Материалдар

«АЛЖИР» мұражай кешеніне –10 жыл

http://turizm-hit.ru/

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2007 жылғы 31 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданының Ақмол ауылында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені ашылды. Мұражай Елбасының 1997 жылғы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 31 мамырды белгілеу туралы» Жарлығының қабылданғанына он жыл және жаппай қуғын-сүргіннің басталғанына 70 жыл толуына орай ашылған болатын.

 

«Отанын сатқандардың» әйелдерінің Ақмола лагерінде мерзімін өтеген 62 ұлттың әйелдерінің рухына арналған «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені посткеңестік мемлекеттерде ғана емес, барлық әлемде жалғыз бірегей ескерткіш болып табылады. Гулагтың лагерьлері арқылы 18 мыңңан астам әйелдер этаппен өтті, оларды үнемі лагерьден лагерьге ауыстырып отырған. «АЛЖИР»-де бір мезгілде
8 мыңға жуық әйел отырған. Олардың ішінде көбі орыстар – 4 390, еврейлер – 855, украиндар – 740 және 87 қазақ әйелдері болды. Сонымен қатар, лагерьде неміс, француз, швед, жапон, норвеж, австриялық, поляк, грузин, армян, әзірбайжан, литов, латыш және тағы басқа ұлттың әйелдері жазасын өтеген. «АЛЖИР»-де 600-ге жуық (нақты саны анықталып жатыр) әйел қайтыс болған.
Негізінен тұтқындалғандар одаққа танымал саяси және қоғам қайраткерлерінің әйелдері: Әзиза Рысқұлова және оның анасы Арифа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфандиярова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, атылып кеткен маршал Тухачевскийдің әулетінің әйелдері, жазушы Борис Пильняктың әйелі Кира Андронникошвили, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Булат Окуджава мен Майя Плисецкаяның да аналары болды.
Бүгінде «АЛЖИР» мұражайының қоры он бес мыңға жуық жәдігерді құрайды. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Беларусь елдерінің қалалары бойынша зерттеу іссапарларында жинақталған материалдардың ішінде мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер, балалардың жазған естеліктері, «АЛЖИР» тұтқындары Әзиза Рысқұлованың, Роза Цыпкинаның, Клара Бронның, Софья Зильбербергтардың балаларына жазған хаттары, сонымен қатар, Мария Минкинаның 1938 жылы «АЛЖИР»-ге бара жатқанда туғандарына жазған хаты, ал ол хатта балаларды балалар үйінен алып кетуді өтінген деректер бар. Мұражайдың негізгі және ғылыми-көмекші қорларының материалдары бойынша «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» кітабы, «Елбасының бастамасымен ашылған еді» каталогы, «ALASH - ALZHIR» екі томдық кітабы, «АЛЖИР» тұтқындары мен олардың балаларының «ALJÏR. Qorqinişti tüstey… Kak strashnyi son» жинақтары жарыққа шықты. 2017 жылдың сәуірінде мұражай ұжымы «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл, жаппай саяси қуғын-сүргіндердің басталғанына 80 жыл және «АЛЖИР» мұражайының 10 жылдығына орай «Ұрпақтар ұмытпайды» атты саяси қуғын-сүргін құрбандары балаларының естеліктер жинағын жарыққа шығарды. Кітапты шығарудағы негізгі мақсат – ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдарындағы қайғылы қасірет пен оқиғаларды есте сақтап, тоталитарлық жүйенің жазықсыз жапа шеккен құрбандарына қатысты әділеттілікті бұрынғыдай қалпына келтіру, өсіп келе жатқан ұрпақты патриоттық сезімге және адамгершілікке тәрбиелеу.
Бұл жаңа жинақта мұражайдың бұрынғы басылымдарында жарияланбаған қуғын-сүргін ұрпақтарының естеліктері ұсынылған. Олар Сталиннің және оның айналасындағылардың саясатын әшкерелейді. Бұл кітапта Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Беларусь елдерінің қалалары бойынша зерттеу іссапарларында жинақталған және мұражай қорына ұрпақтар тапсырған естеліктер, түпнұсқа мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер, сонымен қатар «АЛЖИР» тұтқындары мен олардың балаларының хаттары бар. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылған. Мұражай кешені «Сталиндік вагоннан», «Қасірет қақпасы» монументінен, «Түңілу мен әлсіздік» және «Күрес пен үміт» мүсіндік композициялардан, тікенек сымды лагерь қоршауы мен күзет мұнарасынан, «Көз жасы» стелласынан, Зерде қабырғасынан, тұтқын әйелдер тұрған барак пен «АЛЖИР» тұтқындарын балаларынан айыру» диорамасынан, «Алаш» бағынан, ескерткіш белгілерден және мұражай ғимаратынан тұрады. Мұражай экспозициялары екі қабатқа қойылған.
«Алаш» залының экспозициялары Қазақстанның Ресейдің патшалық империясы құрамына кірген кезден бастап кеңестік кезеңді, 1937 жылдың жаппай қуғын-сүргінін көрсетеді. Олар тарих беттері – мұрағаттық құжаттар, фото-бейне материалдар, жауап алудың хаттамалары, ату жазасына кескен бұйрықтар, қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке істерінен сыр шертеді. «АЛЖИР тұтқындары» деп аталатын экспозициялық көрме залы «Отанын сатқандардың» әйелдерінің ақмолалық лагерінің тарихына, кінәсіз тұтқында отырған әйелдерге арналады. Мұнда олардың өмірі туралы материалдар орналастырылған. Отбасылық фотосуреттер, жеке заттары, «АЛЖИР» лагері тұтқындарының қолдарымен жасаған заттар қойылған. Мұражай қызметі қор жинау, зерттеу, экскурсиялық көрме бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
«АЛЖИР» мұражайының бірегей жәдігерлерінің бірі тұтқын әйелдердің лагерьде жартылай шикі нан мен тұздан жасаған миниатюралық мүсінделген жұмыстарын айтуға болады. Атап өтсек, балалардың аналарына жазған хаттары, оның ішінде апалы-сіңілі Ира мен Зоя Новиковалардың халық комиссары Берияға жазған хаты бар, онда олар анасын қайтаруды сұрап өтінеді.
Янина Германовичтің төрт айлық қызы Майяны лагерьде ораған көрпесі мен кестеленген белдігі қойылған. Көрпені мұражайға тапсырғанға дейін олар оны ең қымбат отбасылық реликвия тәрізді сақтапты. Қуғын-сүргін тақырыбы қоғамда орын алмаған кезде Ақмол ауылында 1989 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап, «Қақ айырылған жұлдыз» атты тұңғыш ескерткіші ашылды. Сол жылдары ауылдың шетінде «АЛЖИР» тұтқындары мен олардың балаларының жерленген жерлері анықталды. Қазіргі таңда ол жерде ескерткіш белгілер бар. Сол сияқты лагерьдің ауыр азабынан өткендерге арналған мұражайдың аумағында «Көз жасы» стелласы орнатылды. Стеллада бұрынғы КСРО территориясында орын тепкен ГУЛАГ-тың картасы бейнеленген. Сондай-ақ, Қазақстанның аумағында орналасқан Карлагтың құрамындағы 11 лагерьдің атауы жазылған. Сонымен қатар, тікенекті сымның ар жағындағы әйелдер мен балалардың қасіретті тағдыры да көрініс тапқан. Жыл сайын Қазақстанда 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Сол күні мұражай аумағында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі мен еске алу митингісі ұйымдастырылады.
Қазақстанда ғана емес, алыс және жақын шет елдерде тұратын ұрпақтар мұражайға хабарласып, өздерінің туғандары мен жақындары туралы ақпарат іздестіруде. Мұражайдың зерттеу жұмысы барысында қазақтың ақыны, жазушысы Ілияс Жансүгіровтың баласы Саят Жансүгіровпен, дыбыссыз киноның актрисасы Рахиль Плисецкаяның баласы Азарий Плисецкиймен, ҚазКСР денсаулық сақтау бойынша халық комиссары Хасен Нұрмұхамедовтың баласы Леон Нұрмұхамедовпен, Қазақстанның тұңғыш прокурорлардың бірі Сүлеймен Есқараевтың қызы Мариэтта Есқараевамен, Қазақстанның тұңғыш банкирі Төребек Османовтың қызы Зарема Османовамен және тағы басқалармен байланыс орнатылды. 2016 жылы мұражай ұжымы Италия мемлекетінің Милан қаласында «Museums and cultural landscapes» тақырыбында өткен 24-ші бас конференцияға қатысты. Ақмоладағы «АЛЖИР» лагерінде «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» ретінде отырған әйелдердің тізімі одан әрі анықталып, цифрлы мәліметтер базасы жасалуда. Мұражайдың www.museum-alzhir.kz. веб-сайты ашылды. Қазіргі таңда мұражайда 50-ден астам маман қызмет атқарады. Мәдени мекеменің қызметі өскелең ұрпақты өнегелілік пен патриоттық сезімге тәрбиелеуге және басты назар жастармен жұмыс өткізуге бағытталған. Саяси қуғын-сүргін тарихын және мәдениетін насихаттау мақсатында экскурсиялар, тақырыптық және көшпелі көрмелер, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен ақын, жазушылармен, сондай-ақ, мемлекеттік қайраткерлермен кездесулер ұйымдастырылады. 2016 жылғы қазанда мұражай ұжымы Қазақстан ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша жаппай саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 80 жыл толуына орай түсірілген «Қармен жуылған хат» 5 сериалы көркем телевизиялық фильмінің түсіріліміне қатысты.
Таяуда Халықаралық мұражайлар күніне орай, «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің ұжымы мұражай аумағында Целиноград ауданы Ақмол ауылы мәдениет үйімен бірігіп «Музейдегі түн» іс-шарасын ұйымдастырды. Іс-шара барысында мұражай қызметкерлері және олардың отбасы мүшелерінің қатысуымен өткен оқиғаны жаңғырту және «АЛЖИР» лагері тұтқындарының өмірінен алынған сахналық көрініс көрсетілді. Осыған байланысты мұражай қызметкерлері «АЛЖИР» лагеріндегі отырған тұтқын аналарымыздың бастан кешірген қиын қыстау кезеңін өскелең ұрпаққа жеткізу, тікенек сым қоршауында отырған аналар бейнесіне еніп сол уақытты бір сәт еске түсіру мақсатында еске ала отырып, тұтқын әйелдер лагерінің құрылу тарихы, лагерьлік тұрмыс жағдайындағы әйелдердің өмірі, олардың тағдырларымен таныстырды және «АЛЖИР» лагерінің болмысын ашты.
Мұражай ашылғаннан бері бүгінгі күнге дейін жүздеген келуші келді. Келушілердің ішінде Астана қаласы мен Қазақстан облыстарынан оқушылар, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, Қазақстан, ТМД және шет елдерден келген әскери қызметкерлер, мемлекеттік қайраткерлер, сонымен қатар, шығармашылық қауым, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары бар. Қазірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа және күллі қазақ халқына алыс және жақын шет елдерде тұратын және Қазақстанға жер аударылғандардың ұрпақтары алғыстарын білдірген хаттар келіп түсуде. Соның дәлелі ретінде – «АЛЖИР» тұтқыны Лидия Френкельдің немересі Дарья Виолинаның мұражай қорына тапсырған картинасын айтуға болады. Сонымен қатар, мұражайдың пікір кітабында қуғын-сүргін құрбандарының балалары, Қазақстанның және шет ел мемлекеттерінің Мемлекет қайраткерлері қалдырған қолтаңбалар да бар. Мұражай ұжымының алдында тұрған ендігі мақсат – ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңінің тарихын зерттеу және оны оқып білу, «АЛЖИР» тұтқындарының цифрлы мәліметтер базасын құру, жұртшылыққа мұражай қызметін кеңінен насихаттау.

Мейрамбай ОРАЛОВ,
Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің директоры.