Көңілге сенім ұялатқан кездесулер

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сапар Ахметов, Ерсұлтан Бектұрғанов және Жанат Жарасов Целиноград ауданында болған жұмыс сапарында өңірдің көкейтесті мәселелеріне назар аударып, қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың өтініш-тілектерінің оң шешілуін қарастырды. 

Алдымен ауданға депутат Сапар Ахметов келіп, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Халық қалаулысының «Ақмола Феникс» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесуінде серіктестік жетекшісі Максим Божко әлеуметтік мәні бар бірнеше сауалдарды алға тартты. Астанаға немесе оған жақын жатқан елді мекендерге жұмысқа келгендерді тіркеу мәселесіне және Салық кодексінің 448 бабына байланысты сұрақтар қойды. Депутат сауалдарға толымды жауаптар беріп, жаңадан сайланған Парламент жұмысы туралы жан-жақты әңгіме қозғады. Бір жыл ішінде 81 заң жобасы қаралып, оның 51-і бекітілген. Қазіргі кезде депутаттар әрбір аймақта өз сайлаушылары алдында есеп беріп жатыр. Ақмола облысында Мәжілістің 8 депутаты осындай жұмыс сапарында жүр.
Осыдан кейін Сапар Қайратұлы Ақмолдағы құс азығын өндіруге мамандандырылған «Capital  Project LTD» серіктестігінде болды.  Ақмол ауылындағы ірі құс бірлестігінің құрама жем дайындайтын зауыты өткен жылдың сәуірінде іске қосылған еді. Бұл жобаның құны 1 миллиард 1048,9 миллион теңге.  Жылына 100 мың тонна өнім өндіретін әлеуеті бар. Мұнда тәулігіне 300 тонна құрама жем шығарылады. Қазіргі заманғы құрылғылармен жабдықталған зауытта бүгінгі күні 50 адам еңбек етеді, олардың орташа айлық жалақысы 110 мың теңге шамасында.  
Серіктестік директоры Валерий Артамонов халық қалаулысын кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырып, атқарып жатқан шаруалары жайында айтып берді. Зауыт аймағында қойма ғимараттары, құстарға арналған дайын құрама жемді сақтайтын қойма, астық тазарту жүйесі, газ желісіне қосылған астық кептіргіш, автокөліктерді өлшейтін электронды таразы, басқа да өндірістік ғимараттар бар. Бұл күні халық қалаулысы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында тұрғындарды қабылдап, құқықтық кеңестер берді және жаңа жылдан бері қолданысқа енген заңдардың мән-маңызын түсіндірді.
Аймаққа осындай мақсатта келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов пен Жанат Жарасов алдымен сайлаушылармен кездесу өткізді. Аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев кездесу барысында аймақта жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жұмыстар мен биылғы жылдың екінші және үшінші тоқсандарына жоспарланған өндіріс жобалары туралы ой бөлісті.
Халық қалаулылары  тұрғындарға жаңадан сайланған депутаттар корпусының тың форматта жұмыс істеп жатқанын айта келіп, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап біздің елдің азаматтарына 30-ға тарта шетелге визасыз баруға рұқсат берілгендігін атап өтті. Әрине, оның бәрі мұқият екшелген мәселелер.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов әлемде теңдесі жоқ институт Қазақстан халқы Ассамблеясы жөнінде толымды әңгімелеп берді. «Татулық болған жерде жетістік те болады. Адамға керегі жанжал емес, бейбіт өмір. Біз соны өзіміздің ұрпағымыздың бойына сіңіре білуге тиістіміз», – деді депутат. –Жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орын алатын Қазақстан мемлекеті бірлік пен тыныштықты қалайды.
Кездесу барысында түрлі өзекті мәселелер қозғалды. «Нұр Отан» партиясының белсенділерімен болған Мәжіліс депутаттарының кездесуі тартымды өтті. Жиналған қауым қоғамдық ой тудырған түрлі сұрақтарға жан-жақты жауаптар алды.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар