Іс тетігін ауа райы мен дайындық деңгейі шешеді

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен Сандықтау ауданының «Максимовский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2015 жылдың егін орағын ұйымшылдықпен, қысқа мерзімде, сапалы атқарып шығудың алда тұрған міндеттеріне арналған облыстық семинар-кеңес болып өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров, аудандар мен қалалардың әкімдері, бірқатар облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудандық, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімдері мен шаруашылықтардың, шаруа қожалықтарының, элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының басшылары, шағын және орта бизнес, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бұл жолы аталған семинар-кеңестің шаруа-сы өрге басқан облыстағы алдыңғы қатарлы серіктестіктердің бірі – «Максимовский» ЖШС-ында өтуі осы шараға қатысқан ұзын-ырғасы үш жүзге тарта адамның бәрінің де көңілінен шыққаны анық. Өйткені, шаруашылықтың оң істерімен танысу барысында агроөнеркәсіп саласымен мықтап айналысқан жерлерде көңіл қуантарлықтай зор жетістіктерге қол жеткізуге болатындығы  барған сайын анық аңғарыла түсті.
Алдымен, семинар-кеңеске қатысушылар екі топқа бөлініп, өндірістік нысандармен танысты. Оның барысында шаруашылық басшылары келген қонақтарға осы заманғы озық үлгімен салынған астық қабылдау базасын көрсетті. Күн нұрына жарқырап тұрған біркелкі, сыйымдылығы мол металл қоймаларға осы селода орналасқан серіктестіктің қыруар астығы сыйып кетеді. Мұнда 14 мың гектар егістік алқабы бар болса, оған негізінен бидай мен әртүрлі монодақылдар егілуде. Аудан әкімі Асылбек Исмағамбетов бастап алып жүрген алғашқы топ, одан кейінгі топ мүшелері де шаруашылықтағы жинақылықты, өндірістік құрылымдардың мықты екенін көріп, шаруаны осылай дөңгелетіп жүргізіп отырған басшыларға риза болғаны айдан анық.
Ал, мұндағы басшылар – әкелі-балалы Александр Закусиловтар. Облысымызға кеңінен белгілі ірі өндіріс ұйымдастырушылары «Максимовский» және «Свободный» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін құрып, оларды игі істерімен облыс, тіпті, республика көлеміне кеңінен танымал еткен. Мұндағы істің көзін таба білген қай шаруаға болсын көңіл сүйсінеді. Айталық, өндірістік базасында осы семинар-кеңес өткізіліп отырған «Максимовскийде» машина-трактор шеберханасы, қосалқы бөлшектер қоймасы, жүк және жеңіл көліктерге арналған гараж, бәрі соңғы 10-8 жылдың көлемінде жаңадан салынған. Біркелкі түспен көздің жауын алып жайнап тұр десе болады. Бәрі бір жерде, пайдалануға өте ыңғайлы. Мұнда егіншілік саласында еңбек ететін әр адамның, яғни, механизаторлар мен жүргізушілердің өз жұмыстарында еш қиындық көрмейтіндігі айқын сезіліп тұр. Оның үстіне осы өндіріс орындарының бәрі сол арадағы жаңа қазандық арқылы бір орталықтан жылытылады.
Шаруашылық басшылары күнбағыс ма-йын өңдейтін цех жұмысымен таныстырғанда да, оның өніміне деген қызығушылық аз болмады. Цехтың қуаттылығы айтарлықтай. 12 сағатта 1,5 тонна өнім бере алады. Шет елдің озық технологиясымен жабдықталған шағын кәсіпорыннан шығатын өнім жапсырмалары әдемі, арнайы құтыларға құйылып, тұтынушыларға жөнелтілуде. Осы цехтың жұмысына қарап тұрып, егінжай – өнім
циклын шебер меңгерген максимовтықтардың шынында да табысы тасқындап тұрғанын байқайсыз.
Бұдан кейін семинар-кеңеске қатысушылар мұндағы су жиналатын бөгетті барып көрді. Ол селодан үш-төрт шақырым жерде орналасқан. Бөгеннің негізі 2004 жылы қаланған көрінеді. Соңғы жылдары 6 миллион текше метрге дейін су жиналып жүр. Мұндайда су деңгейінің биіктігі алты метрге дейін көтеріледі. Бөген құрылысын осындағы «Свободный» серіктестігі жүргізген. Көктемгі су тасқыны үдей түскен соңғы екі жылда осы табиғат апатынан көп зардап шеккен көршілес Атбасар сияқты аудандарға су жайыла түспес үшін бұл бөгенді нығайтуға 30 мың текше метр қиыршық тас жұмсалыпты.
Облыс агроөнеркәсіп саласы басшылары мен қызметкерлеріне Максимовка селосының кескін-келбеті, яғни, әлеуметтік жағдайымен танысу да бір ғанибет болды. Келген жұртшылық село көшелерін аз уақыттың ішінде автобустармен аралап шықса да, мұндағы еңбек адамдарына туғызылған қолайлы жағдай, инфрақұрылымның жете дамытылуы көзге айқын көрініп тұрды. Тұрғын үйлердің бәрінде ұқыпты қолдардың табы бар. Көше жолдары тегіс, әрі түзу тартылған, айнала жайқалған ағаш. Бұрыннан келе жатқан, әлі күнге сыны кетпеген ескі үйлер мен жаңадан салынған үйлер де бір-бірімен өзара жарасым тауып, көзге жылы ұшырайды. Село көшелеріне электр қуатын күннің көзінен жинайтын бағандар орнатылған. Еңселі Мәдениет үйінің есігі ашық. «Свободный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаласа, әркім де тамақтана алатын асханасы жұмыс істейді. Селодағы орта мектепке 160 оқушы барады. 57 бүлдіршін осындағы шағын орталықтың қамқорлығына алынған. Барлық мәдени-көпшілік нысандар мен білім, тәрбие ошақтары қос серіктестіктің есебінен қаржыландырылып, ұсталады. Ал, оларға аз көмек берілмейтіндігі сыртқы кескін-келбеттерінен-ақ көрініп тұр.

Максимовка селолық округінде 3 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кооперативі орналасқан. Сүт қабылдайтын арнайы пункт бар. Жиырма орындық монша-кір жуу кешені ашылған. Мұның өзі бір жағынан село тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, үйлерінің жанындағы қосалқы шаруашылықтарынан қосымша пайда түсіртіп отырады. Бір сөзбен айтқанда, мұндай елді мекендерде тұру халыққа да қолайлы. 2007-2012 жылдар аралығында жаңадан жеті тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Оларды да көзіміз көріп, сүйсінбеске болмады. Бәрі де кең, аулаларына дейін көз қызығады. Пәтер мәселесін шешу мұнымен тоқтап қалмай, биыл тағы алты жеке үй салынуда екен. Спорт алаңына дейін күннің көзінен қуат алатын батареялармен жарықтандырып қойған.
Осының бәрі қос шаруашылыққа егіншілік және мал шаруашылығы салаларынан түсіп отырған қомақты кірістің арқасы. Былтыр мысалы, мұнда екі серіктестікті қосқанда, 30 мыңнан астам дәнді және майлы дақылдар алқабының әр гектарынан орташа есеппен 26 центнерден өнім алынған. Әрі осының едәуір бөлігі элиталық тұқымға жататын өнім болғандықтан, облыс көлеміне және одан тысқары жерлерге мыңдаған тонна тұқым сатылған. Мұның бәрі жыл сайын түсетін таза пайданы ұлғайтып, осының есесінен өндіріс пен әлеуметтік саланың екеуі де өрлей түсуде.
Әртараптандырылған егіншілік саласының қашанда тиімділігі мол. Мәселен, бір ғана «Максимовский» ЖШС он мың гектар алқапқа бидай, екі мың гектар алқапқа күнбағыс себеді. Бұған қоса, зығыр да 500 гектарды алып жатыр. Шаруашылықтың сан-салалы жұмыс қарекетімен мұқият танысқан меймандар семинар-кеңестің пленарлық бөлігі өтетін табиғат баурайына бара жатқан жолда да, осы дақылдардың алқаптарға қалай орналастырылып, қалай баптап, күтілгенін өз көздерімен көріп, мұндағы егіншілік мәдениетінің жоғарылығына одан сайын тәнті бола түсті. Барлық егін алқаптары бірінен-бірі асып, бір қылау жоқ, тап-таза күйінде жайқалып тұр. Қою сабағы да, дән толысқан масақтары да көңілден шығады. Әр алқаптың жиектері ұқыптылықпен жыртылып, тақтайшалар орнатылған. Негізінен, пісуге таяп қалғанымен, әлі кей тұстары жасылдау. Бабына келсе, бүгін-ақ өнімін төгіп беретіндей. Осыны ойлап, облысымызда жылдан-жылға мұндай озат шаруашылықтардың қатары көбейіп келе жатқандығына, саланың өзі кешегі қиын-қыстау тоқсаныншы жылдардан бері оңына қарай көп өзгеріп, айтарлықтай дамығанына қуанасың.
Әрине, жыл сайын ерен ізденіс, ақ адал маңдай тердің арқасында қамбаға үздіксіз құйылып жатқан мол астықты жеріне жеткізіп өңдеп, іске ұқсату, сөйтіп, оның пайдасын көріп, жемісін тату да үлкен жұмыс. Оған да дұрыс қамданбасаң, қыруар еңбек зая кетуі мүмкін. Осы жағын да әріден ойлаған әкелі-балалы Закусиловтар тек бір ғана «Максимовский» серіктестігінің өзінде сыйымдылығы 18 мың тонна механикаландырылған қырман салып алған. Бұл 2014 жылдың үлесіндегі іс болса, биыл үш мың тонна астық еркін сыятын тағы бір ангар қатарға қосылыпты. Осылайша, барлық шаруаны қолмен қойғандай етіп, ұршықша иіріп отырған қос басшы семинар-кеңестің соңғы бөлігіне дайындыққа да бар күш-жігерлерін салған секілді. Оны қаз-қатар тізілген шетелдік «Джон-Дир», «Клаас» астық комбайндарының, «Бойлер» егін себу кешендерінің, толып жатқан тағы басқа да жаңаша құрал-жабдықтардың ұзын-ырғасы да әйгілеп тұр. «Бір селоға мына комбайндар көп емес пе?» деп таң қалысады кейбір семинар-кеңеске қатысушылар. Әкелі-балалы диқандар өз қам-қарекеттері үшін оның осыншасын қажет етсе, көп болмағаны ғой.
Осы арада біз өзімізбен бірге облысымыздағы агроөнеркәсіп саласының оң жетістіктерін көріп, тамашалап жүрген кейбір аграршыларды сөзге тарттық:
–Бұл алқалы жиынға Ерейментау ауданының Новомарковка ауылынан келдім. Сонда «Жалғас Агро» серіктестігін басқарамын. Сегіз мың гектар алқапқа негізінен бидай, сонымен бірге, белгілі бір мөлшерде арпа дақылдарын себеміз. Биыл мамырдың 1-і мен 12-сі аралығында соның  4 мың гектарын ерте сеуіп шығып едік. Сол егініміз қазір пісіп, орақты ерте бастадық. Әзірше тікелей орып алған 600 гектар алқаптың әр гектарынан 8 центнерден өнім алып жатырмыз. Жаңбыр болды, дегенмен, біздің жақтың жер ерекшелігін білесіз ғой. Есесіне, ылғалдылығы мен желімділігі жақсы болғандықтан, алдын өңдеп, Еркіншілік элеваторына тапсырып та жатқан жайымыз бар. Өзіміз қарап отырмай, көлемі 4 мың шаршы метр қойма салудамыз. Лизингке алған «Вектор» комбайндарымыз да жоқ емес. Ауыл адамдарының жерін ұстағандықтан, пайына шөбі мен жемін беріп тұрамыз. Көктем мен күзде жұмысшыларымыз әжептәуір ақшасын алады. Өзіміз төрт ағайындымыз. Үш шаруа қожалығы, бір серіктестікке бірігіп, мектепті де қамқорлыққа алудамыз. Биыл жерімізді кеңейткіміз келіп, облыс әкімінің көмегімен Зеренді ауданының Бұлақ ауылынан бір мың гектар жер алып, онда да егін салдық. Жыл са-йын авиацияның күшімен әуеден өңдегендіктен, біздің де егініміз таза. Әрине, мынадай шаруашылықты көріп, қызығасың. Мұндай семинарлардың облыс орталығында өте бермей, осындай жерлерде өтуінің, жақсы тәжірибелерді көзімізбен көріп, үйренуіміздің қай-қайсымызға да пайдасы көп деген ойдамын,–дейді бұрынғы шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты, серіктестік басшысы Ержан Биекенов. Әрине, мұндай тұжырымға біз де толық қосыламыз.
«2015 жылдың астық жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізудің дайындығы мен міндеттері туралы» мәселені қараған облыстық семинар-кеңесті облыс әкімі Сергей Кулагин ашып, агротехникалық талаптар қатаң сақталған жерде, барлығы жақсы болатынын әкелі-балалы Закусиловтардың мысалынан айқын аңғарта сөйледі. Биыл Есіл, ең көп астықты өңір – Жарқайыңда, Жақсыда егін тәуір екенін алға тартқан өңір басшысы мұнымен бірге, химиялық дәрі-дәрмексіз Жер-Ана айтарлықтай өнім бермейтіндігін де еске салды. Егер уақыт талап еткендей жұмыс істейтін болсақ, іс те алға баспақ. Айталық, соңғы уақытта шаруа қожалықтарының егістік алқаптары жақсы жағына айтарлықтай өзгере түскен. Бұған мысал ретінде, Егіндікөл ауданының жетістіктері тілге тиек етілді. Ал, бұл істе Александр Александрович Закусиловты да үлкен құрметпен атауға болады. Осылай дей келе, Сергей Кулагин облыс аграршыларына қонақжайлық танытып, іс-тәжірибесімен бөлісіп отырған осы қос шаруашылықтың басшыларына алғысын білдірді.
Бұдан кейін жиналғандар алдында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан биылғы күзгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы туралы баяндама жасап, осы тұрғыдағы басты мәселелерге тоқталды. Баяндаманың негізгі қағидалары мақала ретінде газетіміздің өткен санында жарық көргендіктен, оған қайта тоқталып жатуды артық санап отырмыз. Дегенмен, баяндамада келтірілген ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдалану немесе мүлдем пайдаланбай, иесіз тастауға ұрынушылық сияқты фактілерден бірер мысал келтірмей тағы болмайды. Айталық, «Торғай» ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы сияқты аты дардай шаруашылықтардың  өзі бақандай 13 мың гектар егіс алқабын бос тастауға жол беруде. Осы ретте, облыс әкімі де орынды атап өткеніндей, жерді тиімсіз пайдалану фактілеріне қатаң түрде тосқауыл қойылса дейсің. Айта берсе, облысымызда бұрынғы елдің пайларын алған фирмасымақтардың кесірінен, яғни, олардың осы жерлерді банкке несиелері үшін сырттай кепілдікке өткізіп жіберулерінен,  мүлдем егінсіз қалған ауылдар да баршылық.
Басқарма басшысы өз баяндамасының соңына таман өсірілген өнімнің бүкіл ауыл еңбеккерлерінің күш-жігерімен ысырапсыз жинап алынуына сенім білдіруі де негізсіз емес. Облыста осыған тікелей жұмылдырылатын 8,5 мың астық комбайны бар. Оның үш мыңнан астамы шетелдік, өнімділігі жоғары астық кемелері.
Семинар-кеңесте баяндамадан кейін жарыссөз басталып, алдымен есімі елімізге кеңінен танымал, «Родина» Агрофирмасы» серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр сөз алды. Сөйтіп, жиналғандар мінберден облысымыздағы төрт құбыласы сай тағы бір озат шаруашылықтың егіншілік саласын өрге апарудағы көңіл сүйсінтерлік игілікті істеріне қанықты. Ал, семинар-кеңесті қабылдап отырған ел иесі ретінде сөз кезегі тиген Закусиловтардың кішісі өз ой-толғанысы арқылы бүгін қарыштап дамуына көпшілік тәнті болған «Максимовский» және «Свободный» серіктестіктерінің толайым табысын цифрлар тілімен жақсы өрнектеп айтып берді. Осының алдындағы бір сөзімізде аңғартқанымыздай, мұндағы шетелдік 34 комбайнның өзі іске шындап кірісіп кетсе, алқаптан алқап қоймайтыны айтпасақ та түсінікті. Сондықтан, биыл да қыруар егістік алқабын 18 жұмыс күні ішінде толық жинап аламыз деп отырған мұндай ұжымдарға тек сәттілік тілейсің. Ал, жан беріп атқарған мұндай жұмыстың қайтарымын былтыр осында күнбағыс дақылының бір тоннасының 75 мың теңгеге іске асырылғанынан да көруге болады.
Көпшілікті осы семинар-кеңесте күзгі жиын-терім кезінде ауа райының қандай болатындығы толғандырған еді. Ақмола облысы бойынша «Қазгидромет» директоры Нұрлан Бектұровтың айтуынша, әзір күн қабағы негізінен жаман болмайтын сияқты. Тек қыркүйек жауын-шашынды болады деп күтілуде. Бізде жерге шынымен жаны ашитын, осы салада ізденіспен тер төгіп жүрген әйел мамандардың да баршылық екені Жарқайың ауданы «Жер-1» серіктестігінің бас агрономы Светлана Орехованың тұшымды сөзінен де жақсы аңғарыла түсті.     
Семинар-кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин алдымен, осы бір сындарлы сәтте облыс егіншілерінің алдында тұрған келелі міндеттерге тоқталды. Ол алдымен, біздің егістік алқаптардың жақсы жағына көп өзгергенін, ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер астық шығымы үшін сапалы элиталық тұқымдарға ынталы бола бастағанын ерекше атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидиялардан кемшілік жоқ. Биыл да облыстың егіншілік саласына 5 миллиард теңге субсидия беріліп отыр. Соны тиімді пайдалану, жеңілдетілген несиелерді уақытында қайтару әр аудан, шаруашылық үшін бұлжымас міндеттердің бірі болуы тиіс. Бүгінгі диқан әр егіс алқабына жеке көзқарас керек екендігін де естен шығармауы керек. Ол дегеніміз, сол алқаптың өзін де, дақылы мен тұқымын да баптап, елеп-екшеп отыру. Кеңес барысында облыс әкімі мұнымен бірге, мал шаруашылығындағы жағдайға да тоқталмай кете алмады. Екі сала бір-бірімен тығыз байланыста қатар дамытылғаны жөн. Бүгінгі семинар-кеңес басталардағы ауыл шаруашылығы көрмесінде орақ техникасымен бірге, асыл тұқымды малдардың да қойылуы тегін емес. Осы Максимовканың өзінде де асыл тұқымды қара мал табыны бар. Былтырдан бері шаруашылық өз өңірімізге және одан тысқары жерлерге 372 бас «Герефорд» бұқалары мен құнажындарын сатып, одан да айтарлықтай пайда тапқан. Ал, облыс әкімінің қорытынды сөзіне келсек, өңірде мал шаруашылығы саласындағы «Сыбаға», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары күш ала алмай отыр. Жиналған басшыларға осы жайлар да ескертіліп, биылғыдай шөптің мол, қолайлы жылы оның екі жылдық қорын жасау мәселесі де көтерілмей қоймады.
Сонымен, сындарлы шаққа соңғы дайындық шаралары пысықталған маңызды жиын да мәресіне жетті. Енді бір он күнде дала төсі жылдағы жаппай дүбірлі аттанысқа ұласқалы тұр. Бұл жағынан міндет – айқын, меже – белгілі. Ол алдын-ала болжам бойынша гектарына 10 центнерден кем соқпауы тиіс биылғы тәуір өнімді шашау шығармай, уақытында жинап алу. Қазірдің өзінде бұл жауапты науқанға дендеп кірісіп жатқан шаруашылықтар қатары артып келеді. Солардың бірі – Бурабай ауданындағы үш ауылдың жеріне ие болып отырған «Алтын бидай» серіктестігі. Оның басшысы Николай Радченко да 30 мың гектардан астам егін алқабының 70 пайызын майлы дақылдар құрайтынын, бүгінгі семинар-кеңеске де көңілі толғанын айтады. Осы орайда, әр мәселені мұқият елеп-екшеуді тілейтін мұндай алқалы жиынды аудан әкімі Асылбек Исмағамбетовтың жетекшілігімен сандықтаулықтардың ұйымшылдықпен атқарып шыққандығын ерекше атап өтпей болмайды. Ендігі басты меже шынында да жауапты науқанға жұмыла кірісіп, көзделген міндет үдесінен шығу болса, бұған ақмолалық диқандардың күш мүмкіндігі мен қажыр-қайраты толығымен жетеді деп білеміз.

 

 

Иван САУЭР, Целиноград ауданындағы «Родина» Агрофирмасы» серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Бүгін ұйымдастырылып отырған шараның маңызы зор дер едім. Маған бүгін не көруге келдің деп сұрақ қойғандар да болды. Мен қай жерге барсам да, тіпті, жұмысы айтарлықтай сәтті болмай жатқан шаруашылыққа барып,  олардың қиындықты қалай еңсеріп, өмір үшін күресіп жатқан жағдайымен танысуды дұрыс деп санаймын. Олардан да қажетті сабақ алуға болады. Ал, әкелі-балалы Закусиловтар басқарып отырған шаруашылыққа келетін болсақ, бұл жанұяны мақтауға тұрарлықтай. Өздерін ғана емес, ауылдың инфрақұрылымын дамыту арқылы халықтың әлеуметтік-экономикалық  жағдайын жақсартуға көп көңіл бөлуде. Оған бүгін айқын көз жеткізіп отырмыз.
132 шақырымға созылып жатқан барлығы 42 мың гектар алқаптан бітік астық жинауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, мал азығын даярлау жұмыстарын да жоспарға сай жүргізудеміз. Бір сөзбен айтқанда родиналықтар егін орағына  толықтай әзір. Екі аптаның ішінде науқанды аяқтауға мүмкіндігіміз жетеді.  Тек, астықтың бағасы тоннасы 42-45 мың теңге шамасында болса дұрыс болар еді.  
Жексембай ҚАСҚАРБАЕВ: «Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы»  серіктестігінің  директоры:
– Биылғы көктем мен жаз айларында ауа райының құбылмалы болғаны белгілі. Тіпті, ылғалдың мол болуынан кейбір егістік алқаптарға техника кіре алмады. Дегенмен, шаруашылықтар егін егу технологиясын қатаң сақтауға баса көңіл бөлінуінің арқасында тәуір  өнім алуға болатынына көз жеткізіп отырмыз. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының климаты ұқсас, шұғыл континенталды. Біздің облысымыздың өзінде егіннің шығуы орманды жерлерде кештеу қалса, далалы аймақтарда ерте пісіп жатқаны байқалады.
Сол себепті, тұқым себу мерзімін әр аймақ жергілікті жердің ерекшеліктеріне орай дұрыс анықтаулары қажет. Сондай-ақ, химиялық өңдеуді де біздің орталық дайындаған ұсыныстарда көрсетілген жайларды ескере отырып жүргізген жөн. Шаруашылықтар ең бастысы, егін егу технологиясын қатаң сақтауға және тұқым таңдау мәселесіне баса көңіл бөлсе ауа райына тәуелді болмай-ақ, биылғыдай сапалы, мол өнім алуға болады. Жалпы, биылғы бидайдың сабағы онша биік болмаса да, масағы жақсы, көңілден шығады. Ал, сапасы қыркүйек айындағы ауа райына байланысты болады.
Александр ЗАКУСИЛОВ, Сандықтау ауданындағы «Максимовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:
– Бүгін Сандықтау жерінде бас қосып, агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кеңесін өткізіп отырғанымыз біз үшін үлкен абырой. Осында келіп, халықтың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, оң баға беріп отырғандарыңызға алғысым шексіз. Биыл көктемде біздің егістік алқаптарда ылғал көп болды. Сондықтан, бізге көктемгі дала жұмыстары нөлдік технология бойынша жүргізуге тура келді. Одан кейін арамшөптер мен өсімдік зиянкестеріне қарсы химиялық препараттарды уақытылы қолдануға тырыстық. Бұл бізге өздеріңіз көріп отырғандай жақсы өнім алуға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, мен өзім нөлдік технологияны қолдануға ондай әуес емеспін. Дегенмен, оның да тиімді екеніне  бүгін көз жеткізіп отырмыз. Сол себепті, кез-келген шаруашылық үшін агрохимикаттарды тиімді пайдалану, құрғақ аймақтарда жерді нөлдік өңдеудің қазіргі заманғы технологияларын пайдалануды кеңейту және басқа да бірқатар инновацияларды енгізудің кешендік шаралары астық шығымын арттырып қана қоймай, сапалы әрі мол өнім алуға мүмкіндік береді.
Светлана ОРЕХОВА, Жарқайың ауданындағы «Жер-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы:
– Табиғаты құрғақ аймақта ылғалсақтағыш технолгияны енгізудің маңызы зор. Сондай-ақ, егін шығымдылығына тұқым себу мерзімін дұрыс анықтап алудың да үлкен әсері бар. Сондықтан, әр шаруашылық табиғат жағдайына қарай тұқым себу мерзімін өздері белгілегендері жөн. Біз мол өнім алу үшін 11-ге жуық химиялық препараттар қолдандық. Оларды жөн-жосықсыз қолдануға болмайды.  Осының арқасында бүгінгі күні біздің шаруашылықта астық шығымын орташа әр гектарынан 14 центнерге жеткіздік.
Мол өнім алудың негізгі кепілі сапалы тұқымға байланысты екендігін ескерсек, бұл мәселені де естен шығармаған жөн. Сондықтан да, шаруашылықтар ең алдымен, тұқымның сортын дұрыс таңдауды шешіп алғандары жөн. Соңғы 10 жылда шаруалар ылғал сақтағыш технология, химиялық өңдеу сияқты шараларды жиі қолдануының арқасында егіннің сапасы жақсарып келеді. Мәселен, осыған дейін бидайдың 30 пайызын міндетті түрде арпа немесе өзге тұқым құрайтын болса, қазір жағдай мүлдем өзгерді.
Нұрлан БЕКТҰРОВ, «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының директоры:
– Диқан үшін ең маңызды науқан – егін орағы кезінде ауа райының қалай болатындығы осы салада еңбек ететін жұртшылықты толғандыратыны анық. Егіннің шығуы ауыл шаруашылығы мамандары айтып отырғандай қазіргі заманғы технология мен агрохимикаттарды тиімді қолдануына ғана емес, ауа райына да байланысты. Біздің гидрометеорология станциясы болжау орталығының мәліметтеріне сай тамыз айының үшінші онкүндігінде түнде 13-18 градус жылы болмақшы. Ал, 20-23 және 27-ші тамыз күндері кей жерлерде жауын-шашын болады деп күтілуде. 24 және 26 аралығында 15-20 градусқа дейін көтеріледі. Тіпті, кей жерлерде 27 градус ыстық болуы мүмкін. Ал, айдың соңында түнде 11-16, күндіз 19-24 градус жылы болады.
Қыркүйек айына келетін болсақ, ай бойы түнде 11-16 градус, күндіз 19-24 градус жылы болады. Дегенмен, жалпы алғанда қыркүйек айы жер-жерде жаңбыр жаууы ықтимал. Тіпті, айдың соңында кей жерлерде минус 1-2 градусқа дейін салқын түседі деп болжанып отыр.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,   
Аслан ОСПАНОВ

 Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар