Қиялына қанат бітірді

 Елімізді әлемнің алпауыт мемлекеттері «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетін алаң болуға лайықты деп таңдау жасады. Мұнда дүниенің төрт тарабынан жиылған елдер өздерінің технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін паш етпек. Бүгінде Қазақстанның барлық түкпірінде қызу дайындық жүріп жатыр. Әр өңір көрмеге өз үлесін қосуға ниеттеніп, оның ұлттық нақышта өтуі үшін ілкімді шараларды қолға алуда.

  «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мән-маңызы айтпаса да түсінікті. Бұл республикамызды жаңа даму белесіне көтеретін бірден-бір шара. Сол себепті, жас буынды мамандандырылған көрмеге баулу мақсатында пікір-сайыстар, шығармашылық байқаулар өткізілуде. Оқушылар  ақыл-ой ұшқырлықтарын танытып,  қоршаған ортаны қорғаумен байланысты түрлі ғылыми-техникалық туындылар көрмесіне белсенді қатысуда.
Щучинск қаласындағы «Мирас» көпбейінді мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары Бекзат Кампышева мен Аслан Рамазан аталмыш байқаулардың тұрақты қатысушылары. Олар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен «Шағын ЭКСПО-2017» көрмесінде болып,  «Қысқы саябақ және демалыс орны» атты тақырыпта ғылыми жұмыстарын қорғады. Жобаның ғылыми жетекшісі, бейнелеу өнері мен сызу  пәні мұғалімі Нұргүл Сәрсенбаеваның айтуынша, оқушылар сабақ арасында жақсылап тынығып алуы тиіс, ал,  демалыс алаңы бұл үшін таптырмайтын орын.  Жас ғалымдар жобаға үлкен жауапкершілікпен келген. Барлық құрылыс материалдарының  мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, жұмыстың кескінін жасапты. Тіпті, аудандағы сәулет-құрылыс мамандарымен кеңесе отырып,  мектеп ғимаратына қосымша демалыс алаңын ашуды ұсыныпты. Бұл мақсатта  нысанның екі қанатының бел ортасындағы бос орын тиімді пайдаланылған. Аталмыш жобаны қолға алудың тағы бір маңызды себебі, мектепте оқушылар саны артқан сайын олардың қажеттіліктері де ұлғая түседі ғой. Сондықтан, қысқы саябақ оқушыларға экологиялық, эстетикалық тәрбие бермек. Мұның астарында адам мен табиғат егіз ұғым деген ой жатыр. Көптеген өндіріс орындары мен күрделі ғылыми жетістіктер әсерінен экология бұзылып,  адамзаттың денсаулығына залал келтіруде. Осы орайда, мұндай жұмыстар болашақ  ұрпақтың сақталуы мен денсаулығының мықты болуына түрткі болады. Тамаша табиғат көріністері адамның күш-қуатының қалпына келіп, тынығуына көмектесетіні айдан анық.
Ғылыми жұмыстың мазмұнына келетін болсақ, бұл үстел ойындарына арналған алаң болмақ. Сонымен қатар, жан-жағы көкпен көмкеріледі. Алаңға табиғи және қолдан егілетін өсімдіктер отырғызылмақ. Оның қатарында, аласа талдар мен десте гүлдер бар. Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін органикалық және минералдық тыңайтқыштар пайдаланылмақ. Өсімдіктерді арнайы әдіспен егіп, безендіруіне дейін жоспарлап қойыпты. Ең бастысы, маңына субұрқақ орнатылады екен. Жас зерттеушілердің пайымдауынша,  ол бала психологиясына жағымды әсер етеді.  Оқушылар «оны орнату үлкен қиындық тудырмайды. Тек физика заңдарына сүйене отырып, жасалса болды» деген пікір білдірді. Алайда, мұнда арнайы бұрқақ сорғышын қолданған жөн. Себебі біріншіден, ол аз энергияны қажет етеді, екіншіден, үлкен моторесурсты болып келеді, үшіншіден, бұл су сорғыш шау-шусыз жұмыс істейді. Түптеп келгенде, жоба жақсы жоспарланып,  ұсақ-түйек жайттарға дейін ойластырылған. Осылайша,  экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған ғылыми жұмыс  үздік жобалардың санатынан табылып, Астана қаласында өткен шағын көрмеге жолдама алған. Онда ғылыми жетекші Нұргүл Сәрсенбаева мақтау қағазымен марапатталыпты. Алдағы уақытта мектеп ұжымы  жобаны іс жүзінде жүзеге асыруды қолға алмақ.  Әр оқушының тың жұмысы қолдау тауып отырса, бұл оқушылардың қиялына қанат бітіре түсетіні сөзсіз.
Ырысгүл КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар