КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ – еліміздің кәсіптік білім беретін 10 алдыңғы қатарлы колледждерінің бірі

Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы армандаған ел тәуелсіздігіне биыл 25 жыл толғалы отыр. Осы ширек ғасыр ішінде білім саласында да бірталай реформалар жүргізіліп, ел экономикасын дамытуға айтарлықтай үлес қосатын білікті жұмысшы мамандарын даярлау алдыңғы орынға қойылды.

Қазақстанның индустриялық бағыттағы дамуын ескерсек, тех-никалық және кәсіптік маман иелері бұл сұранысты толығымен қанағаттандыруы тиіс. Көкшетау жоғары колледжі осы орайда елімізге қажетті орта буынды мамандар даярлайтын Қазақстандағы бірегей оқу орны болып отыр.
Еліміздің экономикасын модернизациялау басты назарға алынған тұста өндірістік секторлар тарапынан заманауи технологияларды меңгерген білікті мамандарға зәрулік пайда болды. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында өнеркәсіп орындарында жаңа технологияларды игеру, оны іске қосу барысында осындай инновациялық технологиялармен жұмыс істейтін мамандарға сұраныс арта түсті. Осы ретте, заманауи өндірістік технологияларды меңгеруге бағытталған, экономиканың инновациялық дамуы қажеттілігінен жоғары кәсіптік білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ету елімізде, оның ішінде біздің облыста да қолға алынуда. Кәсіпорындардың жетекшілеріне алға қойылған міндеттерді уақытылы орындап, өндірістік тәжірибе барысында қиын жағдайлардан дұрыс жол тауып, нақты шешім қабылдай алатын әмбебап мамандардың қажеттігін ескерген жоғары техникалық мектеп өзінің жаңа жобасын ұсынған еді. Кәсіптік лицей, колледж және институт беретін үш бағдарлама біріктіріліп, еңбек нарығына қажетті инженерлер даярлана бастады. Оқуға түскен оқушылар алғашқы екі жылда жұмысшы мамандығын оқыса, үшінші курстан кейін жоғары деңгейлі кәсіби мамандыққа ие болып, өндірістің жұмысына бейімделеді, ал, төртінші, бесінші курстарда кәсіптік дағдыларын қалыптастырып, өзінің таңдаған саласына қатысты инженер мамандығы бойынша диплом қорғайды. Осы ретте, Көкшетау политехникалық колледжі 2012 жылы сол кездегі облыс әкімі Сергей Дьяченконың өкімімен «Көкшетау жоғары техникалық мектебі» дәрежесіне ие болды. Осылайша ол өңірдің кәсіпорындарымен ынтымақтаса отырып, оң нәтижелерге қол жеткізе бастады. 2014 жылы жоғары техникалық мектепке дуальді оқытудың экспериментті алаңы ретінде екі жақты оқыту мәртебесі берілді. Мәселен, «Машина жасау технологиясы» мамандығы бойынша жұмыс беруші «Тыныс» акционерлік қоғамымен серіктестік байланыс нығайтылды. Бұдан әрі кәсіби теориялық және өндірістік оқытудың екі жақты оқыту жүйесін іске асыру бойынша кәсіпорындар, жоғары техникалық мектеп және білім алушы оқушылар үш жақты келісім-шарт жасасты.  
Бүгінде оқу орнының атауы тағы да өзгеріп отыр. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңдарына сәйкес ағымдағы жылдың 12 ақпанынан бастап, облыс әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен аталмыш оқу орны Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы «Көкшетау жоғары колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына айналды.  
Көкшетау қаласындағы жоғары колледж даярлап жатқан техникалық-кәсіптік білім алушы мамандар бүгінде еңбек нарығында  үлкен  сұранысқа ие.
–2011 жылдан бастап тәжірибе жүзінде біз Қазақстан бойынша бірінші болып төрт мамандық, атап айтқанда, құрылыс саласы, жол құрылысы, автосервис және машина жасау технологияларына арналған қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бойынша кадрлар даярлай бастадық. Осының нәтижесінде өткен оқу жылында 88 оқушы кәсіптік мамандық куәлігі мен кіші инженер дипломын алып шықты. Жыл сайын осы төрт мамандық бойынша жүзге жуық оқушы қабылдаймыз. Қазіргі заманға сай білім алып, теориялық білім мен тәжірибені бірге ұштастыратын түлектеріміз өндірістік кәсіпорындарда жұмыс берушілердің ойынан шығатын қажетті мамандар деп есептеймін. Өткен жылдың өзінде өңір бойынша ірі кәсіпорындар 67 түлекке жұмысқа шақырту жолдамасын жіберді. Бұл эксперимент басталғалы заман талабына сай көп оқу-әдістемелік материалдар, оқу-өндірістік шеберханалар жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталып оқу процесіне оң инновациялық өзгерістер енгізілді, – дейді білім ордасының басшысы Ақнұр Есләмова.
Қолданбалы бакалавриаттың басты ерекшелігі – ол оқушыларды бірінші курстан бастап серіктестік кәсіпорындарда орнатылған жабдықтарда жұмыс істеп, олардың тапсырысы бойынша дайын өнім шығаруға дағдыландыру. Жылдың басынан бастап колледждің оқу-өндірістік шеберханаларында «Тыныс», «Казгидро», «Регион строй» сияқты ірі кәсіпорындардың тапсырысы бойынша 1,5 миллион теңгенің өнімі шығарылған.   Сонымен қатар, оқушылар оқу барысында кәсіптік дағдыларын да қалыптастырады. Жұмыс берушілер өздері де мамандарды даярлауға белсене қатыса алады. Канада, Австралия, Германия, Сингапур мемлекеттерінің тәжірибесінен алынған білім ордасының бұл бағдарламасы халықаралық стандарттарға сай келеді .
Елдің индустриалдық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып, оқу орны техникалық және кәсіптік білім мазмұнын жаңарту барысында «Кәсіпқор» холдингімен тығыз байланыс орнатқан. Оқушылардың жұмыс берушіге қажетті кәсіби біліктіліктерін қалыптастыру мақсатында жоғары колледждің инженерлік-педагогикалық қызметкерлерінің педагогикалық шеберліктерін арттыру қайта қарастырылған. Тәжірибелік сабақтарды жаңа деңгейде өткізу мақсатында 17 арнаулы пәндердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері 5 кәсіпорын базасында іс-тәжірибеден өтті. 42 оқытушы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер, сандық білім ресурстарының авторлары және сарапшылары болып жұмыс істеуде. 23 қызметкер педагогикалық жаңартпалардың халықаралық сертификатының иегерлері, облыстық және республикалық конкурстардың жеңімпаздары. Жоғары колледждің  инженерлік-педагогикалық қызметкерлерінің 74 пайызы халықаралық, республикалық және аймақтық курстардан өтіп, өздерінің біліктіліктерін арттырған.
Жоғары колледжде бүгінде іс-тәжірибеге жете көңіл бөлінеді. Осыны кәсіптік лицейлер мен колледждер де ұстанады емес пе деуге болар еді, бірақ, мұндағы басты ерекшелік, оқу орнында білім алушылар жоғары оқу орындарынан алуға болатын кәсіптік модульдерге негізделген академиялық базаны да игере алады. Оқушылардың таңдаған мамандығына байланысты бағдарлама бойынша қанша қызмет түрі болса, сонша тәжірибелік бағдарлама дайындалады екен. Әр бағдарлама кәсіптік модульді меңгерумен бекітіледі.
Ақмола облысының техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының директорлар кеңесінің төрайымы, экономика және бизнес магистрі  Ақнұр Есләмова 2010 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Көкшетау жоғары колледжінде директор болып қызмет етуде. Оның жетекшілігімен 2011 жылы «Машина жасау технологиясы», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен жайларды салу және пайдалану», «Әуежайлар мен автокөлік жолдарын салу және пайдалану» мамандықтары бойынша эксперименталды шоғырландырылған оқу жоспарлары, қолданбалы бакалавриат бойынша кіші мамандарды даярлау жөнінде оқу орнының инновациялық моделінің пилоттық жобасы іске асырылды. Оқу үрдісіне түрлі кредиттік, модульдік, дуальді, қашықтықтан оқыту технологиялары енгізілді, сондай-ақ, электронды оқуды енгізумен, сандық білім ресурстарын өңдеу, халықаралық жобаларды игеру  жүзеге
асырылып келеді.
2015 жылдың маусым айында Көкшетау жоғары техникалық мектебі әлемдік заманауи өндірістің талаптарына сәйкес келетін, білікті мамандар даярлауға мүмкіндік беретін HAAS фирмасының сандық бағдарламалық басқаруына сүйене отырып, өз ғылыми-өндірістік орталығын ашты.  Бұл – Қазақстандағы осы саладағы жалғыз орталық. Мұны  білікті басшының  жемісті еңбегінің нәтижесі деуіміз керек.  
Ақнұр Есләмова 2011-2012 жылдары  ASTANA MINING & METALLURGY II Халықаралық тау-металлургия конгресіне, 2011 жылы Мәскеуде өткен оқу орындары басшыларының VII Жалпыресейлік форумына, 2012 жылы Измирде өткен халықаралық семинарға, 2013 жылы Беларусь Республикасының астанасы  Минск қаласында өткен және көптеген республикалық, халықаралық форумдар мен конференцияларға қатысқан. Білім саласында сіңірген еңбегі үшін  Қазақстан Республикасының «Білім беру саласының үздігі» және Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілермен марапатталған.
Қала тарихымен тығыз байланысты осы бір оқу орнынан түлеп ұшқан түлектер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қоғам өміріне белсене араласып, әлеуметтік-экономикалық салада жемісті еңбек атқарып жүр. Бұл ретте, «Көкшетау қаласының автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Г.Шұғайыповты, «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ-ның директоры С.Кистинді, «Көкшетау автокөлік жолдары» ЖШС директоры В.Люлевичті, облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Е.Оспановты атап өтуге болады.  
Енді осы оқу орнының құрылу тарихына аздап көз жүгіртіп өтсек. Сонау ХХ ғасырдың 50-60 жылдары елдің өндірістік жаңғыруы кезеңінде бұрынғы Көкшетау қаласының кәсіпорындарында да орта арнаулы білімі бар сауатты мамандарға тапшылық сезілген еді. Сол кезде облыстағы машина жасау техникумы жұмысшы мамандарын даярлайтын бірден-бір жалғыз оқу орны болыпты. Оның өзі Көкшетаудың тыныс аппаратураларын шығаратын зауыт мамандарын даярлау үшін ашылған екен. 1973 жылы техникумда құрылыс бөлімі ашылып, оған 2 топ оқуға қабылданыпты. Техникум оқушылары Волгоград зауытында дипломалды тәжірибеден өтіп, Арықбалық зауытында 600 орындық жатақхана мен зертханалық корпустың салынуына өз үлестерін қосқан. Оқу орны сондай-ақ, кәсіби-техникалық мектептер мен лицейлердің өндірістік оқыту шебері, ағаш шебері, қалаушы-монтаждаушы мамандарын даярлай бастайды. 1989 жылы Көкшетау автомеханикалық техникумымен Көкшетау индустриалды-педагогикалық техникумы біріктіріледі. 1993 жылдың 2 тамызында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бұл техникумдар таратылып, олардың орнына Көкшетау политехникалық техникумы өмірге келеді. 1996 жылы бұл оқу орны колледж болып өзгертіледі.
Осы жылдар аралығында мұнда қаншама ұстаз қызмет етіп, алдына келген оқушыға бар білгенін үйретіп, еңбекке баулудың арқасында  қоғамымыз қаншама еңбек адамдарымен толықты десеңізші. Сол ұстаздар қатарында Александр Кранин, Төлеген Дәуленов, Халима Қожабаева, Елена Чмелевская сияқты өз ісінің шын майталмандары  бар.
Көкшетау қаласындағы жоғары колледж бүгінде елуден астам кәсіпорындармен серіктесіп жұмыс істейді. Олардың ішінде ең ірі әлеуметтік серіктестерінің қатарында «Қазақстан-Инжиниринг» Ұлттық компаниясы, «Тыныс» акционерлік қоғамы, «Көкшетау автокөлік жолдары» ЖШС, «Қамқор Автосервис» ЖШС, тағы басқалары  бар. Сонымен бірге, «ENKI» ЖШС мемлекеттік бағдарлама бойынша «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларды өндіру» және «Механикалық өңдеу, бақылау-өлшеу құрылғылары және автоматика» мамандықтарына мамандар даярлауға тапсырыс берген. 2014-2015 оқу жылында «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларды өндіру» мамандығының  3-4 курс оқушылары осы кәсіпорында технологиялық-өндірістік тәжірибеден де өтті.
2011 жылы Көкшетау жоғары техникалық мектебі мен «Көкшетау жолдары» ЖШС Қазақстан Республикасы Білім мен ғылым министрлігінде эксперименталды интеграцияланған оқыту жоспарына сәйкес қолданбалы бакалавриаттың төрт мамандығы бойынша, соның ішінде «Әуежайлар мен автокөлік жолдарын салу және пайдалану» саласының бірлесіп жасаған бағдарламаларын  қорғады. Жоғарыда атап өткен бұл мамандықтар бойынша  сынақ 2011-2016 жылдар аралығында өткізіледі деп жоспарланған болатын. Бұл аралықта кәсіптік білім беру бағдарламаларының жаңа түрлерін әзірлеу және енгізу көзделген. Осы ретте, қазіргі заманғы өндірістік технологияларды дамытуға бағытталған жұмыстарды ұйымдастырудың жаңа нысандары мен әдістері және инновациялық экономикалық даму қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ету басты мақсат саналады.  Ол бүгінде өзінің нәтижесін беріп те отыр. Жоғары колледж түлектерінің көбі «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналасқан. Мұнда олар жемісті еңбек етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Мысалы, осы оқу орнының түлегі Р.Аболенский бас инженер, басқалары бөлім басшысы немесе шеберлер болып жұмыс істейді.  2010-2015 жылдар аралығында «Көкшетау жолдары» кәсіпорны жоғары колледж түлектерінің 80 пайызын жұмысқа алған.
Сол сияқты,  «Полимер өндірісінің технологиясы» мамандығы бойынша пластмасса бұйымдарын өндіру үшін бұл білім ордасымен «НовоПЭК»  ЖШС-де мамандар даярлау мақсатында шарт жасасқан. Сондай-ақ, «Алтынтау-Көкшетау» серіктестігі де осы кәсіпорындар қатарында.
2015 жылы Ұлттық бизнес-рейтинг Одағының Қазақстан Республикасындағы кәсіпорындар іс-әрекетінің жалпы мемлекеттік қаржы-экономикалық сараптамасын қорытындылау бойынша ұйымдастырған конкурсында Көкшетау қаласының жоғары колледжі үздік деп танылып, алтын рейтингіге ие болды. Соған орай, білім ордасына «Сала көшбасшысы» мәртебесі беріліп, «Алтын рейтингі» медалімен марапатталды. Бүгінде оқу орнында 1775 оқушы білім алуда, оның 656-сы мемлекеттік тілде оқиды. Ең алғашқы қазақ тобы еліміз өз тәуелсіздігін алған жылы ашылыпты.
Биылғы жаңа оқу жылында облыс әкімі Сергей Кулагин оқу орнына қосымша оқу ғимараты мен 180 орындық оқушылар жатақханасын бөліпті.
Қазіргі күні Көкшетау жоғары колледжі жұмысшы мамандарды даярлаудан еліміздегі 10 алдыңғы қатарлы колледждердің тізіміне еніп, Ұлт жоспарының 77-ші қадамын  іске  асыру мақсатында аянбай жұмыс істеп келеді.  

Суреттерде: оқу орнында сан алуан мамандықтарды игеріп жатқан жастар; колледж директоры Ақнұр Есләмова; автокөліктерге болашақ техникалық қызмет көрсетуші Сұлтан Жолдыбаев; оқушылардың жиһаз өндірісі мамандығы бойынша тәжірибеден өту сәті.

Ырысалды ШАМШИНВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар