Өңірдің өндірістік әлеуеті

Облыстық әкімдік ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде облыстың қол жеткізген  жетістіктері, «Қазақстанда жасалған» маркасымен өңірдің өндірістік әлеуетін дамыту» тақырыбында облыс орталығының кәсіпорындарына баспасөз турын ұйымдастырды.

Алдымен біз «Арман» тоқыма кәсіпорны» серіктестігінің цехтары мен дүкенін аралап көрдік. Осында жұмыс істейтін тоқымашы Күләш Шәмшиева 28 жыл еңбек ететінін, 1988 жылы кәсіптік-техникалық училищені бітірісімен сүйікті мамандығы бойынша орналасқанын айтып өтті. Өзінен кейінгі буынды үйретуден де жалықпаған екен. Серіктестік директоры Татьяна Басанның айтуынша, кәсіпорын 25 жылдан бері тоқыма өнімдерін шығарып келеді.
– Мектеп формасымен қатар ер адамдардың, әйелдер мен балалардың елу түрлі киімін тоқимыз. Оның ішінде қазақтың ұлттық киімдері мен мемлекеттік органдардың формалары да бар. Ұжымда 25 қыз-келіншек еңбек етіп, тұтынушылардың көңілінен шығатын киім тоқуға тырысуда. Бағасы да арзан. Сондықтан болар, тұтынушылар қатары жыл санап өсіп келеді. Биыл «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурсында екінші орын алдық. Астана қаласында өтетін көрмеге қатысамыз. Шикізаттың тең жартысы өз елімізден және Беларусь елінен алынады. Қондырғылар кеңес заманынан бері жұмыс істеп келеді, – дейді ол.
Бұдан соң «Көкше» акцио-нерлік қоғамында болдық. Акционерлік қоғамның бас директоры Бегайдар Сембеков өз сөзінде бұл зауыт 1990 жылы пайдалануға беріліп, әскери өнеркәсіптік кешеннің тапсырысы бойынша радиотехникаға бағытталған арнайы өнімдерді шығармақшы болғанын атап өтті. Сол кездің өзінде кәсіпорында металл өңдейтін қондырғылар паркі, өлшегіш бақылау аспаптары көп болыпты. Осының арқасында зауыт ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін, өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс материалдарын, жылу электр орталығына орнатылатын бу қазандықтарының арнайы блоктарын, электротехникаға бағытталған  жоғары және төмен вольтты қондырғыларды, көп тарифті электрондық электр энергиясының және жылу энергиясының есептегішін, өзге де салаларға қажетті бөлшектерді жасауды игерді. Кәсіпорынның өндірістік алаңында әртүрлі бағыттағы токарлық, фрезерлік, бұрғылау, механикалық пресс, дәнекерлеу және ұсталық тәрізді жүзден астам технологиялық  қондырғы орнатылған. Сондай-ақ, металдарды гальваникалық жабу цехы жұмыс істейді. Мұнда қазіргі заманғы арнайы қондырғымен жабдықталған баспа платы өндірісі дамыған. Оның үстіне пластмассалық өнім мен металл балкасы жасалады. Зауытта күрделі тұрмыстық және өнеркәсіптік электротехникалық өнім шығаруға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы технологиялық үрдістерді игеру үшін «Филлипс-Электроник» голландтық фирмасының баспа платын құрастыратын желісі, жұқа металды кесетін «ЧПУ» лазерлік қондырғысы мен өнімді полимерлік бояу үшін арнайы кешен орнатылған. Кәсіпорында электрондық аспаптарды тексеретін және ультра дыбыс-ты бақылау нәтижесі бойынша металл конструкциясын қосып, дәнекерлеу сапасын бағалайтын бақылау-өлшеу зертханасы жұмыс істейді.
Биылғы жылы «КамАЗ Инжиниринг» акционерлік қоғамы  алты жүзден астам автокөлік құрастырды. Еңбеккерлер бір-ақ ауысымда жұмыс істеп, кіріс азайыпты. Тапсырыс болғанда екі ауысымдық жұмысқа көшетін көрінеді. Мұнда Азамат Темірғалиев пен Қайдар Есімов сияқты жұмысшылардың қимылы ширақ.
Іссапар соңында кондитерлік өнім өндіретін «Таукон» серіктестігінде болдық. Серіктестік директоры Марат Сәрсенов кәсіпорынның 1,5 жыл жұмыс істеп келе жатқанын, 25 адам жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Мұнда алпыс түрлі өнім шығарылады. Цехтарда италиялық қондырғылар орнатылыпты. Шетелден технолог та алдырылған. Өнім Қазақстанның алты өңірі мен Ресейге шығарылады. Кәсіпорын өнімділігін арттырып, сауда шекарасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Жұмысшылар тегін тамақтандырылады. Орташа еңбекақы 68 мың теңгені құрайды. Сөз соңында биылғы жылдың он айында өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі
68 миллиард 439 миллион теңгені құрағанын атап өткен жөн.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар