Материалдар

Шырайлы «Шалқыма»

 

Сахна төрінде әуелеген әсем әуенмен мың бұрала қалықтап, билеген бишілердің бейнесі кең далада құлпырып көз жауын алған әдемі гүлдерді еске салады. Олардың әрбір сюжеттік көрініске толы қойылымдары көрерменді ерекше әсерге бөлеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Бұл – көрікті Көкшетаудың мақтанышына айналған, талайды өнерімен тамсандырған «Шалқыма» халықтық би ансамблінің ұжымы.

 

Құрылғандарына он бес жыл толған ұжым «Көкшетау» мәдениет сарайында мерейтойлық-шығармашылық концертін беріп, өзінің көрермендерін тағы бір сүйсінтті.
Барша халықта ғылымның, әдебиет пен өнердің ұлы мұраттары болып танылған, ғасырлар бойы сақталып келген өзіне тән игіліктері болады. Ол адамдар үшін сарқылмас қазына іспетті мәдени мұра. Осы мұраларымызды насихаттап, ұрпаққа жеткізу, көрсету арқылы құндылығын жоғалтпай келеді. Ұлы мұраттарымызды сахнада би қимылымен сомдап, жарқын хореографиялық көріністерімен жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген, өзіндік үлгісі бар, басқа ансамбльдер арасында беделі зор, армандары асқақ, «Көкшетау» мәдениет сарайының жанынан құрылып, белсенді жұмыс істеп келе жатқан «Шалқыма» халықтық би ансамбліне биыл 15 жыл толып отыр. 2002 жылы негізі қаланған ұжымның биші жеткіншектері мен бүлдіршіндерін білікті хореограф Айгүл Мүсіпова өз тәрбиесіне алып, төрт-бес жылдың көлемінде кәсіби шеберлігін шыңдап, жас таланттарды өнерге баулыды. Одан кейін Айсұлу Байзақова, Гүлмира Ордабаева секілді өз істерінің шеберлері, кәсіби мамандар ұжымның шет мемлекеттерге шығып, өнер айдынында қалықтай түсуіне көп еңбек сіңірді. Бүгінгі күні құрамында үлкен, орта, кіші топтардан құралған 4 пен 18 жас шамасындағы алпыстан астам бишісі бар үлкен шығармашылық ұжымға би әлемінде тәжірибесі мол, жоғары білімді хореограф Айгүл Тәшімова жетекшілік етуде. Топтардың би өнеріне деген құлшыныстарын әрбір қимыл-қозғалысынан-ақ аңғаруға болады.
– Негізгі топта хореографияның қыр-сырын игерген, ұжымның шығармашылық жолын жалғастырып, абыройын асқақтатып келе жатқан жиырмадан астам биші бар. Қыздар үнемі шығармашылық ізденіс үстінде. Күн сайын өздерінің шеберліктері мен би техникасын шыңдай түсуде. Ансамбльдің қоржынында бүгінде жетпіске жуық би болса, оның жиырмадан астамы негізгі құрамда. Үлгілі, көркем әрі қызығушылықпен орындалатын «Елес», «Бозінген», «Тағдыр лебі», «Домбыра әуені», «Сырғалым», «Шалқыма» билерін ұжым мүшелері ерекше көңіл-күймен билейді. Өмірдегі үнемі еңбек ету деген заңдылық би өнеріне де тән, – дейді халықтық ансамбльдің жетекшісі Айгүл Жолдыбайқызы.
Үлкен еңбек пен табандылық, ең бастысы би өнеріне деген қызығушылық пен махаббат бүгінде ұжымның шығармашылық жолын айқындап тұрғандай. Олар көпшілік іс-шараларға, мерекелік концерттерге, шоу-бағдарламаларға белсенді қатысып, облыстық халық шығармашылығы көркемөнерпаздар байқауларының лауреаттары атанған. Өнер жолында қол жеткізген биіктеріне тоқталатын болсақ, ұжым 2005 жылдың мамырында Алматы қаласында өткен VІІ халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауына қатысты. 2008 жылдың тамыз айында Чехия мемлекетіндегі Мариан Өрмелерінің 200 жылдығына арналған балалар мен жастар арасында өткен халықаралық «Серебрянный дельфин» шығармашылық фестиваліне қатысу ұжым үшін үлкен жауапкершілік болды. 2009 жылы да шығармашылық ұжым Түркия мемлекетіне барып, бірден екі фестивальде өнер көрсетіп, қалың жұртшылықтың қошеметіне ие болып оралды. Оның біріншісі Ататүріктің мәдени-ағарту қызметіне арналып, Амасье қаласында өтсе, екіншісі Юсуфелидегі «Экотуризм» фестивалі еді. Сонымен бірге, ұжым Малайзия-
да өткен «Сабах» халықаралық фольклорлық конкурс-фестивалінде «Үздік сахналық кос-
тюм» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Дәл сол жылы ұжымға әдемі бағдарламалық би қойылымдары үшін Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрлігі «халықтық» атағын берді. 2011 жылы ансамбль Испанияда өткен «Festival music I danca» халықаралық фестиваль-байқауға қатысып, бірінші орынға ие болды. 2013 жылы ұжымның орта тобы Оңтүстік Қазақстан облысында өткен «Балдәурен» республикалық балалардың ән, би конкурсында жүлделі екінші орыннан көрінді. Жалпы, ұжым Франция, Араб әмірлігі, Түркия, Әзербайжан, Үндістан елдерінде өткен фес-
тивальдер мен байқауларға қатысып, өнердің өрінде, шығармашылық шыңында самғап келеді.
«Шұғыла» атты көркем бимен ашылған концерттік бағдарлама ұжымның күнделікті дайындық жұмыстары мен ізденістерін, шығармашылық жолын баяндайтын бейнероликпен жалғасты. «Шалқыма», «Саз сырнай», «Адасқан», «Іңкәр сезім», «Құстар әуені», «Домбыра» әуені секілді көркем шығармашылық билермен өрілді. Кіші топтың «Мысық пен тышқан» атты сюжеттік әрі қызықты ойын биі мен қазіргі заманға сай «Фиксики» биі де жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, балалық балдәурен кезімізді еске салғандай болды. Әсіресе, соңғысы тартымды және астарында бүгінгі күннің талабы осы, ертеңгі күні де осы бір сымсыз телефонсыз қолымыз шынымен байланып қалады-ау деген астарлы ой да бар. Үш топтың әртүрлі ұлттардың биінен поппури жасап билеген би үлгісі де өздеріне жарасымды, әрі қалың жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Би ұжымының костюмдерінің ерекшелігі соншалық, біріне-бірі ұқсамайды, түстері мен ою-өрнегінің бір-біріне сәйкесе кетуі бидің болмысын, құрылымын, сипатын одан әрі аша түсуге септігін тигізетіндей. Мерейлі он бес жылдығын атап жатқан «Шалқыманы» бұрынғы қатысушылары да құттықтай келіп, өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, оларды киелі сахнадағы достары, тілеулестері «Балдәурен», «Жұлдыз» үлгілі вокалдық топтары мен «Шамшырақ» эстрадалық вокал студиясының әншісі Айнара Бұзаубасова сияқты өнерпаздар құттықтап, әндерімен жиналған қауымның құлақ құрышын қандырды.
Ансамбльді облыстық мәдениет басқармасының, облыстық халық шығармашылығы орталығының, Мәлік Ғабдуллин музейінің, облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқарманың мамандары мен «Көкшетау» мәдениет сарайының басшысы Күміс Біләлова құттықтап, ақжарма игі тілектерін білдірді, Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыс етті. Бұдан әрі ата-аналар қауымы да ұжымның қуанышымен бөлісіп, көркемдік жетекшісіне алғыстарын білдірді.
Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «біздің қазақ халқы дарынды, өнерпаз, ән-күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал, бұл қазақ халқынан қалған биден асқан мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы биді қолға алғаны жөн. Менің байқауымша, осы өнерге талпынып жүрген Шара сияқты жастар бар көрінеді. Ал, қай өнерді алсақ та, опера болсын, музыка театры болсын, оның бәрі бисіз болмайды» деген екен. Ендеше, Шара Жиенқұловадай таланттың өнерін жалғап келе жатқан би ұжымының жетекшісі мен мүшелеріне біз де шығармашылық табыс тілейміз.

Суреттерде: «Шалқыма» халықтық би ансамблінің бишілері сахнада және  игі тілектер легі.
 Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Кіру саны

  • Қолданушылар : 2
  • Материалдар : 7173
  • Сілтемелер : 9
  • Материалды қарау саны : 4363320