бар ма екен деп ойлаймын. Масаты Мақпалдың қалың қойнауынан оны дөп басып табу қиын шығар. Бірақ, балғын шыбық Бостан ағамыз үлкен өмір жолынан өтіп, әке аманатын ақтаған мәуелі бәйтерекке айналғаны анық. Омырауында «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері, бірнеше медалінің ішінде айрықша қастерлейтін «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбегі үшін» медалі жарқырайтын ол Хорлан Айтымқызы апамызбен бірге 6 ұл-қызының, 17 немересінің, 28 шөбересінің және бір неменесінің бақытты ғұмырын тілеп, тәуелсіз Қазақстанның телегей табыстарына қуанып жүр. Бостан елдің байрағы да биіктей түсуде.

Бақберген АМАЛБЕКОВ.
Еңбекшілдер ауданы.

Кіру саны

  • Қолданушылар : 2
  • Материалдар : 6754
  • Сілтемелер : 9
  • Материалды қарау саны : 3928149