Ізденіс иірімдері

Ауданда өңірге инвестиция тарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Өткен жылдан бастап аудан аумағын дамыту бағдарламасына отыздан астам инвестициялық жоба енгізілді.

  Солардың бірі – «Агромакс Астана» серіктестігінің диірмен кешені. Шортанды кентінде орналасқан «Дәржан тобы» серіктестігі 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Серіктестік тәулігіне 120 тонна ұн тартатын диірмен кешені мен шағын элеватор салды. Өткен жылы бұл кәсіпорын аумағының бір бөлігін «Агромакс Астана» серіктестігі сатып алып, тәулігіне 200 тонна ұн тартатын диірмен кешенінің құрылысын бастады.  Қондырғылардың бәрі Түркиядан сатып алынған. Серіктестіктің өндіріс меңгерушісі Капзадин Салпықовтың айтуынша, диірмен кешенінде ұнның жоғары, бірінші, екінші сұрыптары және кебек өндіріледі. Тазартылған бидай «Дәржан тобы» серіктестігінің шағын элеваторынан алынады.
  –Бір тәулікке жететін бидайды элеватордан 120 тонналық силосқа құямыз. Кейін шнек арқылы диірменге беріледі. Бидай диірмен ішінде қайтадан тазаланып, арнайы технология бойынша 18-20 сағат ылғалдандырады. Бұл жұмыс үрдісін тағы да 8-10 сағат қайталаймыз. Бидайдың ылғалы көп болса, ұн да ақ болады. Сондықтан, ұн тартуға тек сапалы бидай қажет. Жаңа қондырғылар да сапалы бидаймен жұмыс істеуге арналған. Жұмыс барысында барлық норманың дұрыс сақталуын қадағалап, бидайды диірменге жібереміз. Кәсіпорында зертхана жұмыс істейді. Олар бидайды сұрыптайды. Зертханашылар әрбір екі сағат сайын ұнның қамырлығы мен сапасына талдау жасайды. Сұрыпталған ұн қапталып, қоймаға апарылады. Кәсіпорынға темір жол тұйығы тартылған. Вагондарға тиелген ұн тұтынушыларға жіберіледі, – дейді Капзадин Салпықов. Кәсіпорында отыз адам еңбек етеді. Бригада жұмысшылары ауыс-палы ауысыммен он екі сағат жұмыс істейді. Екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Диірмен кешенінің операторы Николай Тришов өзінің жаңа кәсіпорынға жұмысқа орналасқан қуанышын жасырмады. Жаңа технология бойынша ұн тартатынын, компьютер арқылы жұмыс барысын қадағалайтынын айтып берді. Бұрын ол «Дәржан тобы» серіктестігінде төрт жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған екен. Диірмен кешені жақын арада пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар