Күнтізбе

« Тамыз 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Күнтізбе / Мұрағат

<< < Мамыр 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Материалдар

Жаназа тойға айналып барады

 

Мына жарық дүниеде мәңгі еш нәрсе жоқ. Уақыты келген соң, тозады, ескіреді, өшеді, өледі. Егер тірі жан болса, өмірге ұрпақ әкеліп өсіп, өнеді. «Өзекті жанға бір өлім» дейді қазақ. Өмір бар жерде қаза бар. Ерте ме, кеш пе, тірі пенденің дәмі, тұзы таусылып, мына жарық дүниемен қоштасып, мәңгілік мекені бақилыққа аттанады. Мәңгі жасайтындай кейбір пенделердің мына жарық дүниеде жүріп, ашкөзденіп бара жатқанына қарның ашады, жаның ауырады.

 

Өзімен бірге көріне алып кететіндей, түк көрмегендей жалақтап, жалмаңдағанын көргенде, шынында да ақырзаман таяп қалған ба дейсің. Баяғыда Мөңке би айтқан екен. «Ақыр- заманның адамы аласа туады. Аласа туса да, жармаса туады. Ішсе дымыңды қоймайды. Боқтаса аузы-басыңның түгін қоймайды» деп. Кейде осы ашкөзділік пен тоғышарлық қайдан келген деп, таң-тамаша боласың.
Мұндағы айтпағым, кейінгі жылдары ел арасында марқұмды жер қойнауына беру рәсімі қайғыға емес, тойға айналып бара жатқандай. Қос-қостап жылқы, қой сойылады. Оның үстіне дастархан мәзіріне неше түрлі дәм қойылып, ысырап жасау   үрдіске айналуда. Қалтасы қалың байшекештер ойына келгенін істеп жатса, кедей-кепшіктер де олардан қалмай, қарыз, несие алып, марқұмның жаназасын той қылып жөнелтуде. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған еді. Бала кезімізде әжем марқұмның есті әңгімелерін тыңдап өстім. Сонда ол кісі айтушы еді. «Қара жамылып отырған үйден көңіл айтуға келген адамдар қара су да ішпейтін. Оларды көрші-қолаңдар  үйлеріне алып кететін. Шай бере ме, су бере ме, топырақ салуға келген қауымның ешқайсысы да ренжімейтін. Себебі, өлген адамға бетін сипап, дұға қылудан басқа ештеңенің керегі жоқ. Кейінгі кезде осы дәстүріміз бұзылып, қос-қостан мал сойылып, жайнатып дастархан жасау мәзірі етек алып барады. Ас беру, той жасау дәстүрімізде болған. Мұндай рәсімдерді  қайтыс болған ата-бабаларын еске алып, араға жылдар салып барып, ұрпақтары жасайтын. Онда бәйге шаптырып, балуандар күресіп, айтыс, тағы басқа дәстүрлі өнеріміз көрініс тауып, үлкен тойға айналатын. Ал, енді өлікті жөнелту кезінде шығынға бату, шариғатқа жат», – деп айтқаны әлі есімде.  Соңғы жылдары ел арасында марқұмның жаназасын шығаруда белең алып бара жатқан жағымсыз әдеттерді қалай тоқтауға болады?!
Осыған байланысты Атбасар мешітінде имам Ақылбек қажы Шопабеков өзі бас болып, аудан аумағындағы мешіттердің молдаларын, елге қадірлі, сыйлы бір топ ақсақалдарымызды жинап, мәжіліс өткізді. Мұндағы талқыға салынған басты мәселе – қайтыс болған жандарды мәңгілік сапарға шығарып салудың жөн-жоралғылары айтылды. Аудан имамы жиналғандарға марқұмды шығарып салуға қатысты өз пікірін ірікпей ортаға салды.
– Бұл мәселе тек Атбасар өңірінде ғана емес, жалпы еліміздің барлық аймағында көтерілуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуалар жинағында «Жаназа пәтуасын»  өткізуді бір жолға салу көзделуде. Адам баласы мына жарық дүниеден өткен соң бірінші оның денесін жуындыру, екінші ақыретке орау, үшінші жаназасын шығару, төртінші қабірін дұрыстап қазу парыз. Міне, марқұмға мұнан басқа түк те керек емес. Қазақта айтылатын бір жақсы сөз бар. «Өлгенде көрің кең болсын» дейді. Артында қалған тірілердің жасайтын басты парызы осылар. Ал, қазір не болып барады? Біз марқұмды оң жаққа салып қойып, «семіз жылқыны қайдан аламыз. Дастарханды мол қылып қалай жасаймыз. Кімге не береміз, жыртысты қалай таратамыз?» деп, соны уайымдап, басымызды қатырамыз. Артық дүние, мал шашу, бұл ысырап. «Ішіңдер, жеңдер, бірақ, ысырап етпеңдер» деп Пайғамбарымыз хадистерінде айтып кеткен. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей, біз ештеңені де қызғанып отырған жоқпыз. Кейбір адамдардың марқұмды жөнелтуге жағдайлары болмайды. Сондықтан, «Жаназа пәтуасын» бір жүйеге келтіруді сіздер-біздер болып, ақылдаса отырып, шешуге тиіспіз. Біздің басты мақсатымыз – жаназасын шығарарда, қырқында және жылында берілетін дұға батасын, асын бір қалыпқа түсіру. Ал, енді қайтыс болған марқұмдардың он, жиырма, жүз жылдығын атап өтеміз, ас береміз дегендерге қарсылығымыз жоқ. Олар не істесе де, өздері біледі. Тағы бір айтарым, сырттан келген молда, имам болсын «бізде марқұмды былай жөнелтеді» деп, өздерінің жөн-жоралғыларын тықпаламауы керек. Біз өзіміздің Атбасар өңірі бойынша жоралғымызды жасауға тиіспіз. Қазаға міндетті түрде жылқы сою шарт емес. Қой, сиыр етін де асуға болады. Етті турап әкелу керек. Сонда үнем болады. Дастарханға шелпек, бауырсақ, тоқаш, май, қант және құрма, шай, су, кәмпит, печеньелерді қоюға рұқсат. Көкөніс, жеміс-жидектердің мүлдем керегі жоқ. Ол босқа шашылу, дарақылық, – деп имам өз ойын ақсақалдарға жеткізді.
Қазақта «сынықтан басқасының бәрі жұғады» деген сөз бар. Расында да, жаман әдет тез жұққыш келеді. Атбасар аймағында қазалы үйдің дастарханын жылан жалағандай талап алу әдетке айналғаны қашан. Тіпті, кейбіреулері май, варенье, салатқа дейін түгін қалдырмай, пакетіне салып жатады. Осыған орай имам: «Алғаш Атбасарға келген жылдары дастарханды түк көрмегендей сыпырып, жылан жалағандай етіп жатқанын көргенде, көзім шарасынан шығып кете жаздаған еді. Бұл не сұмдық деп, жағамды ұстағанмын. Бұлардың бәрі аштан келген бе деп, таң қалғанмын. Сөйтсем, дастарханды талап алу сүйекке сіңген әдеттері екен. Кейін көзіміз үйреніп, оған мән бермейтін болдық. Осы дастарханды тонауды да тоқтатқанымыз жөн. Аштан келгендей, сұғанақтанбай, дастархан басында әдеппен отыр, іш, же, сосын дұғаңды жаса», – деп бұл жаман әдетті тоқтатудың жайын да айтты.
Ақсақалдар бас қосуында тағы басқа да мәселелер айтылды. Айту оңай, істеу қиын. Сондықтан, осы жайларды ел арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру керек. Мысалы, Атбасар өңірінде марқұмның басына тас қойғанымен, бейітін көтермейді. Осы мәселені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы үлкен бір жиында бейнебаян арқылы көрсетіп, басқаларға үлгі еткен екен.
Жиында ақсақалдар имамның сөзімен келісетінін білдіріп, жөн сөзді мақұлдай түсті. Бұл айтылған қағидаларды бірден жүзеге асыру қиын болар, дегенмен, сең қозғалды. Енді уақыт өте келе ақсақалдардың, елге беделі бар өзге де азаматтардың атсалысуымен бұл мәселе шешімін тауып қалар деген үміттеміз.
 Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар ауданы.

 

 

Кіру саны

  • Қолданушылар : 2
  • Материалдар : 6722
  • Сілтемелер : 9
  • Материалды қарау саны : 3891553