Материалдар

Елгезектік – ерен қасиет

http://turizm-hit.ru/

 

Адамдардың күн ұзақ бітпейтін  тіршіліктің қам-қарекетімен, өзінің мамандығына сәйкес қат-қабат шаруаларымен қанша шақырым жол жүргенін есептейтін аппарат болса. Әлгі ақылды аппарат аудан орталығының оңтүстік батыс жағында, 18 шақырым жердегі Львовское селосындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің меңгерушісі Наталья Цепляеваның қажымай-талмай жүріп өткен жолын жүздеген шақырымға теңер еді.

 

Жол мұраты жету болса, Наталья Владимировнаның жол үстіндегі мұраты – етек-жеңі кең пішілген, төрт жүзге жуық адам тұратын елді мекеннің тұрғындарына, олардың денсаулықтарын қадағалап, басы ауырып, балтыры сыздағандарына көмек көрсету. Ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң ауру-сырқаусыз тағы болмайды. Тіпті, кейде оқыс оқиғалар да орын алып жатады. Жалғыз фельдшер болған соң бұл жердегі ұғымда күндіз-түн дейтін өлшем жоқ.  Бір орында табан аудармастан отыз жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан фельд-шер осындай жұмыс тәртібіне әбден көндіккен. Адамдар сенің ұйықтап жатқаныңды, алқынған ағзаның демалуы қажеттігін тосып тұра ма. Білімі мен білігін сынағандай айтып келмейтін аурудың дүмпуімен талай рет жекпе-жекке шыққан. Дәйім жеңіп келеді.
Өз басы бұл істе білім-тәжірибемен қатар, мейірімі мен аяушылық тәрізді сезімдер де керек деп есептейді. Онсыз дәтің қуат ала алмас еді. Тіпті, кейбір адамдар ауру жанына батып қиналып тұрса да, жылы-жылы сөйлесең жаны жадырап, сырқатын да ұмытып кетеді. Демек, медицина қызметкерінің мейірім-шапағаты сырқат адамның бойындағы иммунитетті күшейтетін әдемі әсер.  Жасыратыны жоқ, елді мекен тұрғындарының аудан орталығындағы емхана дәрігерлеріне көрінуінің өзі алдымен біраз уақытыңды алатын, қажыр-қайратыңды сарп ететін өнімсіз шаруа. Ауылдастарының жай-күйін үнемі ойлап отыратын фельдшер алдын ала жасалған, бас дәрігер бекіткен кесте бойынша ауруларды дәрігерлерге көрсетуді оң жолға қойған. Оның үстіне аурудың алдын алу мәселесі бір сәт есінен шықпайды.
Фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысын ырғақты жүргізу мақсатында бір жылға тұтас емдеу, алдын алу шараларының жоспары жасалған. Жоспарда шараның атауы, орындалатын уақыты тап-тұйнақтай түзілген. Ұзақ жылғы тәжірибенің арқасында жұқпалы аурулардың алдын алу жайы-мен де жақсы таныс. Осы орайда, ең бірінші тұрғындармен тұрақты жұмыс жүргізеді. Әр ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын фельдшер қызмет орнында қажетті дәрі-дәрмектің болуын да қатаң ескереді.  Осындай ілкімді істері үшін селоның барша тұрғыны Наталья Цепляеваға дән разы. Үнемі алғыс айтудан жаңылған емес. Ал, алғыс ең үлкен мәртебе.
Б.ҚАЙЫРЛИН.
Жарқайың ауданы.