Күнтізбе

« Тамыз 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Күнтізбе / Мұрағат

<< < Тамыз 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Материалдар

ДАУЫЛДАН КЕЙIНГI АҚ ЖАУЫН

 

…Ақынға мiнез керек.  Құдiреттi поэзия – Адам-Ата, Хауа-Ана ұрпақтарының бойына от қылып құйып берген Тәңiрдiң сыйы.  Ақ талайдың қасында, Арқалық жонның астында, дөң жерге үйiн тiктiрген, төскейге малын бақтырған (Хан Мерген) ғұндардың ықылым заманда мифологиялық сарында туған «Еңсегей батыр» аңызынан берi, күнi бүгiнгi кең тынысты панорамада жазатын кесек тұлғалы қазақ ақындарының саф, мөлдiр жырларын зейiнiне тоқыған оқырман талай «тар жол, тайғақ кешулерде де» сол лаулаған оттың бiр сәт сөнбегенiн байқар едi. Осыған қарап Адамның бойына Құдай дарытқан генетикалық ерекшелiктiң, мiнездiң жойылмағанына Тәңiрiңе тәуба қыласың.

 

Соғыстан соң туғандардың мiнезiнен де, «сенiң, сенiң, тек сенiң, сенiң шебiң» (Ғ.Мүсiрепов) болуға тиiс отты жырларынан да жалынның ұшқынын «әу» бастан-ақ байқағанбыз. Жетпiсiншi жылдардың басында әдебиеттiң табалдырығын имене аттаған буынның жырларында адамды елең еткiзiп, уы мен шуы, мұңы мен шаттығы мидай сапырылысып жатқан беймаза тiршiлiктен бейтарап қалдырмайтын, дауыл күнгi дарияның күшiндей бiр үлкен тебiренiс бар едi. Әйтсе де, бiз сол киелi ордаға бiр уық болып шаншылған Кеңшiлiк, Темiрхан, Жарасқан, Нұрландардың от болып өрiлiп шыққан өлеңдерiнiң болмысындағы генетикалық ерекшелiктi, мiнездi байқамадық десек – өтiрiк.
Әдебиеттiң осы кезде тізгінін ұстап отырған ақсақалдары да, қарасақалдары да қазақ поэзиясына бiр топ талантты буынның келгенiн бiлген, сезген. Бұларды да қасиеттi шаңыраққа демеп келген Абайдың, Махамбеттiң, Сәкеннiң, Iлиястың, Қасымның рухы-тын. Тек бұғанасы бекiп, қабырғасы әлi қатып үлгермеген өкше басар ұрпақтың «әттеген-айларына» жiтiрек көңiл бөлiнiп, олардың әдеби атмосферадағы табиғи болмысына көңiл бөлiнбей, жұмған ауыздың ашылмай қалғандығы өкiнiштi-ақ. Әйтпесе, Темiрханның әдебиет сүйер қауымның ортасында талай пiкiрталас, дау-дамай тудырған салмақты поэзиясы, «Ақбұлақтар, алқынған ақбұлақтар, қазiр көктем, алдың жаз, шапқылап қал» деп әдебиетке жұлқынып келген Жарасқанның, «Кеше ғана көктем едiм, жаз едiм, ғашықтықтың шын сызылтқан газелiн» деп әдемi сазды әуенiмен оқырманның жүрегiнен жол тапқан Исраилдың, «Қарлы шыңнан ағатын басын құрап, әр жас ақын – аптыққан асыл бұлақ» деп бұлқынып, атойлап келген Иран-Ғайыптың мiнездерi қазақ поэзиясында бұрын-соңды байқалмаған ерке құбылыс едi. Бiрақ, бұл толқын осы мiнезi үшiн әдебиеттiң «мен» деген өкiлдерiнен таяқты аз жеген жоқ.
Неге екенi белгiсiз, бiз өз кезiнде қазақтың үлкен шайыры Әбдiлданың «Жаңа Гейне мен болам» дегенiн де немесе орыс поэзиясындағы түбiт мұрты ендi тебiндей бастаған бозбала Вознесенскийдiң «В мою лопатку вошла гениальность, как в резиновую перчатку красный мужской кулак» деп лепiрген сөзiн де жылы қабылдап едiк. Менiңше, соғыстан соң туғандарға көрсетiлген мұндай әдiлетсiздiк осы толқынның алдында тұрған буынның бұларды мойындағысы келмеген менмендiгiнен.
Өнердегi арзандықпен күресемiз деп бұлқынған бұл ұрпақтың да қатары сирей бастапты: «Сен көктесiң, мен жердемiн, сен перiште, мен пендемiн» деп өлеңдегi мiнезiн еркелiкке жыққан Кеңшiлiк, «Ханға сәлем бермейтiн қайран басым» деп Тәңiрiне мысқылдап күле қараған Жұматай, қазақ сынының қайыспас қайсар сарбазы Сағат, «Ақылбайдың әнiне» Шыңғыстың бiр түп жусанын қосып, жүрегiн ұсынғысы келген Жәнiбек...
Қайтейiк, бұл да қолдағы бар алтынның қадiрiн бiлмейтiн қазекемнiң қиқар мiнезi ғой. Табиғаты қарағайға қарсы бiткен бұтақ iспеттес, әр сөзiн қаққан қазықтай шегелеп айтатын, әр үтiрiнiң жанына шейiн астарлы сыр ұялатып жазатын марқұм Асқар Сүлейменов айтпақшы, «Қазақ болып өмiр сүру – қызық».
Бардың өзiн бағалай алмайды.
Дегенмен мақаламыздың басында айтып кеткен генетикалық ерекшелiк, өлеңдегi мiнез, рух өлмептi. Нұрлан ағамның жетпiсiншi жылдардың орта шенiнде шыққан «Беймаза көңiл» атты тұңғыш жыр жинағын парақтап отырып, менiң көзiм осы бiр ақиқатқа анық жеттi:
«Өзегiң талған кезде егер,
шалғынды кешiп,
шашаны шыққа малмасаң,
аязда, қарда тоңбасаң,
жауында ойға шомбасаң,
сүймесең желдi,
мiнбесең жүйрiк,
көрмесең Тауды, Даланы
бұрқылдап iзде – жолда шаң.
Өмiрге мынау
өле бiр ғашық болмасаң,
өлең де, жыр да болмас ән», –
деген жолдар соның дәлелi.
Нұрланның бойынан мен бiр байқаған ерекшелiк, жүрегiнен жыр болып төгiлген, алғашқы өлеңдерiнен берi, жырдың қадiрiн түсiрмей, керiсiнше бейкүнә перiште жанының пәк сұлулығындай мөлдiр поэзияны шөп-шаламнан тазартуға бар күш-жiгерiн салып келедi. Тiптi, оның осы күнге шейiн шыққан жыр жинақтарының өзi саусақпен санарлықтай ғана. Бұл Нұрланның көлем қуушылықпен ат-құйрығын кесiскендiгiнiң анық белгiсi. Расын айтсақ, өлеңнiң тек сөлiн беруге тырыспай, әдеби ортада әйтеуiр бiр көрiнiп қалуды мақсат тұтып, кiтап шығаруда алдына жан салмай, тұзы татымаған нәрсiз жыр жазып жүргендердiң қылығы – Алла Тағала адамның бойына дарытқан азғантай бояуын бiр ванна суға езiп жiбергенмен бiрдей әбестiк.
Аса кұрметтi ақындар! Поэзия көлеммен емес, салмақпен өлшенетiн қазына екендiгi әлiмсақтан белгiлi ақиқат. Өлең жазардың алдында орыс әдебиетiндегi белгiлi мэтр Белинскийдiң «...Ныне не то время, что прежде: ныне только стихами ознаменованными печатью высокого таланта, если не гения, можно заставить читать себя. Ныне требуют стихов выстра­данных, стихов, в коих слышались бы вопли души, исторгаемые неземными муками, словом, ныне
Плач неестественный досаден,
Смешно жеманное бытье», –
деп осыдан аттай жүз алпыс жыл бұрын айтып кеткен сөздерiн ақыл таразысына салғанның артықтығы жоқ. Нұрланның өлеңдерiн оқып отырып осы темiр қағиданы берiк ұстанғанын аңғарасың.
Қазақ әдебиетiнiң кексе гвардиясының беделдi өкiлдерi, «Қайдасыңдар, кұрбылар, жиырма екiншi жылғылар» деп жанын қоярға жер таппай шарқ ұрған Сырбайдың, Қасымның жырлары кешегi асыра сiлтеушiлiк жылдарында, одан соң соғыста сан мың боздақтарынан айырылып, сәл саябырсып қалған қазақы дауылдың алғашқы нышаны болатын. Олжас, Ғафу, Тұманбай, Қадыр, Мұқағали, Жұмекен поэзиясы кеңестер империясының аспанын сан рет дiрiлдеткен, мұз болып қатып қалған сеңдi қозғаған ұлы дауыл болатын. Соғыстан соң туғандардың жырлары шөлiркеп қалған қазақ поэзиясының кең сахарасына дауылдан кейiнгi нөсерлеп құйған алғашқы ақ жауын едi. Сондықтан, бұлардың табиғатына көктем стихиясы көбiрек тән:
«Бастауын шайып бұлақтар
тулаған кезде келермiн,
шашбауын өрiп кұрақтар
шулаған кезде келермiн...»
Ақынның осы өлеңiн оқыған кезде көктемнiң алғашқы самал желiнiң лебiн сезгендей бiр әдемi рахат күйдi кешесiң.
Бұл өлең бiздi несiмен селт еткiзедi?
Бiрiншiден, мұнда Нұрлан өзiнiң жан дүниесiнде асау толқындай тебiренген серпiлiстi, табиғаттың болмысындағы сан өзгерiске ұшырап жатқан гармониялық құбылысты жан-тәнiмен әдемi үйлестiрген. Өлеңнiң финалында абстракциялық суреттi емес, адамның жүрегiн шым еткiзетiн сағынышты сезiп, шын елегiзисiң.
«Ерте ме, кеш пе... Бiр келем,
сағынышыммен жолды ырғап.
Ай туған шақта iргеден,
қарағайларға қол бұлғап...».
Өлеңнiң басты мақсаты орындалды деген сөз осы. Қорғасындай құйылып қалған жыр жолдары ақынның табиғи бiтiм-болмысы. Нұрланның өлеңдерi өмiрдегi құбылысты жан-тәнiмен түйсiнiп, жырдың коммуникациясына терең бойлауымен қымбат. Бiздiңше лирика – құрастырылған ойлардың жиынтығы емес, диалектикалық ұғым.
«Жалғыз соқпақ барады тауға асылып,
жалғыз бала барады тауға асығып,
алған бетi – Көксай ма?
Көк жазық па?..
Әжесiнiң қалғандай қауғасы ұмыт».
Осы өлең бiзге ептеп Есениннiң әйгiлi жырларындағы күз суретiн көз алдымызға тартқандай әсер еттi. Өлеңдi соңына шейiн мұқият оқып шыққанда адам мен табиғаттың арасындағы бiр желiде тартылған гармониялық үндестiктi аңғарасың.
«Алай-дүлей сезiмiм аласұрып,
бүрiсiп тұр былтырғы бала шыбық.
Орманшының көңiлi – келер көктем,
жылқышының қолында – ала сырық.
Тауға асылып келедi таң асығып».
...Осы буынның әдебиеттегi танылу процесi өте ұзаққа созылып келедi.
Сұлтанмахмұт, Саттар, Төлегендердi тiлiмiзге тиек қылмай-ақ, ойымызды әрiден өрбiтсек, Пушкиннiң тұстастары поэтикалық кемелдiкке 20-25, Некрасовтың құрдастары 25-30 аралығында, Есениннiң буыны 20-25, А.Межиров, В.Соколовтың қатарластары 30-ға қарай көтерiлгендiгi, әдеби пiкiрталастарда аз айтылмаған әңгiме. Әдебиеттегi адамдарды жасына емес, талантына, бiлiмiне қарап бағалайтын кезең туған сияқты. Нұрланның да, оның қатарластары мен сапарластарының да әдебиеттегi өз орнын таба алмай, сан соқпақта тайқы маңдайларының тасқа жиiрек соғылуының басты себебi, ақындарды талантына, тiптi, талабына да қарап емес, жасын санап поэзиядағы орнын әйгiлейтiн констатацияның үстемдiк құрып келуiнде. Қазақ ақындарының елуге аяқ басқанда тарлан, алпысқа жеткенде дүлдүл, одан әрi асқанда Пайғамбар атанып жататындығы сондықтан. Жалпы, өз басым, осы биiктiктен ғана әдебиеттiң тенденциясын бақылайтын «ақсақализмге» қарсымын. Қымбатты оқырман, менi дұрыс түсiнiңiз. Пушкиндей алтын қазынаны ашқан «Державиндiкiндей» «ақсақализмге» емес, әдебиетте өзiнен басқаны мойындағысы келмейтiн мәдениетсiз «ақсақализмге».
Соңғы кезде «поэзия құлдырап барады» деген сөз жиi айтылып жүр. Нұрланның, Темiрханның, Кеңшiлiктiң, Жұматайдың, Жарасқанның, олардың өкшесiн басар Есенғалидың, Аманханның, Мейiрханның, Гүлнәрдiң (Салықбаева), Тыныштықбектiң жырларына назар аударған оқырман бұл әңгiменiң «алты адамға көсем болғысы» келiп дiлмарсыған кiсiнiң пiкiрi ғана екенiн байқайтыны сөзсiз. Мұндай желбуаз әңгiме Пушкин заманында да аз айтылмаған. «Әдебиет тоқырап қала ма» деп Пастернак та жан-тәнiмен күйзелген. («В нашу прозу с ее безобразием, с октября забредает зима»).
Бертiнде Евтушенко, Вознесенскийлерді тас-талқан қылып, олардың поэзиясын жоққа шығарған мақалаларды да оқыдық. Бiздiңше әдебиеттi өзiмен аяқтағысы келетiн ақындардың қылығы – жердi айналып жүрген күндi тоқтатам деумен пара-пар асылық. Дәл бүгiн Пушкин тiрiлiп келсе де әдебиеттiң соңғы өкiлi бола алмас едi. Әрi-берiден соң талантты деген әр ақын «Поэзия» атты ұлы оркестрдiң мазаланған бiр үнi ғана. Нұрланның өлеңдерiн оқи отырып, сол «ақиқатқа» сенбеске лажың жоқ:
Жанымда мазаланған бiр үн бардай
Ойларым...
Бытысады бұрымдалмай.
Айқайлағым келедi
өз-өзiмнен әлдекiмде барымталап
айдалған жырым бардай...

Амангелдi Кеңшiлiкұлы МЫРЗАБЕК.

Кіру саны

  • Қолданушылар : 2
  • Материалдар : 6754
  • Сілтемелер : 9
  • Материалды қарау саны : 3928149