Материалдар

«Ширатып» алатын енелер қайда?..

http://turizm-hit.ru/

 

Шортанды ауданында тұратын Қарлығаш Өтепқызы өз мақаласында жасынан бойына қазақы тәрбиені сіңіріп өскендігін баяндайды. Оқырманымыздың жазған хатын оқи отырып, Әскербек Рахымбековтың ел арасында тарап кеткен «Ақ босаға» әніндегі «... Алдымен өзіңді енең сынар, Емендей бол, бұл сынға емен шыдар. Жас келінге қаттырақ қарағаны, Ширатып бір алайын деген шығар», – деп келетін жыр жолдарында ақиқат жатқанын сезіне түскендей боласың.

 

«Қиындығы мен қызығы қатар жүретін өмір жолында кездесетініндей, кейбір енелер мен келіндер бір-бірлерін даттауға құмар-ақ. Бірақ, сол ұрыс-керістің, бір-біріне деген өшпенділіктің байыбына бара бермейтіні өкінішті. «Келін – қайын ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше, келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына байланысты болса, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар нұсқап отыратын енеге де байланысты емес пе. Қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес. Ал, қазіргі таңда мәселе неге ушығып кетті? Бүгінде келінді «сынағыш» сол енелер босағасын аттаған келін баласының тәрбиесіне өздері  мән беріп отыр ма?», – деп басталған оқырман хатында  бүгінде салт-дәстүрден хабарсыз, келіннің қателігін сөзбен ұғындырудың орнына жерден алып, жерге салып, ұрыса жөнелетін енелер кездесетінін жеткізе отырып, өз ойын одан әрі былайша сабақтайды. «Ол аз десеңіз немересімен жарысып, маникюр жасап, ерінін  бояп, ерсі қылықтар танытатын осындай енелердің келініне дұрыс бағыт көрсете алатынына күмәнмен қарайсың. Келіннің басты тәрбиешісі – ене ұлттық дәстүрден ада жан болса, отбасындағы екі әйелдің арасында сыйластықтың орнай қоюы екіталай. Ендеше, келіннің «келсап» болмай, жақсы келін, жақсы жар, жақсы ана болып қалыптасуы, ең алдымен, оның еріне деген сый-құрметіне, екіншіден, қайын ененің тәлім-тәрбиесіне байланысты екен. Сондықтан, келіннің енеден үйренері, алар тәлімі көп болуы керек. Бүгін ол енесінен үйренгенін ертең өз келініне үйретеді. Міне, дәстүрлі тәрбие мектебі осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қанат жайып кете береді. Бұл – нағыз халықтық педагогика, яғни, ата-бабаларымыз арқылы ғасырлардан бұлжымай орындалып келе жатқан заңдылық екендігін ұмытпауымыз керек, – дей келіп, өз өмірінен бір мысалды тілге тиек етеді.  «Сөзім дәйексіз болмасын. Бір-ақ мысал. Анам өзім ес білгелі басынан орамалын тастамай жүретін. Мен де мұсылман әйеліне орамал тағу – парыз, ол әйелдің абыройын сақтайды деп түсінетінмін. Бойжетіп, тұрмыс құрып, босағаны аттаған сәттен бастап, басымнан орамалымды тастамай жүрдім. Алайда, бір күні қайын енем жанына шақырып алып: «Қарлығаш, орамал тағып қайтесің, әлі жассың, ұзын көйлек те киме, орамал да тартпа. Біз ескіліктің адамдары емеспіз. Шалбар да кие бер. Шашыңды да жайып, әдемі болып жүр, қартаюға асықпа» деді. Бұл сөздердің барлығы маған біртүрлі ерсі естілді.  Сол кезде әжемнің шашымды қос бұрым қылып өріп, басымнан сипап отырып айтатын ақылы ойыма орала кеткені бар. Нағашы әжем: «Ер адамдар көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан болар, әйелдің шашы магнит тәрізді ауадағы кір, лас қуатты тартып алады. Ашық-шашық жүрген әйел адамға жараспайды. Бойжетіп босаға аттағаннан кейін айналайын, басыңнан орамалыңды тастама. Ол тәрбиеліктің, қазақы әдептіліктің, тазалықтың белгісі» – деп еді. «...Иә, жасырары жоқ, қазіргі таңда басына орамал тартқан келіншекті көрсек, сыртынан пыш-пыштап сөйлеп, сөз етеміз. Тіпті, қазақтың келіндері дәстүр бойынша кең етек көйлек киіп, ақ орамалын басынан тастамаса, оны бірден дін жолында жүрген  теріс ағымдағы біреуге балайтынымыз бар. Сұмдық-ай!»
Мақала авторы дұрыс айтады. Несін жасырамыз, қазіргі таңда тыртиған шалбар, кеудесі жалтыраған жемпір, шолтиған қысқа киім кию келінді қойып, қазақ қыздарының өзіне аса жараса бермейді. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген тәмсілге сүйенер болсақ, орамал тақпай жүруді де әбестік санамайтын болдық. Қит етсе қазақ қыздарының тәрбиесін тілге тиек етіп жатамыз. Әйтсе де, «балық басынан шіритінін» ұмытпағанымыз абзал, – деп ойын әрі жалғайды ол.  «Елге бардым. Бұрынғыдай еміреніп, еркелетіп «ботам» деп құшағын жая қарсы алатын әжем де өмірден өткен. Сынаптай сырғыған уақыт-ай десеңізші. Біз де біреудің келіні, адал жары, анасы, жеңгесі атандық. Ақыл тоқтаттық. Тек қана «әлі жаспыз деп» уақытты «тоқтатпасақ» болғаны!.. Орамал тартып жүретін кезіміз әлі алда! Өзгені қайдам, өз басым енемнің айтқанымен жүремін. Әлі жаспын деп жүргенде, қалай қартайып қалғанымды білмей ұятты болмасам болғаны», – деген оймен хатын түйіндеген Қарлығаштың әрбір сөзінде сыршылдық, жылылық  тұнып тұрғандай. Мақаласының соңғы түйінінде ыза, уытты зіл жатқанын да аңғармасқа болмайтындай. Орамалсыз жүргенін ұят санап, десе де енесінің бір ауыз сөзін аяқ асты етпеуге тырысып, бетінен алмай қазақы ізеттілік танытқаны да оның тәрбие көргендігін аңғартса керек.  
Осындайда, артымда қалған ұрпақтың ұлағатты анасы болсын деген ниетпен ақылын беріп, жанашырлықпен қарайтын, қажет болса, «ширатып» алатын енелер азайып бара жатқандығын мойында-
уымыз керек. Себебі, жасамыс жас болсам, жастар бас болсам дейтін заман туды. Ал, сен қалай ойлайсың, замандас!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.