Материалдар

Үмбетей жырау мұрасынан сусындады

http://turizm-hit.ru/

 

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында сөз болған «Туған жер» бағдарламасы аясында жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу үшін ауданда мақсатты жұмыстар қолға алынуда.

 

Соның бір мысалы ретінде қаладағы Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің шаңырағында өткен Үмбетей жыраудың шығармашылығына арналған аудан оқушылары арасындағы байқауды атап өтуге болады.
Үмбетей Тілеуұлы XVIII ғасырда өмір сүрген және соңында көп мұра қалдырған тарихи тұлға. Оның жыр-дастандары халық арасында кең таралған. Әсіресе, «Жантай батыр» жыры қазақ оқырмандарына жақсы танымал. Байқауға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов пен Үмбетей жыраудың ұрпағы Жеңіс Бөдешев өз сөздерінде атақты жыраудың шығармашылығына арналған байқауға қатысып отырған жастарға ізгі тілектерін жеткізді.
Байқаудың «Жақсы жырды жаттасақ» бөлімінде балалар жыраудың өлең-жырларын мәнерлеп жатқа оқыса, «Ақын болу – жүректерге от беру» бөлімінде өз өлеңдерін оқыды. «Өнерліге өріс кең» бөлімінде «Жантай батыр» жыры негізінде сахналық көрініс көрсетті. Қазылар алқасы балалардың өнеріне баға беріп, жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлерді анықтады.
«Жақсы жырды жаттасақ» бөлімі бойынша бірінші орынды Диас Әшкен, екінші және үшінші орынды Айдын Тұрымтайұлы мен Виктория Кербердь өзара бөлісті. Өз өлеңдерімен сайысқа түскен жас ақындар арасында бірінші жүлделі орынды Бақтияр Жепенов жеңіп алса, «Өнерліге өріс кең» бөлімі бойынша әртістік өнерімен жұртты  тәнті еткен Бөгенбай батыр атындағы орта мектептің оқушылары жеңіс тұғырына көтерілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің бәрі арнайы грамоталармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Гүлдана ҚАНАПИЯНОВА.
Ерейментау ауданы.