«Кәмилә» – Әлкеннің әні

Ел арасында кеңінен танымал, халық әні аталып кеткен «Кәмилә» әнінің Атбасар өңірінде шыққанын екінің бірі біле бермейді. 2000 жылдың маусымында облыстық «Арқа ажары» газетіне марқұм, белгілі жазушы Естай Мырзахметовтың «Әннің аты Кәмилә» деген мақаласы шыққан еді. Мақалада Естай аға Кәмилә мен Әлкеннің тағдыры туралы айтып, олардың соңынан ерген  ұрпақтары бар ма екен  деген сауал тастайды.

 

Сол жылдары мен аудандық мәдениет үйінде қызмет істеп жүрген едім. Домбырамен «Кәмилә» әнін концерттік кештерде жиі орындайтынмын. Бір күні Кәмилә әнін айтып отыр едім, әнші апамыз Майра Шаяхметқызы қасыма келіп, «Осы әннің шығу тарихын білесің бе?» дегені бар. Майра апамыздың айтуы бойынша жазған «Кәмилә» халық әні емес» деген мақалам 2000 жылдың қазан айында «Арқа ажары» газетінде жарияланды.
Кезінде атбасарлық жерлесіміз, балалар жазушысы Сейітжан Омаров Алматыда көшеде келе жатып, радиодан әнші Жамал Омарованың «Кәмилә» әнін халық әні деп орындағанын естігенде қатты іренжіпті. Әлкен мен Сейітжан, ақын Жұмағали Саин замандас, аралас-құралас бірге жүрген азаматтар екен. Әннің шығу тарихын білетін Сейітжан Омаров «Кәмилә» әнінің Әлкеннің әні екенін талай рет айтқан. Дегенмен, бұл пікір әлі күнге дейін халық санасына сіңбей келеді.
Ал, енді «Кәмилә» әні туралы әңгімемізді әріден бастайық. Әнді шығарған Әлкен Байпақов 1907 жылы Атбасар өңіріне қарасты Қосбармақ еліндегі Қайрақты деген жерде дүниеге келген. Тумысынан алғыр, зерек Әлкен мектепте оқып, арнайы білім алмаса да, орыс тіліне жетік, төте жазуға сауатты болыпты. Атбасар қаласында мектепте ұстаз болып, шәкірт тәрбиелейді. Одан кейін ішкі істер саласында тергеушілік қызмет атқарады. Әлкеннің туған қарындасы Жібек әжемізбен көзі тірісінде осыдан алты жыл бұрын әңгімелескен едім. Жасы сексеннің алтауына келсе де әжеміз тың көрінді. Ол «Кәмилә» әнінің қалай шыққандығы жөнінде өткен күндерден сыр шерткен еді.
– Бала күнімдегі көргендерім әлі есімде. Әлкен ағам тергеуші болып қызмет атқарып жүргенде Назымбек Теңбаев, Нұрғали Есілбаев, Кәкім Жанатаев (милиция бастығы) деген жолдастарымен, асынған мылтықтары бар, үйге келетін. Сол қызмет бабымен жүргенде Кәмиләні кездестірген болса керек. Кәмиләнің шын есімі Қалима, неге екенін білмеймін, ән «Кәмилә» аталып кеткен. Атбасар аймағында руы қозған ішінде сәрке, сәдібек Сарымбай есімді ауқатты, дәулеті шалқыған бай адам болған. Соның үкілеп әлпештеп отырған қызы Қалимаға Әлкен ағам ғашық болып қалады. Өзі қызметкер, әрі мұғалім Әлкенді Сарымбай қу тақыр кедей деп менсінбей, қызын бергісі келмейді. Қызға есі кете ғашық болған Әлкен қасына қарулы жігіттерді ертіп барып, Кәмиләнің әке-шешесін байлап тастайды. Сөйтіп, қызды алып қашады. Артынан қуғыншылар шығып, ішінде Кәмиләнің Әлима деген әжесі бар,  өзі бірбеткей, қисық мінезді адуынды кемпір қызды қайтадан алып кетеді. Осындай алып қашу оқиғасы бірнеше рет қайталанады. Бірақ, Кәмиланың төркіндері екі жастың ортасына түсіп, қосылуларына кедергі болды, – деді Жібек әжеміз жас күніндегі көргендерін есіне алып.
Міне, осындай қым-қиғаш оқиғалардың ортасында қалған Әлкен ішкі зарын, ғашықтық сезімін өлең күйінде, ән жүзінде жеткізген. Екі жасқа мал керек емес, ол қыздың әке-шешесіне керек болған ғой.
Малдың жоғын салып едім алдыңа,
Тілегім сол кездескейсің малдыға.
Топ ішінде мұнша жерге қаратып,
Әлде менен көңілің суып қалды ма? –
деген Әлкеннің өлең жолдарына қарап, қандай күйге түскенін байқайсың. Ақырында Кәмилә Тайпақ деген жерге бір малдыға ұзатылып кете барады. Ол жаққа барған соң қатты науқастанып ауырып, үйдегі көрінген нәрсені құшақтап «Әлкен! Әлкен!» деп жылап аласұрады. Қыздың дертке шалдыққанын көрген қайын жұрты басы аман тұрғанында қайтадан төркініне апарып тастайды. Міне, осы тұста 1927 жылы байларды кәмпескелеу басталады. Кәмиләнің әкесі Сарымбай кәмпескеге ілініп кете барады. Сүйген қызының қайтып келгенін естіген Әлкен іздеп барып, аңсаған арманына жетеді. Қос ғашық үйленіп, шаңырақ көтеріп, отау тігеді.
– Ол кезде қазіргі мұсылман дәмханасының орнында әйелдер босандыратын емхана болған, біз соған қарсы беттегі екі қабатты ағаш үйде тұрдық. Кәмилә жеңгем ақсары өңді белі қылдай бәденді жан еді. Бес жасар кезім. Олар мені жандарынан қалдырмай, үнемі ертіп жүретін. Өзім де олардан қалмайтынмын. Алаштың ардақтысы  Зарап Темірбеков («Еңбекші қазақ»,  қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім бастығы, Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы, Қарағанды облысының «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары, Қарағанды облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған)  Атбасар аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болды. Шәріпжамал деген әйелі бар еді. Қудалау кезінде өзін де, әйелін де «халық жауы» деп көзін құртты ғой. Ол кісілерді білетінім, Әлкен ағаммен еріп бірнеше рет үйінде қонақта болдым.
Арамызда жүрген көре алмаушылар мен іші тарлар ағама байдың қызын алдың деп жала жапты. Әлкен ағамызбен бірге әкемізді, немере інілері Айтбай Кенжеғұлов, Шайқы Нұрғалиевті қоса қамауға алды. Соңынан абақтыдан босатылып, ақталды. Кәмпескелеуден кейін халқымызды зар илетіп, қан қақсатқан ашаршылық басталды. Жұрт жанымен қайғы болған заман туды. Үлкен апам Күміс Байқоңырда мектепте ұстаз болатын. Ашаршылық дегеніңіз сұмдық болды. Біз, әке-шешем бар, барлығымыз аштан өліп қалмас үшін Байқоңырға қарай жылыстадық. Әлкен ағам сонда барып, мектепте ұстаз болды. Ол жақта да аштық екен. Шыбындай қырылып жатқан адамдар. Содан бас сауғалап, Меркеге қоныс аудардық. Күміс апам өзбек мектебінде директор болса, Әлкен ағам қазақ мектебінде қызметін жалғастырды. Не керек, аштықтан жанымыз аман қалды ғой, әйтеуір, – дейді Жібек әже әңгімесін жалғастырып.
1936 жылы Әлкен мен Кәмилә ұлды болып, есімін Тельман қояды. Жас нәресте бір жасқа толғанда Әлкен 1937 жылы әке-шешесі мен қарындасы Жібекті Луговой кентінен пойызға мінгізіп, елге шығарып салады. Өздері сол жақта тұрақтап қалып қояды. Туған жері, ата қонысы Қосбармақ ауылына қайтып келген соң Жібек әжеміз Атбасар қаласында мектепте оқуын жалғастырады.
– Есімі елге танымал Ақтан  Төлебаев (Қаз ССР орман шаруашылығы комитетінің төрағасы), Клара Әмірқызы (белгілі өлкетанушы), Мұхамеджан Бәйкенов, Базыл Қуатбеков сияқты азаматтармен  бір мектепте оқыдық. Ақтан жетім өскен бала еді. Ол менен кейінгі партада отырды. Мұхамеджан Бәйкенов кластасым болса, Клара Әмірқызы қатарлас «б» класында оқыды. Шойын жол әлі Атбасарға жете қоймаған. 1939 жылы 25 қазан күні мектепте бірге оқыған бір топ жігіттерді әскерге шығарып салдық. Олар Ақан Құрманов (Кеңес Одағының Батыры), Мұхамеджан Бәйкенов, Базыл Қуатбеков, Әміржан Нүгербеков, Баукен Омаров, Аманжол Мұхамеджанов, Оразбек Шалтаев, тағы басқалары болатын.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Ол кезде мен он жеті жаста едім. Меркедегі апам Күмістен хат-хабар алып тұратынбыз.  1942 жылы Әлкен ағам да майданға аттанады. Кәмилә  кішкентай Телжанды (Тельман) алып Алматы жақта тұратын туыстарына кетті дегенді естідік. Содан кейін біздің арамыздағы байланыс үзілді. Арада 60 жыл  өткенде ғана 1996 жылы Тельман бауырыммен қайта қауыштық. Ол кездесуіміз былай болған еді. 1995 жылы Атбасар жөндеу зауытына Талдықорған облысы Жаркент өңірінен жұмысшылар келді. Заманбек Дүйсенбаев деген інім «Тельман деген ағамыз бар еді. Жаркент жақта тұратын, сіздер білесіздер ме?» деп сұрастырмай ма. Олар «білеміз, біздің ауылда тұрады» дейді. Сөйтіп, ойламаған жерден жоғалтқан бауырымды тауып, қуанышқа бөлендік те қалдық, – деп Жібек әжеміз әңгімесін бір сабақтап алды.
Майданға кеткен Әлкен сол кеткеннен хабарсыз кетіп, оралмайды. Ал, Кәмилә  1974 жылы қайтыс болады. Өле өлгенше «Әй, аштықтан, қуғын-сүргіннен Жібек тірі қалған шығар» деп айтып отырады екен. «Кәмилә» әнін бала кезімізде  Жамал Омарова мен Рабиға Есімжанованың орындауында радиодан талай  тыңдап өстік. Халық әні деп айтылатын. Әнді шығарған Әлкеннің де, әнге арқау болған Кәмиләнің  де өмір жолы, тағдыры бізге бүгінгі күні ғана белгілі болып отыр. «Кәмилә» әнінің айтылып жүрген қазіргі нұсқасы мынадай.
Өзіңе аян менің саған құмарым,
Табылды-ау, деп жүруші едім сыңарым.
Шынымды айтсам жаным сәулем, Кәмилә-ай,
Қиын болар тірлік етіп тұрарым.

Мен қайтейін қиғаш қара қасыңды,
Әурелікке салдың менің басымды.
Тастап кетсең жаным сәулем, Кәмилә-ай,
Мойныңа артам көзден аққан жасымды.

Өкпелі жан жұбанар ма күрсінсе,
Әлі күнге көз алдымда тұрсың сен.
Қарай берем ауылыңа, Кәмилә-ай,
Қай жерлерде кіммен бірге жүрсің сен? –
деп келеді ән жолдары. Әннің шумақтары ұзақ терме түрінде жазылған. Сөздеріне ден қойып тыңдасаң, жас жігіттің қызға деген ыстық сезімі, ғашықтықтың отына өртенген жайы анық байқалады.
– 1955 жылдары әкем мен шешем  Талдықорған жаққа барып,  Кәмиләні іздестірген болатын. Жаркент кенті Қытай шекарасына жақын болғандықтан, рұқсат қағаздары болмай, ол жаққа өткізбейді. Сол себептен, ата-анам Кәмилә жеңгемді жүздестіре алмаған. Сонау 90-шы жылдардың тұсында жазушы Сәбит Досанов  Қосбармаққа келіп, Әлкен мен Кәмиләнің тағдырын жазбақ болып еді. Бірақ, өтпелі кезең басталып, ел жұрт өз жанымен қайғы болып кетті. Содан бері жабулы қазан жабулы күйінде қалуда. «Мынау Қосбармақ ауылы Ақандай батыр туған, «Кәмиләдай» ән дүниеге келген киелі, қасиетті жер екен» деп Сәбит Досанов таңданысын жасыра алмай, қайран қалған болатын.  Қосбармақ ауылының қазіргі келбетіне  қарасам көңілім құлазиды. Батырдың ескерткіші жұртта қала ма деген қорқыныш бар. Ауыл бұрынғыдай емес, тозды. Атбасар шаһарына 165 жыл  толса, соның 86 жылын бірге жасасқан жанмын. Осындай құлдырауды көргенде, түн ұйқымды төрт бөліп, дөңбекшіп жата алмаймын. Шырағым, шындықты көпті көрген біз айтпағанда, кім айтады? – деп Жібек әжеміз ауыр күрсініп алды.
Содан бері де алты жылдың жүзі өтіпті. Жібек Әбдуәлиқызы бүгінде ортамызда жоқ.  Ал, Әлкен мен Кәмиләнің соңынан ерген жалғыз тұяғы Тельман ақсақал сексенге қараған шағында былтыр қайтыс болды. Ол кісінің балалары мен немерелері Жаркент өңірінде тұрады.
– Қосбармақ ауылы бір кезде мал мен егін шаруашылығы бірдей өркендеген, дүрілдеген елді мекен болатын. Екі жүз елу түтіні бар бөлімше еді. Орта мектебінде екі жүзге жуық балалар оқып, білім алды. Ақан батырдың ауылы болғандықтан, көп көңіл бөлінетін. Алғашқы қазақ мектебі 1986 жылы осы Қосбармақ ауылында ашылды. Өзім сол орта мектепте аспазшы болып еңбек еттім. Қазір ауылда ауыз су жоқ, жол қатынасы нашар. Суды тасымалдап жеткізеді. Туған жерін қимай отырған отыз шақты отбасы ғана қалды, –деп Жібек әжеміздің қызы Зайра Қайырбекқызы ауылдың қазіргі жағдайын сөз қылды.  
Иә, «Ән – халық өмірінің айнасы», – деп текке айтылмаған ғой. Тамаша әнді тыңдасаң құлақ құрышың қанады, жүректі тебірентеді. Ел арасында айтылып жүрген әндердің ғұмыры ұзақ болады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп Абай атамыз айтқандай, соңында өміршең ән қалдырған Әлкен мен Кәмиләнің арманы бар ма десеңізші. Қос ғашық ән болып халқымен бірге жасай береді!..

  Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.  

Атбасар қаласы.

Суретте: екі шетте отырған Әлкен мен Кәмилә, орталарында анасы мен қарындасы Жібек.  
Сурет 1930 жылы Атбасар қаласында түсірілген.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар