Істің тетігі – қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда

Кезекті жұмыс сапарымен Астрахан ауданында болған облыс әкімі Сергей Кулагин өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігіне жете назар аударып, атқарылған жұмыстар мен олқы тұстарды саралай келе, бірқатар жаңа міндеттер ауқымын белгіледі.

Өңір басшысы аудан активімен кездеспес бұрын салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көріп, жергілікті тұрғындардың хал-жағдайларын сұрап білді. Бірнеше жылдан бері «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы әлеуметтік саланың дамуына игі ықпалын тигізіп, жаңа мектептер, ауруханалар мен мәдениет үйлері қатарға қосылса, ескілері жөнделуде. Мәселен, Жаңатұрмыс ауылында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні ашылған. Бұған разы болған Сергей Кулагин мәдениет үйлері мен ауыл клубтары осындай болуы қажеттігін атап өтті. Жергілікті басшыларға мектеп пен медициналық пункт тәрізді әлеуметтік мекемелердің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауды әрі бюджетті мүмкіндігінше тәртіпке келтіруді тапсырды.
Облыстың өңірлерін аралап жүрген Сергей Кулагин экономиканың дамуына ықпал ететін ірі инвестициялық жобалардың санына әрқашан баса назар аударады. Жалтыр станциясының жанында 2050 бас шошқаға арналған шаруашылық кешені мен ет комбинаты салынуда. Облыс әкімі бұл жобаға қолдау көрсететінін айтты. «Бавария Продукт» серіктестігінің басшылары биылғы жылдың күзінде бірқатар мал қораларын пайдалануға берген көрінеді, ал, қалған жұмыстарды келесі жылы аяқтамақшы. Өңір басшысы «Қазақзернотрейд» серіктестігінің астық қабылдау пунктінде де болды. Серіктестік басшысы Ерболат Қалыбеков өз сөзінде 15 мың тонна астық сақталатын элеватор салатындарын айтты. Астрахан селосында облыс басшысы күрделі жөндеуден өткен №1 орта мектепті аралап көрді. Аудан әкімі Талғат Ерсейітовтың есебін тыңдап, облыстың орташа көрсеткіштерінен төмен түсіп жатқан көрсеткіштерді сынға алды, жұмысты ширату орайында нақты тапсырмалар берді.  
– Өнеркәсіп өткен жылы 108 пайызға, жалпы көлем 1 пайызға өскен. Бұл аз, – деді Сергей Кулагин. Облыстың Индустрияландыру картасына 97 жоба енгізілген. Осы карта бойынша және одан тыс бес жоба іске қосылады. Бұл жаман емес. Бірде-біреуін кідіртпеу үшін әр  жобамен жұмыс істеу қажет. Өңірдің экономикалық тұрғыдан жедел дамуы үшін әрбір әкім бірнеше жоба енгізуі тиіс. Сонда ғана жұмыс орындары ашылады, бюджетке түсетін кіріс көбейеді. Облыс әкімі Талғат Ерсейітов пен оның командасына шағын және орта бизнеске назар аударып, әр кәсіпкердің аяғынан тік тұрып кетуіне көмектесу арқылы істі ілгері бастыру жөнінде тапсырма берілді.
– Ауданда 1152 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Мәселе оның санында емес, қаншасы жұмыс істейтінінде және бұлардан бюджетке қанша кіріс түсетінінде болып отыр, – деді облыс әкімі өз сөзінде. Шаруашылық субъектілеріне қаратып айтқан сөзінде мектеп пен денсаулық сақтау саласын, өзге де мекемелерді қолдау қажеттігін еске салды. Өңір басшысы орташа еңбекақы деңгейінің төмендігіне назар аударды. Күнделікті тұтынатын азық-түлік тағамдарының 33 аталымының жиырма екісінің бағасы жоғары. Мұнда биліктің рынокқа араласа бермеуі қажет болса да, кәсіпкерлердің  ойға келгенді істей бермеулері тиістігі айтылды. Ауыл шаруашылығына келетін болсақ, астрахандықтарда 395 мың гектар пардың 12 пайызы ғана жыртылған. Бұл орайда:
– Сіздердің кейбір шаруашылықтарыңызда гектар берекесі 7 центнерді ғана құрайды. Парлары бар, егіс алқаптарын мұқият өңдейтіндер гектарынан 22 центнерден өнім алады. Алдыңғы қатарлы шаруашылықтар егіс алқабының 35 пайызына минералдық тыңайтқыштар енгізеді. Ал, сіздер көбіне бұл тыңайтқыштар жөнінде ойламайсыздар, – деген сөздің де жаны бар. Аудан басшылығына тұрғын үй құрылысы, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар салу, мал шаруашылығын дамыту, экономиканың барлық салаларына инвестициялар тарту жөнінде тапсырмалар берілді.
– Астанаға жақын орналасқан ауданда мал шаруашылығымен тыңғылықты айналысқан тиімді. Ауданға Қорғалжын ауданындағы «Бакара» ет комбинаты тәрізді іргелі бір кәсіпорын қажет, – деді облыс басшысы сөз ретіне қарай. Енді аудан еңбеккерлері осы бағыттағы жұмыстарды ширата түсулері қажет.
Аудан активінде бірқатар еңбек озаттары облыс әкімінің Құрмет грамоталарына ие болды.

Рамазан Тілеуов.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар