Көкшетау қаласы даму жағынан алда болуы керек

Биыл еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы жыл болды. Солардың ең бастысы – еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы десек, артық айтқандық емес. Осы ширек ғасырдың ішінде тәуелсіз Қазақстан ғасырларға бергісіз даму жолынан өтіп, әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алды.

 

Өйткені, ол облыс орталығы. Біз мұны жақсы түсінеміз. Сол түсінгендігіміз бен күш-жігеріміз  шығар,   біздің қаламыз үшін биылғы жыл табысты  болды. Үкімет қабылдаған әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстың зардаптарын азайту, өндірісті тоқыратпай, керісінше дамытуға мүмкіндік беретін шараларды жүзеге асыру арқылы өндіріс көлемін өсіруге мүмкіндік алдық. Биылғы жылдың алғашқы 11 айы ішінде 79,9 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілсе, соның  72,1 пайызы өңдеуші кәсіпорындардың еншісіне тиеді. Жалпы көлем индексі  103,6 пайызды құрады.
Көкшетауда сонау кеңес заманында болмаған бірқатар жаңа салалардың жұмысы жолға қойылғанын атап өткен артық болмас. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп жұмыстары үшін қажетті жүк машиналарын шығаратын Қазақстан-Ресей бірлескен жобасы – «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ-ы ырғақты жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы кәсіпорын 9,9  миллиард теңгенің өнімін шығарды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 138,1 пайыз. Облыс бюджетін толықтыруға айтулы үлес қосатын ірі кәсіпорындардың бірі «Көкшетау минералды сулары» АҚ-ы да өндіріс көлемін өткен жылғы деңгейден біршама асырып, бүгінгі күнге дейін 12,2 миллиард теңгенің өнімін өндірді.  Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп орындары үшін түрлі сыйымдылықтағы қапшық шығаратын «Новопэк» серіктестігі, металл конструкцияларын жасайтын «Көкше» АҚ-ы, астық өңдеп, ұн тартатын «Agrimer-Astyk» серіктестігі сияқты ірі кәсіпорындар да табысты жұмыс істеп, өндіріс көлемін біршама өсіруге қол жеткізді. Тұрғын үй көптеп салынды, қала жаңарып, жасанды.
Нарық жағдайында өндірісті дамытуға шағын кәсіпкерліктің қосатын үлесі қомақты болатыны белгілі. Бүгінгі күні қалада тіркеліп, жұмыс істеп жатқан 3589 шағын кәсіпкерлік нысандары бар. Өткен жылмен салыстырғанда шағын кәсіпкерлік  саны 5,7 пайызға көбейген. Шағын кәсіпкерліктің қарқынды дамуына «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған ықпалы аз емес. Осы бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген несиелер алып, өз кәсібін ашқысы келетіндер қатары жыл санап көбейе түсуде. Елбасымыздың өзі үлкен мінберлерден үнемі кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасап, кедергілерді жою жөнінде айтып келеді. Осы орайда, қала әкімдігі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайына әрдайым жете көңіл бөліп отырады. Бұл саладағы қол жеткізіп отырған жетістіктеріміз де сол жүргізілген жұмыстардың нәтижесі екендігі анық. Биылғы жылдың басынан бері  жалпы көлемі 3 миллиард 810 миллион теңгенің  38 инвестициялық жобасы аймақтық үйлестіру кеңесімен мақұлданды. Яғни, бұл жобалардың бәрі болашақта өңіріміздің экономикасын дамытуға игі ықпалын тигізетін болады.
Мемлекеттік саясатымыздың басты бағдарының бірі халықты әлеуметтік жағынан қорғау, адамдардың тұрмыс дәрежесін көтеру болып табылады. Биылғы жылдың басынан бергі өткен уақытта тіркелген жұмыссыздық деңгейі 0,2  пайызды құрады. Жыл басынан бері 1903 адам, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы  1738 адам жұмысқа орналастырылды. Адамдарды жұмыспен қамту бағытында елімізде бірқатар мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау, өз кәсібін ашу үшін жеңілдетілген несиелер беру сияқты оңтайлы тәсілдер жұртшылықты жұмыспен қамтуға айтарлықтай ықпалын тигізуде. Жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесінде  қазіргі күні ынтасы бар кез-келген адамның жұмыс табуына мүмкіндігі бар деп айтуға болады.
Қазіргі күні Көкшетау қаласында орташа жалақы деңгейі 106684 теңгені құрайды. Бүгінгі жағдайда бұл біршама жоғары жалақы деп айтуға болады. Сондай-ақ, қала әкімдігі тарапынан азық-түлік және өнеркәсіп тауарларын негізсіз көтеруге жол бермеу бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіледі.
Жыл тоғысында тұрып, адамдар өткенде істеген шаруаларын қорытындылап, ертеңгі күнгі істейтін жұмыстарын ой елегінен өткізіп алатыны бар.  2016 жыл астаналық облыстың орталығы – Көкшетау қаласы үшін табысты болды десек, асыра айтқандық болмас. Алдағы жылда жүзеге асырсақ деген жоспарларымыз да баршылық. Жаңа жыл баршамызға жемісті, табысты болсын, ағайын!
Ермек МАРЖЫҚПАЕВ,
Көкшетау қаласының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар