Өңірдің даму әлеуеті жақсы

Кеше «Ақмола Медиа орталығында» Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары өкілдерінің қатысуымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі өткізілді. Брифинг жұмысына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда алға қойылған өскелең міндеттерді шешу орайында әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.

Бұл брифингтің Ақмола жерінде өткізілуіне облыстық әкімдіктің және «Ақмола Медиа орталығының» қолдауымен Орталық коммуникациялар қызметінің осындағы филиалының ашылуы негіз болды. Қазір ОКҚ-ның мұндай филиалдары алты облыста бар. Келешекте оларды барлық аймақтарда ашу көзделіп отыр. Көкшетаудағы осы елеулі шараға орайластырылған алғашқы баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов алдымен, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерін осы оқиғамен құттықтап, мұның өзі билік пен журналистер арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетіндігіне сенім білдірді.     
Соңғы жылдары Ақмола облысында әлеуметтік саланы дамытуда айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Өз сөзін соның бір тармағы –  «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуынан бастаған облыс әкімінің орынбасары тек биылғы жылдың өзінде ғана өңірде мектеп жасына дейінгі
7 балалар мекемесінің іске қосылғанын атап өтті. Ал жалпы, бұл бағытта 550 нысанның жұмыс істеуі 3 жастан
6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің осындай тәрбие орындарымен қамтылу деңгейін тоқсан пайызға жеткізіп отыр. Облыс жаңа мектептер салуда да құр алақан емес. Кейінгі жылдары 16 білім ошағы пайдалануға берілген. Шағын комплектілі мектептердің саны да азаю үстінде. Екі мектепте 12 жылдық білім берудің пилоттық жобасы енгізіліп отыр. Көкшетау қаласында елімізде алғашқылардың бірі болып ашылған Назарбаев зияткерлік мектебі жұмыс істейді. 41 лицей мен колледжде 22 мың оқушы ұзын-ырғасы 94 мамандық бо-йынша кәсіби білім алуда. Олардың 10-ы дуальдық білім беру жөніндегі тәжірибе алаңы ретінде танымал.
Білім саласындағы осындай қат-қабат жұмыстарды ортаға сала келе, Нұрлан Нұркенов «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан іс-шараларға да тоқталды. Тек биылдың өзінде үш мың тұрақты жұмыс орындарының ашылуы өңірде жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Денсаулық сақтау саласының бюджеті 2010 жылмен салыстырғанда 1,3 есе өсіп, 24 миллиард теңгеге жеткен. Соның нәтижесінде, өлім-жітім 30 пайызға төмендесе, туберкулез ауруымен сырқаттанушылықтың азаюынан облыс республикада алдыңғы көрсеткіштердің бірін  иеленуде. Тек осы денсаулық сақтау саласында ғана 105 жас маманның баспанаға қол жеткізген жайы бар.
Ақмолалықтардың әлеуметтік салада қол жеткізіп отырған осы және басқа да баянды табыстарын рет-ретімен саралап шыққан облыс әкімінің орынбасарының сөзін брифингке қатысқан туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов әрі қарай жалғастырып әкетті. Ақмола облысы тарихи тұлғалармен бірге, табиғаты әсем, көрікті жерлерге де бай. Облыста үш ұлттық парк, сонымен қатар, Қорғалжын қорығының орналасуы тегін емес. Туристерге қысы-жазы 300 нысан қызмет көрсетеді. Жаз маусымында 500 мың, ал, жыл ішінде бір миллионға жуық тынығушылар дем алып жүр.     
Бүгінгі таңда еліміздің басты курортты аймағы болып саналатын Щучинск-Бурабай өңірінің дамуына Үкімет тарапынан зор көңіл бөлінуде. Өткен жылы осы мақсатқа 4 миллиард теңге қаржы бөлінсе, биыл ол қаржының көлемі 10 миллиард теңгеге жетіп отыр. Сондықтан, курортты аймақтың инженерлік жүйелерін, су тармақтарын жаңарту орайында көп жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, бұқаралық туризмнің жақсы дамып келе жатқандығын атап өткен жөн. Ақмолалықтар Щучье көлінің жағалауындағы республикалық жас-тар оқу-сауықтыру орталығымен, Ақбұлақтағы экоауыл, Жөкей көлінің жағасындағы кемпингтермен орынды мақтана алады. Кейінгі кезде бес жұлдызды «Риксос» қонақ үйі, Қазақстан лапландиясы, тағы басқа да туристік орындармен толыққан. Курортты аймақтың келешегі зор екені даусыз.
Облыс өмірінен осындай айшықты деректер ортаға салынған брифингте журналистер тарапынан қойылған сауалдар да аз болмады. Республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерін халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарына көрсетіліп жатқан көмек-қолдау, көктемгі су тасқыны болып өткен елді мекендерде табиғат зардаптарын жою, «ұйқы» ауруы меңдеген Калачи селосы тұрғындарын басқа өңірлерге қоныстандыру, Астанамен іргелес Фарфоровый кентінің хал-жағдайы, тағы басқа да мәселелердің шешімі толғандырды. Тікелей байланыс арқылы бір шеті Астана, Ақтау қалаларынан түскен осындай сауалдардың бәріне облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов нақты шаралармен тұшымды жауап берді.
Теңгенің еркін айналымға жіберілуінің өндірістік істерге тигізер тікелей әсері туралы тағы бір сауал аталмыш брифингке қатысып отырған Көкшетау «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамының президенті Сергей Кистинге де қойылды. Бұған кәсіпорын басшысы:
– Біз 2005 жылы өндірісті «КамАЗ» жүк көлігінің үш түрін игеруден бастаған едік. Қазір оның қырыққа жуық модификация-сын шығарамыз. Сату рыногы негізінен Қазақстан аумағын, атап айтқанда, министрліктер мен ұлттық компанияларды және холдингтерді қамтиды. Басында Елбасы айтқанындай, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетілмекші. Содан кейін әр өндіріс орны істі өзі алып кетуі тиіс. Біз мәселен, бұдан тайсақтап отырған жоқпыз. Өйткені, жасасқан контрактілеріміз бар. Сонымен бірге, өнім сапасы мен қызмет көрсету жағы да барлық стандарттарға сай. Яғни, бәсекелестік қабілетіміз жоғары, – деп жауап берді.  
Сонымен, жаңа оқу жылындағы оқулық мәселесіне дейін көтеріліп, облыста 600 миллион теңгеге оның қажетті қоры сатып алынғаны атап көрсетілген брифинг облысымызда Елбасының бес институционалдық реформасын іске асыру барысында біраз игі нәтижелерге қол жеткізіліп отырғанын айқын аңғарта түсті. Қазақстан Респуб-ликасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің жоғары деңгейде өткен бұл көшпелі брифингі
«24 KZ» телеарнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар