Көктен иіп, жерден берсін

Санаулы күндерден соң диқандар үшін көктемгі дала жұмыстары басталады. Сондықтан, бүгінгі күні облысымызда бұл науқанды сапалы әрі уақытылы өткізу сала мамандары алдында тұрған басты мәселе болып табылады. 

Аграрлы облыс болғандықтан, жыл он екі айды шаруа қамымен өткізетін диқан қауымы үшін көктемнің әр күні қымбат. Себебі, қар еріп, тоң жібісімен дала жұмыстары қызады. Қырда трактор гүрілдеп, ылғалы мол алқапқа дән себіліп, болашақ бітік астықтың алғышарты жасалады.
Жыл сайын облыс әкімінің қатысуымен өтетін агрокеңесте шаруалар кейбір түйткілді мәселелерді ортаға салып, кедергі-қиындықтарды шешудің оңтайлы жолдарын қарастырады. Бұл әрине, диқандарға науқанға кіріспес бұрын алдағы межелі жұмыстарды бір пысықтап алуға мүмкіндік береді.
Мәселен, Ақкөл ауданының диқандары аудан бойынша 147,5 мың гектар алқапқа дән сіңіруді межелеп отыр. Оның ішінде 123,7 мың гектар жерге дәнді және бұршақты дақылдар, 9,3 мың гектарға майлы дақылдар, 1,5 мың гектарға картоп және 284 гектарға көкөніс отырғызу жоспарланған.
Сонымен қатар, жемшөп дақылдарын да себу көзделген. Оның аумағы 12,7 мың гектарды құрайды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Аудан бойынша көктемгі егіс науқанына
18 мың тонна тұқым қажет. Дәл бүгінгі күні тұқым қоры 100 пайыз дайын. Техникалардың да науқан кезінде сақадай сай болуына ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай жүргізу мақсатында аудандағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының кепіл болуымен тұқым сатып алу үшін 158,5 миллион теңге көлемінде несие қаржысы бөлінді. Оны алуға алты серіктестік пен 18 шаруа қожалығынан өтініш түскен.
Әсіресе, көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып қалуға тырысып жүрген ауданымыздағы «Хлебороб», «Еңбек» және «Новорыбинка және К» сияқты шаруашылықтардың жұмысы көңіл сүйсінтеді. Сондықтан, биылғы науқанды ойдағыдай жүргізетінімізге сенім мол.
Гүлжан КЕНЖИНА,
Ақкөл аудандық ауыл шаруашылығы  бөлімі басшы-сының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар