Материалдар

Міндетіне терең бойлаған

 

Қиындықтарға мойымай, тек ілгері басу. Бұл қаржы саласының майталман маманы Анар Абдуллинаның өмірлік ұстанымы. Ол еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында биік белестерге қол жеткізіп келеді.

 

Бүгінде білікті маман Ақмола облыстық қаржы басқармасында бөлім басшысы қызметін атқарып жүр. Өз ісіне шебер жанның жеткен жетістігі аз емес. Жалпы, отыз жеті жылға жуық еңбек өтілімі бар, оның ішінде отыз жыл бір салада тапжылмастан істеген еңбегінің арқасында ол экономика, қаржы саласында мол тәжірибе жинақтаған. Сол себепті, ұжымда да сыйлы. Бірге қызмет істеп жүрген әріптестері мен құрбылары Анар Сейітқұлқызын білікті басшы әрі өз ісінің майталман шебері деп бағалайды.
«Сүйікті ісіңнің тереңіне бойлаған сайын қызығы да, шыжығы да молая түседі. Бұл қызметке ең басты керегі – төзім, сауаттылық. Шыдамдылыққа үйретеді. Жауапты жұмыс болғандықтан, басшылардың берген тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау-
ға тырысамын. Қарамағымдағылардан да осыны талап етемін, – дейді Анар Сейітқұлқызы. Анардың жұмысына келетін болса, ол әріптестеріне тәжірибелік көмек көрсете отыра, әрқайсысының міндеттерін, қызметтік міндеттемелерінің көлемін және өкілеттіктерін айқындайды. Алдына қойылған міндеттер мен мәселелерді шапшаң шешіп, өз көзқарасын қорғай біледі. Бюджеттік саясат мәселелері бойынша стратегиялық, нормативтік және бағдарламалық құжаттарды жақсы меңгерген. Кәсіби деңгейін әрдайым арттырып отырады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жұмыс тобының құрамында «Мемлекеттік органның бюджет қаражатын басқару тиімділігін бағалау әдістемесін» әзірлеуге қатысты.
Оның басшылығымен бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы талдамалық есептерді дайындау уақытылы әрі сапалы түрде жасалады. Ол сондай-ақ, өзінен ақыл-кеңес сұрап келген жастар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созудан жалыққан емес. Өзі сияқты нәзік жандылар оның қиындықтарға мойымайтын қасиетін, еңбекке деген құлшынысын үлгі тұтуда. Қазіргі кезде ол басқарып отырған бөлім жергілікті бюджеттердің шығыс бөлігінің орындалуына талдау жүргізуді жүзеге асырады. Сондықтан, оған басшы ретінде үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.  

Суретте: Анар Абдуллина мен бас маман  Бауыржан Егінбаев.
Аслан НЫҒМЕТЖАНҰЛЫ.

Кіру саны

  • Қолданушылар : 2
  • Материалдар : 7173
  • Сілтемелер : 9
  • Материалды қарау саны : 4368240