Үй құрылысы тезірек бітсе

топан судан зардап шеккен тұрғындардың да, басшылардың да арқасынан ауыр жүк түсер еді

Биылғы көктемде күрт еріген қар суына ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген бөгеттердің тосқауыл бола алмауы салдарынан біраз ауылдарды су басып, тұрғындарды әбігерге салғандығы белгілі.

 

Ал, су тасқынына шыдамай үйлері құлап қалғандықтан, көптеген отбасы баспанадан айырылды. Табиғаттың тосын мінезіне дайын болмағандығымыз, оның себеп-салдарлары деген мәселелер талай талқыланды, әлі де айтыла жатар. Бірақ, бүгінгі әңгіме басқа. Міне, содан бері бірнеше ай өтті. Жаздың да шеті көрініп қалды. Зардап шеккендер үшін салынып жатқан үйлердің құрылысы әлі аяқталған жоқ.
Осындай су тасқынына тап болған ауылдардың бірі – Целиноград ауданының орталығы Ақмолдың іргесінде орналасқан Жаңажол ауылы. Мұнда 19 үйге су кірсе, оның 14-і тұруға мүлдем жарамай қалған.
– Қолдан келген көмектің бәрін жасадық, – дейді ала жаздай не тындырылғандығын білмек болып біз барғанда сол ауылда жүрген аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің басшысы Сәбит Кенжебек.
Рас, алғашқы күндерден-ақ, су тасқынынан зардап шеккендерге билік тарапынан да, қарапайым тұрғындар тараптарынан да көп көмек  көрсетілді. Ол үшін алғыстан басқа айтар сөз жоқ. Дегенмен, үйлері тұруға жарамсыз болғандарға баспана керек қой. Абырой болғанда, бұл мәселе де өз шешімін табатын болды. Бүгінде оларға арналып, Ақмол ауылында арнайы үй салынып жатыр. Бірақ… Міне, бәрі осы «бірақтан» басталады.
– Ағайындар-ау, сәуір айынан бері бала-шағамызбен шатырда тұрып жатырмыз. Тамыз айын орталап қалдық, түн суық. Балаларымыз ауру болатын болды, – дейді осы ауылдың тұрғыны Смағұл Қожабеков.
Шынында да, аядай шатырда бес немересін құшақтап отырған отағасының уәжін түсінуге болады. Сондай-ақ, баспанасы жарамсыз болып қалған Ерсайын Әубәкіров те ашуын баса алмай тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыс әкімінің тапсырмасына орай,  олардың бәріне де баспана берілетін болды. Ол үшін Оразақ ауылында 78 үй салынып  жатса, осы Жаңажол ауылының тұрғындарына да Ақмол ауылында үй тұрғызылып жатыр. Өкінішке орай, құрылыстың күзге дейін созылатын түрі бар. Нақтырақ айтсақ, қараша айы тумай ол үйлер салынып бітпейді. Мұның себептеріне келер болсақ, бәрі біздегі «біреудің малын біреу өлең айтып жүріп іздейді» дегендей, жайбарақаттықтың салдары. Біріншіден, республикалық бюджеттен арнайы бөлінген қаржы әлі қолға тиген жоқ. Соның салдарынан
облыс әкімі Сергей Кулагин уақыттан ұтылмау үшін құрылысшыларға «маған сеніңдер» деген уәдемен жұмыс істетуге мәжбүр.
Сонда бөлінген ақшаны уақытында жібермей отырғандар енді шамалы уақыттан соң «қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» келгенде шатырда отырғандар қалай күн көреді деп ойлайды екен?! Әлде сол Абай хакімнің жоғарыдағы сөзін одан әрі жалғастырсақ, «ықтырмамен шатырда отыра берсін» дей ме? Бұл енді «басы ауырмағанның құдайда не шаруасы бардың» нағыз өзі. Осындайда бір үй салу үшін құрылыс материалдарынан гөрі түрлі анықтама, толып жатқан қағаз көп кете ме деп ойлайсың.
Әрине, күн суыта бастаса шатырда отырғандарды тағы да уақытша жылы жерге көшірер. Ауыл әкімдігі оған дайын екен. Дегенмен, құрылысты тезірек бітіру керек. Жоғарыда айтқанымыздай, бәрі дұрыс болса, қараша айында үйлер дайын болуға тиіс. Тек, қараша туғанда «әләләйім бітсе, бүләләйім бар» дегендей, тағы бір сылтау көлденең шығып,  «күз дегенің қыс болды, бұл не деген іс болды?» деп жүрмесек болды. Дегенмен, бәрі дұрыс болуға тиіс. Себебі, құрылыс барысы, оның сапасы облыс әкімі Сергей Кулагиннің жіті бақылауында. Бұл арада әрине, құрылыс басшылары да, қолында билік бар басқа азаматтар да баспана құрылысының тек зардап шеккендер мен Сергей Кулагинге ғана керек еместігін түсініп, өздері де осы жауапты іске барынша мүдделілік танытса екен дейміз.

 

Талғат ҚАСЕН

Жаңажол ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар